Басты ақпаратЖолдау

Ұлттық құндылықтарды ұлықтайық

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың Жолдауында қазіргі кезде үкімет қоғаммен диалог болған жерде ғана мемлекеттің тұрақтылығы сақталып, өркендейтіні жайлы айтылды. Елдегі қоғамдық-саяси өмірді жаңғыртпай, экономикалық реформалардың табысты болмайтындығын жеткізді.

Жолдауда Президент айтқан «Құлақ асатын мемлекет» сөзі – билік пен барлық мемлекеттік органдардың, шенділердің басты ұстанымы болуы тиіс!
Мемлекеттік қызметкерлердің бас­ты қағидасы – халыққа қыз­мет ету, халықтың арасына шығып, халықтың тілінде сөйлеп, халық­тың игілігіне жұмыс жасап, мұң-­мұқтажына құлақ асуы керек. Мем­лекеттік органға жүгінген кез келген адам қызметтің түрін сергелдеңсіз, сапалы, дер уақытында алуына жағдай жасалуы керек. Иә, халықтың арасында да әр түрлі адамдар болады. Солардың барлығымен тіл табыса білу оңай емес. Дегенмен де, оларды ашындырып алмай, жылы сөйлеп, құлақ асу керек. Өзі ашуланып, күйзеліп келген адамға бас салып қатты айтып кетсе, онсыз да лау еткелі түскен құрғақ шөмелеге шырпы тас­тағандай боласыз. Қазақта «Жылы-жылы сөйлесең, жылан да інінен шығады» дейді емес пе?
Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу, халықпен кері байланыс, диалог жасай білу – қазіргі шенділердің парызы. Сонда әкімшілік те, мемлекеттік қызметкерлер де халыққа жақын болады.
«Ұлық болсаң, кішік бол» демеу­ші ме еді халқымыз. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнағанда ғана мемлекеттік тұрақтылығы мыз­ғымас болады. Бір сөзбен айтсам, қазіргі кез халықтың алдына шығуға қорық­пайтын, халық­тың айт­қанына құлақ асатын, халықтың тілінде сөйлесе алатын, халыққа жақын шенділер­дің уақыты келді!
Президент Жолдауындағы қазақ ұлтының мемлекет құраушы ретіндегі рөлінің бекемдеуі, ана тіліміздің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп айтқан сөзі жайлы өз пікірімді айта кеткім келеді. Президент айтуын айтты деп, сол кезеңді күтіп отыра бермей, осы айтылған жақсы нәрсе әр қазақ атсалысуы керек, әркім өзінен бастауы керек деп ойлаймын. Әр қазақ бір-бірімен қазақша сөйлеуден бастасын. Қазақта «Өз өзіңді жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» дейді. Ендеше, өзімізді сыйлауды тілімізді сыйлаудан басталық. Тіл мәселесін тағы да сан жылдарға сөреге қойып қоймай, тілге деген қажеттілікті бүгін тудыруымыз керек!
Жолдауда Отбасы және бала инс­титутын қолдау мәселесі сөз болады. Әр отбасы – мемлекеттің бір бөлшегі. Отбасындағы келеңсіздіктер мемлекетке де әсер етеді. Сондықтан қазіргі қоғамда белең алған жасөспірімдер арасындағы суицид, зорлық-зомбылық, жастар арасындағы ажырасу, рухани азғындаудың күн өткен сайын көбейіп отырғаны баршаға аян. Мысалы, соңғы алты айлық көрсеткіш бойынша жасөспірімдер арасындағы қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық 2018 жылдың алты айлық көрсеткішімен салыстырғанда 0,8 пайызға өскен.
Халықаралық денсаулық сақтау Ұйымының мәліметіне сәйкес, Қазақ­стандағы жас­өс­пірімдер арасындағы суицид көрсеткіші әлем бойынша үшінші орында, Азия елдері арасында жетекші орында тұр.
ҚР Ұлттық экономика Министрлігі жанындағы статистика Комитетінің мәліметіне сүйенсек, соңғы он жылда отау тіккен 1,5 миллион жұптың үштен бір бөлігі ажырасып кеткен. Толық емес отбасыларда тәрбиеленетін балалар, жалғызбас­ты ашынған аналар, алиментін төлемейтін көкек әкелер, бүгінгі таңда қоғамда орын алып отырған келеңсіздіктің себебі болып отыр.
Бүгінгі күні көрсетілген мәселелердің себебімен күрес­песек, ел ертеңінің бұлыңғыр екенін айтпаса да болады. Мұндай жағдайдың бірден бір себебі – білім мен тәрбиенің сапасыздығы, ұлттық құн­ды­лықтарымыз­дың қоғам­дағы құнсыздануы екені даусыз. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп Әл Фараби бабамыз айтқандай, білім беруде тәрбиеге, оның ішінде ұлттық құндылықтарға негізделген білімге басымды­лық беру керек. Бүгінгі таңда қоғамда орын алып жатқан көптеген келеңсіздіктердің түп-тамырында осы тәрбиенің кем­шіндігі жатыр. Не істеу керек деп, «велосипед» ойлап табудың еш қажеті жоқ. Мемлекеттік білім саласына, қоғамға болсын енгізетін ұлттық құндылықтарға негізделген тұжырымдама жасалса, халықтың қанында, түп-тамырында бар, ізгі қасиеттері оянады деп ойлаймын. Осы бағытта ұлт болашағына немқұрайлы қарамайтын ел ағалары, қоғам белсенділері болып қолдаған, біздің «Қара шаңырақ» жобамызды қоғамның түрлі салаларына дендеп кіргізу механизмі қолдау тапса екен дейміз.
«Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе» деген екен заңғар жазу­шымыз Мұхтар Әуезов, ендеше бесігіміз дұрыс тербеліп, ұлымыз намысты, қызымыз арлы, ұятты, қылықты болсын десек, халқымыздың ұлы құндылықтарына негізделген тәлім-тәрбиесіне берік болып, дәріптейік!
Президенттің Жолдауда айт­қан тапсырмаларына жергілікті жерлердегі әр мемлекеттік мекеме қызметкерлері, әр шенді жауапты болып, шын мәнінде жүзеге асыруына атсалысуы тиіс! Бұл тұрғыда, олар халыққа адал қызмет ету керек деген ұстанымнан жаңылмауы тиіс, сонда ғана халықтың билікке деген биік сеніміне ие бола алуы мүмкін.

Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ,
«Қара шаңырақ» жобасының авторы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button