Басты ақпаратСараптама

Соғыс оты өршімей ме?

Жұмыр жердегі геосаяси жағдай күрделене түсіп, әлем елдері геосая­си, геоэкономикалық топтарға бөлініп, санкциялық қысым арқылы бір-бірінің тынысын тарылтып, саяси ғана емес, әскери блоктор да пайда болып, жаһан жұртының түн ұйқысы бұзылып, тынышы қашты. 

Шығыс Еуропада басталған әскери текетірес әлемді шарпитын түрі бар. Сербия президенті Александр Вучич «Әлем үшінші дүниежүзілік соғысқа көшті» деп мәлімдеді. Құдай сақтасын!

АЛЫП ЕЛДЕР МҮДДЕСІ НЕ?

Ресей басшысы Владимир Путин тығырықтан шығудың жалғыз жолы – жартылай мобилизация жариялады. Мұның астарында әскерін жаңа адамдармен толықтыру ниеті тұрғаны анық. Қытай төрағасы Си Цзиньпин әскерін ұрысқа дайындалуға шақырды. Еуропа мен АҚШ тарапы Украинаны қаржылай қолдап, қарумен қамтамасыз етуді одан әрі жалғас­тыра бермек.

Украина халқының басына түскен ауыр күндер ешқандай елде болмасын. Бұл соғысты бастағандарды ешкім ақтап алмауы да тиіс. Бұл бір елге ғана емес, жалпы адамзатқа қарсы бағытталған соғыс деп қабылдаймыз.

Алайда Шығыс Еуропадағы жағдайды тереңірек талдайтын болсақ, Батыс пен Ресей бұл соғыстың болатынын кеше-бүгін немесе бірнеше жыл бұрын ғана білген жоқ, ондаған жылдар бойы зерттеліп, зерделеніп, тіпті соғыс болған жағдайда бір-біріне жіптей байланған әлемдік қауымдастыққа қалай әсер ететінін бағамдағаны анық.

ХХ ғасырдың басында ағылшын саясаткері Хэлфорд Маккиндер «Әлемдік саясаттың аймақтық кіндігі» идеясын ұсынып, онда әлемнің геосаяси кіндігі – Еуразия екенін атап, бұл құрлықты «Хартлэндке» балайды. Сөйтіп Шығыс Еуропаны кім билесе – Хартлэндті сол билейді, ал, оны игерген – әлемді билейді деген қорытынды шығарады.

БҰҰ дерегінше, 1960 жылы дамыған елдер мен кедей елдер байлығының ара салмағы 13:1 болса, арада жарты ғасыр өтпей, 2001 жылы бұл көрсеткіш 74:1 құрады

АҚШ саясатшылары әлемнің кіндігі – Еуразия, Еуразияның жүрегі – Еуропа дегенді ұстанып, кәрі құрлықта бүлік салудың түрлі айла-амалын қарастырады. Югославияның ыдырауы – соның нақты дәлелі. Жалпы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қарулы қақтығыстың бәрінде Американың қолтаңбасы бар. Мәселен, Корея, Вьетнам, Ауғанстандағы қырғи-қабақ соғыстар, одан кейінгі Араб елдері – Сирия, Ливан, Ирак, Египет, Тунис, Алжир, Мароккода тұтанған ұлт-азаттық көтеріліс­терден ресми Вашингтонның мүдде-мұратын тануға болады.

Енді Американың ықпал аймағы Еуропаға ығысып, кәрі құрлықта түрлі соғыс алаңдары тұтана бастады. Бұл ойымызға америкалық жазушы Брукс Адамстың «Американың империялық мүддесі Еуразияның саяси кеңестігін жаулап алуға итермелейді» деген сөзі – дәлел. Оған Хальфорд Маккиндердің «Еуразияны билесең – әлемді билейсің» дегенін қосыңыз.

Қысқасы, Украинада тұтанған соғыста АҚШ-тың да үлесі бар, мүддесі мол. Себебі Американың Еуропаны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын амбициясында Украина маңызды рөл атқарады. Екінші жағы, Украина мен Ресей арасындағы экономикалық, саяси шиеленіс шегіне жеткен-ді.

Кәрі құрлық Ресейдің мұнай-газ секторына тәуелділіктен құтылудан Украинаның жерасты ресурсын пайдалану арқылы шешуге таласып бағуда…

Зерттеулер көрсеткендей, Украина жерінің астында игерілмеген сланц газының бай қоры бар. Украин билігі АҚШ-тың компанияларына газды өндіріп, кәдеге жаратуда серіктес болуға шақырады. Өйткені газдың бұл түрін барлау мен өндірудің жоғары технологиясына америкалықтар иелік етіп отыр. Екіжақты келісім жасалған соң америкалық компаниялар барлау нәтижесі негізінде Украинаның бірнеше өңірінде зауыт салуды жобалауды бастайды.

Сәйкесінше, бұл шешім Ресейге ұнамайды. Себебі аймақты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын негізгі басымдығынан айырылады.

