2022 - Балалар жылы

Жазғы мектеп – тамаша мүмкіндік

Балалардың көптен аңсап күтетін мезгілі – жаз. Себебі жазда шығармашылықпен, спортпен, сондай-ақ өзі ұнатқан іспен айналыса алады. Осы ретте Нұр-Сұлтан қаласындағы балалар баратын мәдени-рухани орындармен танысып шықтық.

[smartslider3 slider=3206]

Елімізде 26 мамырдан бастап жазғы мектептер ашылды. Мұнда математика, физика, ағылшын тілі және өзге маңызды пән бойынша сабақ өтеді. Сонымен қатар балалар мұражай мен экскурсияға бара алады. Жазғы мектепте оқушыларға баға қо­йылмайды және үй тапсырмасы берілмейді.

– Жазғы мектеп – балалар үшін жақсы мүмкіндік. Осы аралықта олар оқудағы үлгерімін дұрыстай алады. Мұнда тек оқу үлгерімі төмен балалар ғана емес, үздік оқушылар да қатыса алады. Барлық оқушылармен тығыз жұмыс істейміз, – деді №51 мектеп мұғалімі Сәуле Қорқытбай.

Оқу жылы енді ғана аяқталса да, балалар өзі қызығатын үйірмеге барып жүр. Соның ішінде әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайын атап айтсақ болады. Онда 125 үйірме жұмыс істейді. Үйірмелерге мекеменің сайты арқылы тіркелуге болады. Сондай-ақ Оқушылар сарайына келіп, жолығу арқылы да жазылуға мүмкіндік бар.

Балалар жазғы демалысын әртүрлі өткізеді. Мысалы, елордадағы №51 мектептің 5-сынып оқушысы Жанболат Ораз – үйір­меге қатысу үшін демалысты асыға күткендердің бірі.

– Жыл бойы үлгерімім жақсы болуы үшін өзім қызығатын үйірмелерге қатыса алмадым. Жалпы көп нәрсеге қызығамын. Атап айтқанда, футбол ойнау, суда жүзу, атқа міну, бокс қатты ұнайды. Демалысқа шыққалы бері жүзу секциясына жазылдым. Бір аптада тәп-тәуір үйреніп алдым. Жазғы демалысым ойдағыдай өтіп жатыр, – деді ол.

Елордада балалар үшін баратын рухани орындардың бірі – мұражай. Нұр-Сұлтан қаласында олардың саны көп. Ең ауқымдысы – Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі.

– Музейге кіру оқушылар үшін тегін. Ал ересектерге – 1400 теңге, студенттерге – 700 теңге. Тек өзімен бірге төлқұжаты болуы қажет. Музейде жазғы уақытта балаларға арналған шаралар мен кездесулер де өтіп тұрады, – деді ҚР Ұлттық музейінің қызметкері Нұрдана Әуелбек.

Қалада балалардың уақытын тиімді әрі ақысыз өткізу үшін бірнеше мәдени орын көп екенін байқадық. Гаджетке телмірмей өскен баланың рухани болмысы да өзгереді. Сондықтан жазғы демалысты есте қалардай өткізу үшін біз айтқан мәдени орындардың маңызы зор деп ойлаймын.

Мерей АҚЫЛБЕК, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button