Мәдениет

Ұлы дала мұрасы

«Бозоқ» тарихи-мәдени музей қорығының ұйымдастыруымен Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Ұлы дала мұрасы» атты ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.

Жиында Жошы ұлысының Қазақ хандығын құрудағы тарихи сабақтастығы, халықаралық туризмді дамыту үшін еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтау және насихаттау мәселелері талқыланды.
Семинардың ашылуында сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері жөніндегі департаментінің директоры Күміс Сейітова Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуге ерекше маңыз беріліп отырғандығын жеткізіп, бұл басқосу – сол ауқымды шараның басы деп есептеймін деді.
«Бозоқ» тарихи-мәдени музей қорығының директоры Сәуле Бурбаева да Алтын Орда туралы салмақты ой қозғады.
– Шын мәнінде, Қазақ жұрты – Алтын Орданың тікелей мұрагері саналады. Алтын Орда немесе Жошы ұлысы Еуразия аймағында өмір сүрген қуатты мемлекет болды. Осы аймақта орналасқан елдер Жошы ұлысының әсерін бастан өткерді. Алтын Орда түрлі халықтардың мәдениетін біріктіріп, оны жоғары деңгейге жеткізді. Қазанда Алтын Орданың 750 жылдығына арналған халықаралық форум өтті. Көрші қырғыз елінің астанасы Бішкекте көрме ашылды. Биылғы мамырда Парижде Түркі академиясы ЮНЕСКО-мен бірлесіп, форум өткізді. Бізде де бұл айтулы күн –Қазақстан ­Президентінің тапсырмасымен мемлекеттік деңгейде атап өтіледі, – дей келіп, елорданың іргесіндегі «Бозақ» шаһарының тарихы мен жоспары жайында айтып өтті. «Бозақ» қаласының іргелес аумағына тарихи-мәдени парк салынады. Онда ғылыми және шығармашылық жобаларды жүзеге асыратын алаң болады. Сондай-ақ көне шаһар – инновациялық жоба ретінде елдің туристік картасындағы мәдени орталыққа айналады» деді ол.
Ал Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Көпжасар Меңдігереев Ресейдің Астрахан облысында Алтын Ордаға арналған музей бар екендігін айтты.
«Мен оны осыдан 20 жыл бұрын көргем. Астрахан облысы Қарабайлы ауданында Алтын Орданың билеушісі Бату хан Алаш Ордасын тіккен жерге – аспан астындағы музей жасап қойған. Мұражайдың композияциясы ерекше көз тартады. Ханның сарайы, күтушілерге арналған орын, монша, ат байлайтын керме – қысқасы, сол дәуірдегі көріністі көз алдыңызға әкеледі. Орта ғасырдағы жәдігерлерге де бай» дейді ғалым.
Сонымен қатар семинарда республиканың әр өңірінен келген ғалымдар өз баяндамаларында Алтын Орда мен Жошы ұлысы туралы тарихи деректерге тоқталды. Кейбір тарихшылар біз де орта ғасыр тарихын зерттейтін мамандар тапшы екендігін айтып, соған жастарды баулу керек деді.

Берік ШӘМШІКЕНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button