БАЙ УКРАИНА КІМНІҢ КӨЗҚҰРТЫ?

Ресейдің Украинадағы әрекеттері осылай басталып, алдымен, Қырымға көз салды. Неге десеңіз, Қара теңіздің жағалауында энергияның тағы бір көзі анықталды. Ол – газогидраттың (газ кристалдары) үлкен көлемдегі қоры еді.

Қырымдағы тұрақсыздықтан кейін шетелдік компаниялар бастапқы келісімнен бас тартып, зауыт салып, газ өндіру идеясын тоқтады. Осылайша, Ресей экономикалық мүддесімен қатар, Еуропа елдеріне газ тасымалдау арқылы ықпал ететін саяси басымдығын да сақтап қалды. Бұл – әлеуметтанушы ғалым Талғат Жақиянов пайымы.

Одан бөлек, Украинаның дәнді дақылдар мен картоп және т.б. ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруде мүмкіндігі мол. Әлемде ірі бес астық экспорттаушы елдердің қатарына кіреді. Соғыс жағдайы болып жатқанның өзінде Украина диқандары 20 миллион тонна дәнді дақыл өндіруді жоспарлап отыр. Бұл ел марганец кені, темір рудасы, кокс көмірінің бай қорымен ерекшеленеді.

Мұның өзі Шығыс Еуропа қақпасындағы елдің экономикалық потенциалын көрсетпей ме?

АҚШ бастаған Еуропа елдері экономикалық қысымды күшейтіп, санкциялық блоктар арқылы Ресейді экономикалық тұрғыда күйрете түсті. Экономикалық дефолттық жағдай әлеуметтік наразылықты асқындырды. Тар қапасқа тығылған жаралы жыртқыш соңғы рет серпіліп, күш-қайратын сынауға мүдделік танытатыны анық.

Сөйтіп, «арнайы операция» деген желеумен Киевке қарсы соғысты ашып жіберді. Жарты жылдан асты. Бұл уақыт ішінде сыртқы күштерден қыруар әскери және қаржылай көмек алған Украина екпінін үдетіп, тіпті Ресейдің территориялық аймағына, яғни шекарасына жақындай түсті.

Путинді қолдап, құдайындай сенген қарапайым халықтың көзқарасы өзгеріп, «арнайы операциясын» тоқтатуды ішінара талап ете бастады. Енді Ресей «екі жеп биге шығудың» жолын қарастыруы керек болды.

Шешімін тапты да. Ол – 23-27 қыркүйекте Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облысында референдум өткізу. Енді өзінің әкімшілік аумағына енгізген облыстарды қорғау үшін «жартылай мобилизация» жүргізіп, әскер қатарына жаңа адамдар қосып, «арнайы операция» «отанды қорғау» түріне айналады. Сербия президенті Александр Вучич «Әлем үшінші дүниежүзілік соғысқа көшті» деп секемденіп отырғанының себебі осы болса керек-ті.

Өткен ғасырда Хэлфорд Маккиндердің «Шығыс Еуропаға иелік ету – әлемнің кілті» деуінің түпкі ойы Украинаны меңзейтіні анық. Демек бұл соғыс кеше-бүгін басталған жоқ. Ұзақ жылдық жоспардың нәтижесі.

Қалай болғанда да, Ресей басшысының қарекетін сынға алып, жерден алып, жерге салып жатқандар көп. «Америка дауысы» (voanews.com) радиосының қытай тіліндегі нұсқасында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында Ресей президенті Владимир Путин мен Үндістан премьер-минис­трі Нарендра Моди кездескені туралы ақпарат шықты. Онда Нарендра Модидің мына сөзі жазылды: «Қазір соғысатын уақыт емес. Бұл туралы телефонмен сөйлескен кезімде де айттым».

Қазір Ресей билігі соғыстан бас тарта алмайды. Жеңілгенін мойындаса, әлемдегі ықпал-
беделінен айырылатыны ақиқат. Сондықтан солтүстіктегі көрші әскери қуатын арттыруды көздейді. Алайда мобилизацияға қарсы жер-жерде ереуілдер өрбіп, халық қалыс қалатынын білдіріп, жан сауғалау үшін шекара асуға ниетті. Азаттық радиосы мәлімдегендей, 24 ақпаннан бері елге 1,6 миллион ресейлік келсе, енді тіпті көштің қарқыны күшейгелі  тұр. Қазір солтүстіктегі көршімен шектесетін облыстардың шекаралық пункттерінде ұзын-сонар кезек қалыптасты. Мұны әлеуметтік желіден көріп, біліп отырмыз. ҰҚК Шекара қызметі де бұл туралы ресми мәлімдеп, төрт автомобильдік өткізу пунктінде кептеліс байқалатынын растады. Елдің қауіпсіздігі үшін шекараны шегендеп, қатаңдату керек. Бұған байланысты Ішкі істер министрлігінің Көші-қош қызметі комитеті шетелдіктердің келуі мен кетуі туралы есепке алынып, арнайы ережелерге сәйкес бақыланатынын мәлімдеді. Басқа жол жоқ! Экономикалық бір одаққа біріккен біздің елдің басшылары не шешеді екен, ә?!

