Қоғам

Балалар не оқып жүр?

«Жақсы кітап – жан азығы». Жақсы ­газет-журналды оқу да баланың ой-өрісін кеңейте түседі, болашағына бағдар береді.

Ғаламтор жайлаған уақытта балалардың оқуға деген ықыласы кемігені рас. Бірақ тұлғалық өсуге талпынған жеткіншектер де арамыздан көптеп табылады. «Неге жас жеткіншек оқуға қызықпайды, неге газет-журнал оқымайды, әлде балалардың «тіліне жеңіл, жүрегіне жылы тиетін» дүниелер жазылмай жатыр ма?» деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Әуелі өзіміз танитын адамдардың балаларымен сөйлескен едік.

– Әділ, каникулға шыққанда кітап, газет-журнал оқисың ба?

– Ата-анам балаларға арналған газет-журналдарды жылда жаздырып алады. «Ұлан» мен «Ақжелкен» – жақсы көретін басылымдарым.

– Достарың оқи ма?

– Жоқ. Олар кітап­ханаға сирек барады, журналдарды арасында менен көріп, оқитыны бар. Одан гөрі интернетте отыр­ғанды ұнатады. Біздің үйде кітап көп, сондықтан ата-анам оқыған соң мен де қолым тигенде оқимын.

Шынында да, қоғамдық орындарда қолына кітап, газет ұстаған баланы қазір сирек көресіз. Оқу жылының соңғы күндерінде Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға соғып, балалар бөлімін аралаған едік. Онда балалар көбіне ата-анасымен келеді екен. Ішінде кітап оқу үшін балаға арналған жиhаздар, қажетті құралдар бар. Кітапхана базасы арқылы компьютермен қалаған кітапты, газет-журналды жаздырып, оқуға мүмкіндік берілген.

Балалардың әдебиет­ке, газет-журналдарға қызығушылығы туралы Ұлттық академиялық кі­тапхана басшысы Ғазиза Нұрғалиевадан сұраған едік.

2004 жылғы 23 сәуірде ашылған кітапхана қызметін жыл сайын 25 мыңнан астам оқырман пайдаланады.

– Бұрынғыға қарағанда қазір балалар газет-журналдарды көбірек оқиды, – деді Ғ.Нұрғалиева. Тіпті кітапханадағы балалар секторында балалар саны күннен-күнге артуда, олардың журналдарға қызығушылығы бар. Қазіргі уақытта балдырғандардың сұранысына ие газет-журналдар жетерлік.

– Мектеп бағдарламасынан бөлек, бала жас­тайынан мемлекетке, еліне деген сүйіспеншілігін арттыруды үйрену керек. Себебі мемлекет – сол жастардың қолында. Ол үшін бала жас аралығы бойынша газет-журналдарға көз жүгіртіп, тіпті күнделікті оқып отыру керек. Өкінішке қарай, бала бүлдіршін кезеңінен өтіп, жасөспірім болған уақытында газет-журналдарға қызығушылығы артқанда олардың аз екенін түсінеді. Елімізде газет-журнал, кітап саны да жасөспірімдер үшін жеткіліксіз. Болашақта бала мемлекеттік қызметкер болғысы келсе, онда, әрине, дұрыс сөйлеп, рухани өсуі, сұхбаттаса алуы шарт. Осы жайтта газет-журналдың алатын орны өте ауқымды. Газет-журнал оқудың ең үлкен пайдасы – сен қоғамды танисың. Қазіргі ақпараттар ағыны заманында бір ақпаратты жүйелеп, бақылап, есте сақтау мүмкін емес, ал газет олардың жиынтығы, – дейді кітапхана басшысы.

Бүгінде ұлттық кітапханамызда балалар үшін 13713 кітап қолжетімді, оларға жақсы жағдай жасалған. Бала кез келген уақытта ата-анасымен, яки болмаса өзі келіп түрлі кітап, журналды оқып, білім нәрімен сусындай алады. Кітапханада балалар үшін Зира Наурыз­баеваның «Батырхан» клубы, Рүстем Сауытпайдың фан-клубы бар.

Кітапханада Халықаралық балалар күніне орай «Балдәурен» мерекелік іс-шарасы өтті. Аталмыш шараға балалар жазушылары, режиссерлер, театр әртістері, өнерлі балалар, ұстаздар, оқушылар қатысты.

Бүгін балалар әдебиетін оқымаған, газет-­журналдарының бетін ашпаған жеткіншектер ертең қалай ел басқарып, мемлекеттің тізгінін ұс­тамақ, елдің келешегіне қалай қызмет етпек? Мені осы алаңдатады.

Гауhар АМАНГЕЛДІ,

Л.Гумилев ­атындағы Еуразия ұлттық ­университетінің 2-курс студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button