Жаңалықтар

«Жеті рухани қазық» – маңызды тұғырнама

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумы өтті. «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани тұғырнамасы, Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі, ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері деп аталатын бірнеше құжат қабылданған форумға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен белгілі теологтар, 500 имам қатысты.

Жиынды ашқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз: «Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласындағы игі идеяларды, Мемлекет басшысы ­Қ.Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген «Баршаға ортақ игілік. Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» бастамасын қолдай отырып, оған үлес қосуды азаматтық борышымыз деп санаймыз» деп форумға қатысушыларға алғыс білдірді.
ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов Президент құттықтауын жеткізді. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев діни басқарманың ағартушылық сапасын жаңа деңгейге көтеру, теріс ағымға түскендерді дәстүрлі дінге қайтару жұмыстарын күшейту, жеке азаматтардың сұрақтарын ашық әрі жылдам шешу мақсатында мүфтидің виртуалды қабылдау бөлімін ашу туралы, т. б. міндеттер мен ұсыныстарды қарас­тырды. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев дін өкілдерін құттықтап, форумның өзектілігіне баға берді. Сонымен бірге форумда Мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов, ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, т. б. белді азаматтар сөз сөйледі.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button