ЖАҺАНДАНУДАН КІМ ҰТАДЫ?

Жаһандану! Бұл сөзді алғаш америкалық экономист Стивен Левитт енгізді. Дәлірек айқандай, 1983 жылы жаһанда саяси, экономикалық, мәдени, ақпараттық тұтасу үрдісі жүретінін болжаған еді. Содан бері жаһандануға үрке қарайтындар да, қолдайтындар да бар.

Негізі «глобализация» сөзінің қолданысқа енгеніне 30-40 жылдай болса да, жер-жаһанға әмірін жүргізуге деген құлық-құлшыныс ерте замандардан байқалады. Батыстан шығысқа жорық жасаған Македонский, шығыстан батысқа атойлаған Шыңғысханның түпкі мақсаты тұтас құрлыққа билігін жүргізіп, үстемдік ету болды. Яғни жаһандану – атақты жаһанқұмарлардың заманауи жетілген түрі.

Жалпы ғаламдануға кімдер мүдделі, кімдерге қолайлы?

Батыстың статистикасына сүйенсек, әлем экономикасына ірі 500 концерн күшті ықпал етеді. 200-ге енетін ірі концерн әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен біріне ие. Бұл дегеніңіз, өнеркәсіптік компаниялар, банк пен басқа да қаржы мекемесін біріктіретін қаржылық бірлестіктер жаһанданудың қарқынды жүргенін қалайды.

Енді 500 концерннің елдердегі ара салмағын саралайтын болсақ, АҚШ – 55, Еуропа елдерінде – 38 монополистік қаржылық бірлестіктер бар екен. Яғни ғаламдық экономикада АҚШ алпауыттарының салмағы басым. Ресми Вашингтонның даусы өктем естілуінің сыры – осында.

Профессор Төлеуғали Қайыр­жанұлынан: «Жаһанданудың сценарийі америкалық үлгіде жүруде. Жаhанданудың мәдени динамикасы «орталық-шет» диллемасы контексінде жүріп жатқаны белгілі. Егер де осы диллема шеңберінде жаһандық мәдениет пен ұлттық мәдениет­тің сұхбаттық қатынастарын қарайтын болсақ, одан біз міндетті түрде біржақтылық пен үстемдік үлгісінің бар екенін және бұл сұхбаттық қатынас-­    тардың біртекті емес екендігін көреміз. Бұдан шығатын қорытынды – ұлттық, аймақтық, мәдениеттердің әзірге, жоғарыда аталған объективтік жағдайларға байланысты жаһандану үрдісінің басты субъектісі бола алмайтындығына көзім жетеді» деуінің мәні – осында.

БҰҰ дерегінше, 1960 жылы дамыған елдер мен кедей елдер байлығының ара салмағы 13:1 болса, арада жарты ғасыр өтпей, 2001 жылы бұл көрсеткіш 74:1 құрады.

Сарапшылар Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдері – Алжир, Ливия, Йемен, Мысыр, Марокко, Бахрейн, Оман, Судан және Кувейтті қамтыған «Араб көктемі», Сириядағы азаматтық соғыстың артында осы мүдделі топтардың тұрғанын айтады.

Мәселен, ресейлік саясаттанушы Анатолий Уткин АҚШ-тың Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы соңғы соғыстары, посткеңестік кеңістіктегі «барқыт» және «қызғылт сары» төңкерістердің бір бөлігі екенін алға тартып, АҚШ-тың «жаңа әлемдік тәртіпті» орнату стратегиясы дегенді айтады.

Мұның артында байыған үстіне байығысы келетін алпауыттардың мүддесі тұрғаны анық. Оның ішінде, Ресейдің импершіл-шовинистік саясатының астарында КСРО-ны қайта қалпына келтіру идеясы жатқаны анық. Қысқасы, АҚШ-тың да, Ресейдің де өктем, Қытайдың доспейіл саясатының ығына жығылудың арты елдіктен айырудың жолы екенін түсінуіміз керек-ақ…

P.S: Батыстың теоретиктері жаһандану арқылы әлемнің тең дамуын қамтамасыз ету, ортақ саяси және экономикалық құрылым орнату сынды ұрандарды алға тартады. Әрі «Еуропалану – дамушы елдерде өркениетті өмір салтын орнықтырады» дегенді жақтайды.

Алайда жаһандану өріс алған сайын аштық, кедейшілік, ауру-сырқау, зорлық-зомбылық, соғыс басты орынға шығатынын біліп отырмыз. Өйткені алпауыт елдердің мүддесі басым, мұраты айқын, ол – әлемді уысында ұстау, жеке-дара билік ету.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button