Құқық

Ұрлыққа – тосқауыл

Астана қаласында жыл басынан бері жасалған 21 мың қылмыстың 12 мыңы, яғни 56,8 пайызы бөтеннің мүлкін ұрлау екен. Міне, осы сандар елордалық полицейлерді, шынында да, алаңдатып отыр. Осыған орай, жақында Астана қаласы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Тахир Абдрахманов, криминалды полиция басқармасы бастығының орынбасары Жанболат Айтбаев және елорда әкімдігінің бас маманы Мөлдір Төлебаева баспасөз мәслихатын өткізді.

Өткен он айда қаладағы білім ордаларында 148 ұрлық тіркеліп, 17 жоғары оқу орнының, 44 колледж студенті мен 27 мектеп оқушысы жауапқа тартылыпты. Қолды болатын көбіне – ұялы телефондар мен алтын бұйымдар және ақша. Оған, негізінен, азаматтардың заттарын қараусыз қалдыратын бейқамдықтары да себеп болып отыр. Осындай келеңсіздікке қарсы тұрып, қылмыстың алдын алу мақсатында бас қала полицейлері осы жылғы 21 қараша мен 11 желтоқсан аралығында «Ұрлыққа – тосқауыл» атты бірлескен шара ұйымдас­тырып отыр.
Шара аясында полиция департаменті бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алу, балалар мен жасөспірімдер арасында құқық мәдениетін қалыптас­тыру тұрғысында оқушылар мен студенттер арасында үздік буклеттерге конкурс жариялады. Ол пәтер ұрлығы, қалта ұрлығы, автокөлік салонының ұрлығы аталымдары бойынша өткізіледі. Байқауға бір білім ошағынан үш жұмыс­тан артық қабылданбайды. Конкурсқа жұмыстар 22 қараша мен 9 желтоқсан аралығында қабылданып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтар мен арнайы жүлделерге ие болады.
– Бұл жұмысты біз барынша жүйелендіруге тырыс­тық. Негізінен, қоғамдық көліктерде, ойын-сауық орталықтары мен жастардың жиі бас қосатын жерлерінде ұрлыққа қарсы үгіт-насихат іс-шараларын өткізуді көздеп отырмыз. Осының өзі жасөспірімдердің ой-түйсігін, сана-сезімін қалыптас­тырудағы алғашқы қадамдар болмақ. Қаладағы жоғары оқу орындарына, мектеп, колледждерге барудың кес­те-жоспарын белгіледік. Сол арқылы жастардың таным-түсініктерін кеңейте түскіміз келеді, – деді Астана қаласы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасары Жанболат Айт­баев.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button