ЖаңалықтарМәдениет

Жаңа жылдағы «Жаңғақ шаққыш» балеті

Балаларға базарлық, үлкендерге үміт сыйлайтын ғажайып мереке Жаңа жыл да келіп жетті. Елорда тұрғындары мен қонақтары шаһарда бой көтерген әсем шыршадан, мұздан салынған сарайдан басқа нені тамашалай алады? «Астана ақшамы» газетінің редакциясы қысқы демалысты көңілді өткізуге шақырып, назарларыңызға мерекенің мерейін тасытатын шаралар тізбесін ұсынады.

Мереке бойы елордалықтар «Астана Опера» театры ұсынған сиқырға толы «Жаңғақ шаққыш» балетін тамашалай алады.

shhelkunchik

Немістің романтик-жазушысы Э.Гофманның рождестволық ертегісінің желісімен қойылған ұлы композитор П.Чайковскийдің балеті дүние жүзінде көптеген көрерменнің сұранысына ие болып, сүйікті спектакльге айналды. Астаналықтар да жаңа жыл жақындағанда музыка мәдениетінде айрықша орын алатын «Жаңғақ шаққышты» асыға күтеді.

Сахнаның сәнін тамашалаған балалар қуанышын да, таңдануын да жасыра алмады. Әсем декорация, айрықша анимация, көздің жауын алатын киімдерді көріп, сіз де еріксіз балалық шаққа қайта ораласыз. Оқиға желісі бойынша, Мари есімді қыз ағаштан жасалған ойыншықты сыйға алады. Ғажайыптың бәрі осы тұстан басталады… Көрермен қыздың бой жетіп, ой түзеген шағына куә болып, қуыршақ Щелкунчиктің күлкілі келбетінің ар жағында мейірімді батыр бейнесін байқай алады.

Балеттің хореографиясын ертегіні терең талдай алған атақты ресейлік хореограф Юрий Григорович қойды. Партиялар өте күрделі, асқан тиянақтылықты қажет етеді. Бұл жөнінде Мариді сомдаған Мәдина Баспаева мен ханзада рөліндегі Бақтияр Адамжан айтты. Балғын балалық шақпен қош айтысып, есейген қыздың биін билеу, техникалық жағынан да, физикалық жағынан да күрделі. Ал көз алдыңа кәдімгі ойыншықты келтіріп, сендіріп билеу біраз тер төгуді қажет ететіні белгілі.

Балетті көрем деушілер бүгін сағат 18:00-де және 2017 жылдың 3-8 қаңтар аралығында қызықтай алады.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button