Мәдениет

«Жас қанат – 2019» жеңімпаздары

«Жас қанат – 2019» жас орындау­шылардың республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды. Биыл жиырма сегізінші мәрте өткен байқауға елорданың атынан үш үміткер қатысса, соның екеуі мәреден озып келді.

Байқау әдеттегідей Бейбітшілік және келісім сарайында үш күн бойы дүрілдеді. Осы жолы бірінші күннен барлығы 14 әнші өнер жарысына қатысты. Оларды Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов қабылдады. Үміткерлермен әңгімеде ол дарын, еңбекқорлық пен шыдамдылық ұлы жеңіс­тер мен үлкен жетістіктер алып келетінін айтып, жастарға шығармашылық табыс­тарды тіледі.
Қазылар алқасының құрамындағы алғашқы «Жас қанаттың» лау­реаты, белгілі əнші Медеу Арынбаев, осы байқау­дан қанаттанған Маржан Арап­баева, Мəдина Сəдуақасова, Қайрат Баекенов секілді танымал әншілер, «Астана Опера» театрының хормейстері Ержан Дəуітов, композитор Серік Еркімбеков, композитор-мульт­инструменталист Еділ Құсайынов, профессор Раиса Мұсақожае­ва, «Kazakh TV» телеарнасының халықаралық ақпарат бөлімінің меңгерушісі, тележүргізуші Лəззат Шатаева, байқаудың негізін қалау­шы, продюсер Мұрат Ерғалиев қатысушыларға баға берді.
Қорытындысында финалға бес үміткер шықты. Олжас Оспан (Семей) және Ақерке Көпжасарова (Нұр-Сұлтан) байқаудың дипломанттары атанды. Үшінші орынға тиесілі «Қола қанатты» Əділ Балтабаев (Көкшетау) иеленді. Екінші орын үшін берілетін «Күміс қанатты» Жанболат Ұзақбай (Нұр-Сұлтан) жеңіп алды. Бірінші орынды – «Алтын қанатты» иеленген Дидар Әбдухалық (Шымкент) байқауға биыл жаңадан қосылған «Мистер Жас қанат» аталымында да топ жарды.
Бұған қоса, «Астана» радиосы Жанболат Ұзақбайға бір жылдық тегін ротация сыйлады. Ақерке Көпжасарова «Хабар» агенттігінің «Ұлттық дәстүрлерді сақтағаны үшін» арнайы жүлдесін иеленді. Айым Имашеваға (Семей) Нұр-­Сұлтан қаласы әкімінің жүлдесі тапсырылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button