ЖаңалықтарСаясат

Ынтымақтастыққа іргелі бетбұрыс

Кешегіні ұмытпай, үнемі еске алып отырсақ, бүгінгіні бағалап, алдағыны ардақ тұтарымыз анық. Әрі біз үшін ең басты мақсат тыныштық, тұрақтылық, татулық десек, айналамызда болып жатқан оқиғаларды жіті қадағалап, тиісті ой түйіп отыруымыз маңызды.

politika

Бұл ретте Қытай астанасы Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтас­тық форумын соңғы аптаның ірі оқиғасы ретінде қабылдаған жөн. 29 мемлекеттің басшысы қатысқан мәртебелі жиын алпауыт мемлекеттердің қазіргі текетірес жағдайында халық­аралық ахуалды жақсартуға игі әсер етеді деп күтілуде. Мәселен, Қытай басшысы Си Цзиньпин Еуразияда ежелгі Жібек жолын жаңа, заманауи форматта қайта жандандыру идеясы әлемде белең алып келе жатқан саяси, экономикалық, гуманитарлық дағдарыстарға берілген уақытылы жауап десе, Президент Н.Ә.Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасы жаңа экономикалық парадигма қалыптастыруға мүмкіндік беретінін әрі оның табысты іске асуы 4,4 миллиард адам тұрғынды қамтитын елдерге пайда әкелетінін, Қазақстанның құрлық елдері арасындағы тату көршілік қатынас­тарды нығайтуды белсенді түрде жақтайтынын ерекшеатап өтті. Осы мақсатта Елбасы бірқатар мемлекеттердің көшбасшыларымен кездесу өткізді. Ресей Президенті Путинмен және Түрік Республикасының Президенті
Ердоғанмен әңгімелесіп, таяуда Астанада өткен Сирия жөніндегі келіссөздердің қорытындылары сөз болды. Тайип Ердоған Астана процесінің нәтижелеріне тоқтала келе, Сирия мәселелері жөніндегі диалогты Женевада жалғастыру үшін оның маңызды болғанын атап өтті.
Н.Назарбаев, сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттеришпен әңгімелесті. Әңгіме барысында ол Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанада өтетін саммитіне қатысу ниеті бар екенін растады.
Әлем Дональд Трамптың АҚШ президенті ретіндегі 100 күні өткен соң бастаған шетелге алғашқы сапарына назар аударуда. Сапар барысында ол Сауд Арабиясына, Израильге, Ватиканға соғады. Кездесулер Таяу Шығыстағы Ақ үйдің ұстанымына елеулі өзгерістер енгізіп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағыттайды деген үміт ұялатады. Таяуда өткен инаугурациядан соң Францияның ресми президенті қызметіне кіріскен Эммануэль Макрон кезінде әскери борышын өтемегендіктен, Бесінші Республика тарихында алғаш рет әскери тәжірибесі жоқ бірінші бас қолбасшы болып отыр, ал бұл жайт биыл 40 жасқа толатын жаңа президенттің жаңаша саясаты да бейбіт бастамаларға ғана жол ашады деп айтуға негіз бола алатындай.
Дегенмен халықаралық қарым-қатынаста ызғардың беті әлі қайтар емес.
14 мамыр күні Пхеньян «Хвансон-12» баллис­тикалық ракетасын ұшырып, осы елдің басшысы Ким Чен Ын «АҚШ пен оның жақтастары Солтүстік Кореяға қатысты дұрыс таңдау жасамаса, сынақ одан әрі жалғаса беретінін» мәлім етті. Ал бейтарап саясат ұстанатын Финляндия Солтүстік атлантика альянсына кіруге шешім қабылдағанын хабарлады. Бұған Еуроодақтың ең мықты әрі бай елдерінің бірі саналатын Авс­трияда үкімет дағдарысы орын алғанын қосыңыз.

Кенжеболат Жолдыбай,
саясаттанушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button