Басты ақпарат

Ырысты қаланың ынтымақ мерекесі

Кеше елорданың түкпір-түкпірінде Қазақстан халқының бірлігі күні қызу тойланды. Ең үлкен мерекелік шара бас қаланың қақ төріне қоныс тепкен «Қазақ елі» монументі маңындағы алаңда өтті. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатыс­ты.
Сондай-ақ қала әкімдігінің алдындағы алаңда, қала іргесіндегі тұрғын үй алаптарында халықтық серуендер ұйымдастырыл­ды. Күннің шуағымен жы­лынған жұртшылық мерекелік іс-шараларда өткен концерттерге, спорттық са­йыстарға және түрлі шы­ғар­машылық байқаулар­ға қатысып, көңіл күйлерін көтерді.

Тұңғыш Президент шаһар тұрғындары мен қонақтары алдында сөйлеген құттықтау сөзінде:
– Бабаларымыз бірліктің арқасында бар­лық қиындықты еңсеріп, біз үшін осындай Ұлы даланы сақтап қалды. Біз олардың арманын орындап, тәуелсіз Қазақстанды құрдық. Енді сол бірлігімізді сақтап, тәуел­сіздігімізді құрметтеуіміз керек. Даму бағ­дарламаларымызды жүзеге асыру елі­міз­дің болашағын одан әрі жарқын ете түседі, – деді.
Жиналған жұртшылық көрігі қызған думанды тамашалап мәз-мейрам. Астанадағы этномәдени орталықтар жеке бұрыштарын жасап, салт-дәстүрлеріне қатысты заттарын көрмеге шығарыпты. Аралап жүріп, татар-башқұрт мәдени орталығы ұсынған жәдігерлердің жанына жақындадық. Аталған ұйымның өкілі Ғалия Рахматуллина көпшілік тарапынан ұлттық киімдерге деген қызығушылық өте жоғары екенін айтады.


– Мысалы, татарлардың төбетей, кэлэпуш, кряшен, бөрек деп аталатын бас киімдерін сұраушылар көп. Бұлар бір-бірінен пішіндері арқылы ажыратылады, – дейді ол.
Ал армян мәдени орталығы жасаған бұрышта тағамның небір түрі толып тұр.
– Бұл – аганц атты тәттіміз. Оны бидай, мейіз және жаңғақты араластырып жасаймыз. Ал мына ас бастурма деп аталады. Мұны қазақтың сүр етімен салыстыруға болады. Әуелі етті тұзға салып, кейін кептіреміз. Дәмі керемет, – дейді армян жексенбілік мектебінің директоры Айастан Мнеян.
Алаңда елордаға әйгілі композитор, «Радима» беларус мәдени орталығының өкілі Дмитрий Останьковичті де жолықтырдық. Оның айтуынша, қазіргі таңда астанада 4 мыңдай беларус тұрады. Олардың бәрі әр мейрамды қазақстандықтармен бірге тойлауды дәстүрге айналдырыпты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button