Саясат

Ұлықтау рәсімі 12 маусымда өтеді

ҚР Президенті кеше Ақордада журналистермен жүздесіп, сайлаудың жоғары деңгейде, ашық және әділ өткенін мәлімдеді. Ол сайлау қорытындылары жария болғанда асқан сабырлық танытқанын жеткізді. «Бұл сайлау­ға 1000-нан аса халықаралық бақылаушы, 350-ге жуық журналист бақылау жасады. Оның әділ болғанын барлық үміткерлерге тең дәрежеде мүмкіндік берілгенінен көреміз. Өзінің дауысын беріп, мені қолдаған барша қазақстандықтарға алғыс айтамын! Өзіме берілген халықтың сенімін алдағы 5 жылда толық ақтауға уәде етемін» деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы журналистердің өзіне қойған алуан түрлі сауалдарына сабырмен, толыққанды жауап берді. Сайлау күні елордада және Алматыда өткен қарсылық акция­лары «кейбір азаматтардың өміріне қауіп төндіргенін» жеткізді. «Алматы мен елордада бірқатар азаматтар өзінің көзқарасын білдіру үшін көшеге шықты. Заң тұрғысынан алсақ, Бас прокуратураның ескертулеріне қарамастан, бұл әрекет заңсыз деп табылуы мүмкін. Елімізде әр адамның өзінің ойын, көзқарасын ерікті түрде білдіруге мүмкіндік берілген. Алайда кейбір азаматтар өздерін лайықсыз жағынан көрсетіп, полиция қыз­меткерлерін арандатты. Өкінішке қарай, олар сырттан келген ақпаратты пайдаланып, заңсыз әрекеттерге барды. Сол арқылы өзге азаматтардың қауіпсіздігіне нұқсан келтірді» деп түсіндірді. Президент құқық қорғау органдарының асқан сабырлылық танытқанын, алда да солай болатынын қадап айтты.
Қасым-Жомарт Кемелұлы қарсылық көңіл күйдегі адамдармен диалог орнату ойы барын жеткізді. Бұл қадам қоғамдық сенім комитеті атты жаңа құрылымның көмегімен жүзеге асырылмақ. «Әрине, қоғамда алуан түрлі пікір болуы тиіс, бірақ біздің бір ғана ұлтымыз бар» деп түйіндеді.
Сонымен қатар, тілшілер Үкіметтің отставкасы, Парламенттің жаңа сайлауы жөнінде де сұрақтарын жаудырды. Алғашқы сауалға Қ.Тоқаев: «Ел Үкіметі отставкаға кетпейді, бірақ бірқатар ауыс-түйістер жасаймыз. Билікке жаңа адамдарды, соның ішінде жастар өкілдерін тартамыз. Бізге білікті мамандар керек» деді. Парламент сайлауына қатысты сауалға: «Бұл сұраққа жауап беруге дайын емеспін. Ондай сайлауға әлі ертерек» деп қысқа қайырды.
Мемлекет басшысы Президенттің ұлықтау рәсімі 2019 жылдың 12 маусымында өтетінін хабарлады. «Егер осы кезге дейін Орталық сайлау комиссиясы барлық заңға сәйкес рәсімдерді атқарып үлгеретін болса, 12 мау­сымда өткіземіз. 13-14 маусым күндері мен халықаралық саммиттерге барамын. Сол кезде толыққанды Қазақстан Республикасының Президенті болып отырғаным дұрыс шығар» деп әзілдеді Президент.
Ол сондай-ақ алдағы уақытта жұмысты неден бастайтынын, қандай нәрселерге ең алдымен көңіл бөлетінін әңгімелеп берді. Қазіргі кезде ұзын-сонар сөздің емес, нақты іске көшетін кезең екенін шегелеп айтты. «Бізге нақты істерге, шешімдерге кірісетін уақыт келді. Халық соны күтіп отыр. Өйткені жұрт ұзын-сонар баяндамалардан, құрғақ уәделерден шаршады. Сол себептен мен Президент ретінде ең алдымен осы әрекетке көшемін. Елімізде әлі күнге дейін түйіні шешілмеген қаншама мәселе бар. Сіздер де оны жақсы білесіздер. Медицинаның сапасы, төмен жалақы, экология, ауыз сумен қамтамасыз ету сияқты аса маңызды мәселелерді шешумен айналысамын» деп сөзін түйіндеді Президент.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button