Елорда тынысы

Елорданың туристік әлеуеті қандай?

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары жұманың берекелі күні осы сұрақты саралап, елордадағы туристік бағытта қызмет көрсететін нысандарға арнайы барды.

Халық қалаулыларынан құрылған делегация алдымен океанариум «Ailand»-қа барды. Орталықтың коммерциялық директоры Арман Мұқанов қонақтарды қарсы алып, атқарылып жатқан жұмыстарын баяндады.

Депутаттарды орталықтың негізгі қызметі, жылына қанша адам келетіні және тұрғындар үшін билет бағасының қолжетімділігі туралы ақпарат қызықтырды.

– 2003 жылы «Думан» ­ойын-сауық кешені ретінде ашылса, 2017 жылы жөндеуден өтіп, «Ailand» отбасылық демалыс орталығына айналды. Сөйтіп, океанариум және аниматроника саябағынан бөлек, заманауи ойын-сауық нысандары: аквапарк пен айналу алаңы іске қосылды.

Жылына 8 мың адамға қыз­мет көрсетеміз. Билеттің құны – 3500 теңге. Балалар үшін 3000 теңге. Көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға 50 пайыз жеңілдік қарастырылады. Келушілердің көбісі мұхитаралға қызығушылық танытады.

Сыйымдылығы үш миллион литр суды құрайтын резервуар­да бүгінде жер шарының әр түкпірінен келген теңіз фаунасының 100-ден астам түрін көрсететін үш мыңға жуық теңіз жануары мен балығы бар. Атап айтқанда, Оңтүстік Америка мен Оңтүстік-Шығыс Азияның тұщы суларының және мұхиттың жағалау аймақтары, терең сулар және маржан рифтерін қамтиды, – деп таныстырды орталықтың басшысы.

«Ailand» орталығының қызметкері Любовь Селезневаның айтуынша, аквапаркте тұрақты жаз сақталады, ал бассейндегі судың температурасы 30-32 градустан төмен түспейді.

Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов:

– Елорданың брендіне айналған орталық жылына 8 мың адамды ғана қамтуы қалай? Мектеп, колледж басшыларымен байланыс орнатып, жеңілдік ұсынып, танымдық сағаттар ұйымдастыруға болады ғой! Неге студенттер сағатын жасамасқа? – деді.

Депутаттар арнайы адамдарға қарастырылған жеңілдікті қала тұрғындары біле бермейтінін, сондықтан насихат жұмысын жүйелеу керектігін ұсынды.

Одан кейін делегация «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінің жұмысымен танысты.

Ашық аспан астындағы музейде елдің 14 облысы мен Алматы, Астана, Шымкент қаласындағы табиғи-климаттық аумақтардың сан түрлілігі мен ландшафтары, сәулеті мен құрылыс саласын қамтыған экспонаттар – тарихи және мәдени ескерткіштер қойылды.

Мұнымен Нұр-Сұлтан қаласы Бірлескен музейлер дирекция­сының директоры Салтанат Сейдімбек таныстырды.

– Музейі жазғы 3 айда ғана қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет етеді. Алайда жылда экспонаттарды жөндеу және т.б. шығындары көп. Адамдардың талап-талғамы өсті. 3D форматтағы нұсқасын әзірлеп, заманауи тұрғыда жетілдіріп, жөндеу жұмысын жүргізу маңызды, – деді ол.

Депутаттар болса, бас қаланың бас музейшісіне мәслихаттың тұрақты сессиясын ұсынып, маңызын қорғауды тапсырды.

Елорданың негізгі көшесінің бірі – Мәңгілік Ел көшесі болса, соның бойындағы негізгі нысанның бірі – «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы. Бұл нысанды жөндеуден өткізу керек. Тіпті соңғы жылдары жиі талқыланып келеді. Жаңбырлы маусымда қақпаның жер асты өткелінде белшеден су кешеміз.

Депутаттар әр нәрсені бір сылтауратқан құрылыс басқарамасының өкіліне бірінеше жылдан бері шешілмей келетінін, егер жұмыс нақты атқарылмаса, онда шара көрудің жолын іздестіруден басқа амал жоқ екенін ескертті.

Соңғы нысан – жаңадан бой көтерген зәулім мешіт болды. Жұма күнгі құлшылыққа асыққан жамағатпен бірге Алла үйін аралап, туристерді қызықтыратын объектілерді көрді.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button