Елорда тынысы

Белсенді қариялар – қоғам қазынасы

Қарияларды құрметтеу ата салтымыз болып табылады. Бүгінгі қарттар – кешегі еңбеккерлер, бүгінгі қоғамның дамуына кезінде саналы ғұмырын сарп еткен, сан жылдар еңбек өтілін  арнаған азаматтар

Қазақы ұлттық психологияда үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу қазақ халқының ата салты екені белгілі. Салтын сақтаған, дәстүрін дәріптеген халқымыз үлкенге құрмет көрсетуден жаңылған емес, ендеше бүгінгі жастармыз да жалықпауы тиіс.

Алайда бауырмал қазақ елінің аумағында, тіпті мегаполистерде өзге ұлт өкілдері көптеп шоғырланған. Олар өздері мекендеген, суын ішіп, ауасын жұтып отырған елімізде бақытты  өмір сүруде. Олар бейбіт елде  ғұмыр кешіп, мамандығы бойынша жұмыс жасап, ұрпақ өрбітіп отырғандарына дән риза. Халықтар достығы салтанат құруда десек болғандай. Олардың ризашылығы сол барлық мекемелерде жауапкершілікпен қызмет атқаруда.

Жылдар барысында еліміздің экономикасы нығайып, халықтың әл-ауқаты мен хал-ахуалы жақсарып келе жатқандай.

«Жаңа Қазақстанның» жаңғыра жақсаруына жұмыла кірісіп, аманат арқалаған «Аманат» партиясына деген халықтың да, көп ішіндегі қария-ардагерлердің де сенімі мол. Соған орай елімізде қарт адамдарға деген ықылас  жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып, құрмет артып келеді.

Өз кезегінде қайырымды жандардың қатары көбейіп, қоғамда қайырымдылық пен мейрімділік қасиеттері де көңілге қонымды. Осы орайда, бұрын да мерзімді баспасөз бетінде жарияланып жүрген «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының ашылуы қарияларымызға деген қамқорлықтың бір парасы болып табылады.

Елордадағы аудандарда зейнет жасындағы қариялардың өмірге деген құштарлығын, белсенділігін  арттыра түсетін орталықтар есігін айқара ашып, бар жағдай жасалуда. Риясыз көңілмен қауышып, шынайы ықыласымен кездесіп, біріне бірі жақсылық тілеп жатқан егде жастағы азаматтарды көргенде көңілің марқаяды. Бірі тоғызқұмалақ ойнаса, бірі теннис үстелінде шалт қимылдап, ептілігін шыңдап жатады. Қимыл – денсаулық кепілі.

Көбісі өз бойындағы қызығушылығын одан әрі дамытып, пайдалы іспен шұғылданады. Жылнамада жоқ болса да тәуелсіз еліміздің күнтізбесінде 1 қазан – Халықаралық қарттар күні деп белгіленді. Бұл күні Қазақстанда да жыл сайын қарттарымыздың ғұмыр бойы істеген еңбектеріне, сондай-ақ мемлекетіміздің қалыптасуына қосқан зор үлестеріне сай сый-құрмет көрсетіледі. Биыл да мерейлі  мереке қарсаңында елді мекендер мен аудандарда, қалаларда өз деңгейінде аталып өтілмек. Түрлі бас қосулар ұйымдастырылып, мәдени іс-шаралар өтуде. Дәстүрлі жиындардан бөлек, еліміздегі Ардагерлер ұйымы кеудесі дария ардагерлер мен зейнет жасындағы қарияларға айтарлықтай көңіл бөлінеді. Қала жанындағы Қарттар үйіндегі қарияларымыз да назардан шет қалған емес. Қартайғанда ата-аналарымызды керек етпеу – ата салтымызға жат қылық.

Сондықтан елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді.

