Руханият

Замандастары орнатқан ескерткіш

Жақында белгілі қаламгер, ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, профессор, қазақ баспасөзінің білікті ұйымдастырушыларының бірі, кешегі Алаш арыстарының алтын тұяғындай болған ардақты азамат Жұмабек Омарұлы Кенжалин жайында «Серке сөздің сардары» деген естелік кітап жарық көрді.

Бұл жинақты құрастырған марқұм ағамызбен жақын сыйлас, дос көңілде болған белгілі журналист Марат Тоқашбаев. Кітапқа адал жүректі азаматтың ардагер ағалары, бір сапта жүрген қаламдас достары, шәкірттері және іні-қарындастарының естеліктері жинақталған.
Жұмабек ағамыз өзінің туған жері Торғайдан шыққан тұғыр­лы тұлғалардың жолын алға жалғаған азамат еді. Саналы ғұмырында қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстады. Қарымды қаламгер өмірінің соңғы күндеріне дейін өз қолымен құрған «Қазақ газеттері» серіктестігін басқарды. Іргелі ұжымды аяғынан тік тұрғызуға бар күшін жұмсады. Ел өмірінен сыр толғаған тамаша дүниелер жазды. Соңғы жарық көрген кітаптарының бірі – «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» деп аталды. Ақтаңгер ақын Нұрхан Ахметбековтің «Қарға ұры» дастанында айтылатын әйгілі Төлек Жәуке батыр ғой. Кенесары ханның сенімді серіктерінің бірі болған. Бұл кісі осындай ерен тұлғаның ұрпағы еді.
Жинақтағы әрбір естеліктен парасатты тұлғаның бекзат болмысын, досқа беріктігін, бауырға қамқорлығын, жарға адалдығын, әріптеске әділеттілігін, балаларына абзал әке болғандығын білесіз. «Абыройлы болу оңай шаруа емес. Оған ие болу үшін алғыр мінез де, шынайы тазалық та керек. Осы тұлғалық мінездемелердің бәрі Жұмабекте бар еді, өйткені ол әрісінде тарихымызда түркі дүниесі төрінен лайықты орын алған Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды алаш алыптары негізін қалаған қазақ журналистикасының ары да, абыройы да бола білген аға буын даналардың еліне деген ізгі еңбектерінен, жазып та, айтып та кеткен ілімдерінен мол сусындаған еді» деп жазады жақын ағасы, академик Әбдісағит Тәтіғұлов. Ал курстас досы Қали Сәрсенбай «Оның табиғатына сал-серілік тән еді. Қолына қоңыр домбырасын алып, оған қоңыр даусын қосып, арасында қоңыр әңгімесін айтқанда ол отырған жер жарық болып кететін. Кейде ойлаймын, осы біздің Жұмекең өзін өнерге арнағанда бір биікке шығарма еді? Сонау студенттік жылдардан бері құлағымызда қалған, арагідік отырыстарда бәріміз қосылып шырқайтын, курсымыздың «махаббат гимніндей» болған «Ақ ару – Айнұрым» әні оның жүрек жыры, асыл жары Әлимаға деген шынайы махаббатының белгісі еді» деп сыр шертеді.
Міне, естеліктер осылай өріле береді. Қысқасы, бұл кітапты кең жүректі азаматқа замандастары орнатқан ескерткіш деп айтуға болады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button