Мәдениет

Жазушылар Одағында – жаңа төраға

Кеше Алматыдағы Абай атын­­дағы Мемлекеттік ака­­демиялық опера және ба­­лет театрында Қазақстан жа­зушыларының кезекті XV құрылтайы өтті.

Жазушылар одағы – еліміздегі ең алғашқы және ең ірі шығармашылық бірлестіктердің бірі. Одақ мүшелерінің еліміздің мәдени өмірінің дамуы мен рухани құндылықтарды нығайтуға, жас­тарды тәрбиелеу ісіне қосып отырған үлесі мол. Құрылтайды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин ашты. Жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы қатысып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді. Құттықтау хатында Мемлекет басшысы Қазақстан Жазушылар одағының ХV құрылтайының жұмы­сына табыс тіледі.
Құрылтайда Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жаңа құрамасын, басқарманың жаңа төрағасын, бақылау-тексеру комиссиясын сайлап, ағалар алқасының құрамын бекіту қарастырылған.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекет тарапынан қалам­герлер назардан тыс қалған емес. Былтыр ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет туралы» заңға кітап шығару бөлігінде тиісті өзгертулер мен түзетулер енгізді. Бұл түзетулер талай жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан қазақстандық авторларға қаламақы төлеу ісіне қатысты. Аталған заң қолына қалам ұстаған жазушыларға беріліп жатқан үлкен мүмкіндік, жаңа серпіліс болды. Сондай-ақ, еліміздің облыстық, аудандық, қалалық, ауылдық кітап­ханаларын жаңа кітаптармен қамту мақсатында 2017 жылдан бастап кітап таралымы 5000 данаға дейін ұлғайтылып, қаламақы беру процесі түбегейлі өзгерді.
Сөйтіп, сөз зергерлері бас қосқан жиында одақтың жаңа төрағасы сайланды. Қаламгерлер белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің кандидатурасын бірауыздан қолдады. Одақ төрағасының орынбасары болып Мереке Құлкенов, Бауыржан Жақып, Бақыт Беделхан және Ақберен Елгезек келді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button