Әр азаматтың қартайған кезіндегі өмірін лайықты ету – мемлекетіміздің әлеу­меттік саясатының басты бағыттарының бірі. Уақыт легінде зейнетақы мөлшері жыл сайын артып келеді. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері де ұлғайды. Оған дәлел: үстіміздегі жылы астанада көзі тірі, төрде отырған ардагерлердің саны бар жоғы он алты. Олардың қатары сиреуде, өмір заңдылығы. Жыл сайын қатары азайып келе жатқан соғыс ардагерлері мен майдангерлерге барынша назар аударылуда. Қарттар үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған игілікті істер әлі де жалғаса береді деп сенеміз.

Болмысы қайрат пен жігерге толы, күш-қуаты мол кезде, жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеп, дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету бүгінгі жас буынның басты парызы екенін де еске салған абзал.

Олар  – кешегі  егін даласында орақ орып, бала тәрбие­леп, қоғамға өз үлесін қоса білген аға ұрпақ. Ұрпақтарын тәрбиелеп, жанкештілік танытқан, маңдай терін төккен рухы биік аналар туралы бүгінгі жаһандану жағдайында өмір сүріп, батыстық үрдіске бой алдырған жастарымыз сене қояры беймәлім.

Ендеше тек айтулы мереке қарсаңында ғана емес, уақыттың барысында үнемі қарттарымызға құрмет көрсетіп, атқарған ерліктері мен жасаған игі істерін паш етіп отыру кейінгі ұрпақтың парызы болмақ.

Сөз жоқ, мемлекеттің болашағы – жастар, ел ертеңі  – келешек  деген бағытта барымызды бағалап, ақылман қарияларымыздан көкірегіндегі көкейге түйген көрікті ойларын хатқа түсіріп алып қалу абзал іс. Яғни қоғамның іргетасын нығайту үшін бүгінгі жас буынға үлгілі, өнегелі тәрбие, отаншыл рухта елжандылыққа баулу сияқты моральдық нормалардың бастауында қазыналы қарттарымыздың тұрғанын әрқашан есте ұстауымыз қажет. Сонымен қатар еліміздің жас азаматын отансүйгіштікке тәрбиелеу мен белсенді өмір ұстанымын қалыптастыруда да ардагер ата-апаларымыздың өмірі мен еңбек жолдары үлгі.

Сөзге тиек етер қанатты сөздерді мысалға алсақ, жастық шақ – даналықты меңгеруге арналған кезең, ал кәрілік – оны қолдануға арналған уақыт.

Біздер қарттарымызды  қазынаға балаған халықпыз. Ақылы дария қарттарымыздың халықаралық мерекесі біздің елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде аталып өтеді. Бұл күні алуан түрлі жобалар ұйымдастырылып, қарттарға арналған мерекелік іс-шаралар өткізіледі, мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақылар тағайын­далады.

Жоғарыда атап өткен Астана қаласы әкімшілігі  КММ «Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында»: «Көңілдегі күз» атты поэзия кеші, «Өмірімнің жарқын сәттері» танымдық әңгіме, «Қарттығым – қазыналы ғұмырым, «Мудрая осень» (орыс тілінде) кештері ұйым­дастырылды

Кәріліктің саған тигізетін зиянының орнын жылдар бойы толтырып отыратын нәрсеге жас шағыңда ие бол. Кәріліктің азығы даналық екенін түсініп, жас кезінде кәрілік ас-сусыз қалмайтындай етіп әрекет жаса деген тәмсілді де жадымызда ұстаған  жөн. Жас кезіңде не ексең, жасың толысқанда соны орасың. Қарттарға қамқорлық –- жастарға сенім арту.

Ел аузында аулыңның қариясын көрсет, жастарыңды танитын немесе жастарыңды көрсет еліңнің болашағын айтайын дегендей, бүгінгі жастар – ертеңгі қария.

Бүгін жастықтың аты арындап, тас қияға өрлегенмен, уақыт мойындатпай қоймайды. Ендеше, мықты қарт – мықты жастан шығады. Яғни ардагерден ақыл, жастан игі іс болғаны көңілге қонымды әрекет болғаны абзал.

Маржан БЕКТҰРСЫНҚЫЗЫ,

Астана  қаласы Ардагерлер кеңесі медиатобының мүшесі,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button