БілімСұхбат

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ: ЖАМБЫЛ МЕКТЕБІ СПОРТТЫҚ АЛАҢҒА ЖАРЫМАЙ ЖҮР

директор«Астаналық» базардың маңайында жүрсеңіз, аппақ ғимарат анадайдан көзге ілінетіні анық. Бұл – бір ғасырдан астам тарихы бар, елордадағы білім ордаларының қара шаңырағы саналатын Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназия. Кеңес үкіметі кезіндегі жалғыз қазақ мектебіне аяқ басып, директоры Базаргүл Сағындыққызымен аз-маз тілдесудің сәті түсті.

– Тамыздың орта шеніне таяп қалдық. Демек, жазғы де­малыстың аяқталуына аз қалды. Жаңа оқу жылына дайын­дық­тарыңыз қандай?

– Маусымның жиырмасынан бастап 1-сыныпқа баратын 6-7 жастағы бүлдіршіндердің құжаттарын қабылдау үстіндеміз. Қазірдің өзінде 150 оқушы тіркедік. Алты жастағыларға екі сынып ашылды. «Мектепке жол» акциясы бойынша Білім басқармасы мамандары мен өзіміздің мұғалімдер бірлесіп бекітілген аймақта рейд жүргізуде. Мысалы, пәтер жалдайтын тіркеуде жоқ азаматтар бар. Олардың да балаларын алаламай, анықтама қа­ғазы арқылы қабылдап жатырмыз. Балабақшаға бармағандар 10-15 күндік мектепалды даярлық тобында оқыды.

Құрылысына келер болсақ, үш жыл бұрын мектебіміз күрделі жөндеуден өткен болатын. Ал, биыл жыл са­йын жасалатын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Оқушыларымыз сабақ кезінде интерактивті тақтаны жақсы пайдаланатын болғандықтан, жаңа оқу жылына тағы төртеуін орнаттық. Енді бас-аяғы 15 интерактивті тақта бар.

– Мұғалімдер саны көбейді ме?

– Иә, жыл сайын жас мамандарды жұмысқа аламыз. Соңғы үш жыл ішінде 30 жас маман мұғалім болып орналасты. Олардың көбі –Астана гуманитарлық колледжінің түлектері. Үш ай сынақ мерзімінен өтіп қана жұмысқа қабылданады. Биыл қазақ тілі мен математика пәнінен екі жас маман келді мек­те­бімізге. Екеуі де бастауыш сыныптың мұғалімдері.

– Қандай жоспарларыңыз бар?

– Дәстүр бойынша оқушы­лары­мызды түрлі сайыс, олимпиада, ғылы­ми жоба, конференциялардан қал­дырмай, қатыстырамыз. Сондай-ақ, алдағы жылы қала көлемінде өт­­­кізіп жүрген Жамбыл оқуларын респуб­ли­калық деңгейге көтерсек дейміз.

– Шешімін таппаған мәселе бар ма?

– Бар. Мектеп ауласында спорттық алаң жоқ. Неше жылдан бері айтылып келе жатқан әңгіменің нүктесі әлі қойылмады. Балаларымыз жыл бойы мектеп ішіндегі 2 спорт залда ғана шынығады. Сыртқа шығып, доп ойнап, бой жазуларына мүмкіндік жоқ.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button