#Жаңа Қазақстан

Өзекті мәселелер қамтылды

«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деп белгіленген Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі тақырыбы елдің алдағы кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуының басым мақсаттарына арналды. Елді одан әрі дамытуды қажет ететін бірқатар басым мәселе көтеріліп, маңызы жоғары және өз кезегінде шешуші сипатқа ие көптеген бағыт қамтылды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде бүгінгі таңда жаһандық экономика мен халықаралық еңбек бөлінісінде түбегейлі өзгерістер болып жатқанын, технология­лық жарыстардың қарқынын, барлық жерде ресурстар үшін бәсекенің шиеленісіп жатқанын, сондай-ақ климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі, тұрақты демографиялық даму мәселелері өзекті болып отырғанын атап өтті. Осыған байланысты Президенттің пікірі, елдің жаңа экономикалық бағытының айқындаушы қағидаттары әділеттілік, инклюзивтілік және прагматизм болуға тиіс. Ал алдағы құрылымдық реформалардың негізгілері деп мынаған айрықша мән берді: өңдеу өнеркәсібін, туризмді дамыту, қорғаныс-өнеркәсіп кешенін нығайту, отандық ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін ашу, энергетикалық қауіпсіздік, ел аумағында газдандыру жұмысын жалғастыру, «жасыл» экономиканы дамыту, су ресурстарының қолжетімді­лігі мен сапасы төңірегіндегі мәселелерді шешу. Сонымен қатар стратегиялық маңызы бар шараларды да атап өтті: цифрландыру және инновацияларды енгізу мәселелеріне баса назар аудару, кәсіпкерлік және көлік-логистика әлеуетін толыққанды іске асыру, оның ішінде автомобиль жолдарын салу мәселесін шешу, өйткені оның айналасында ел тұрғындары тарапынан көптеген сын бар.

Соңғы жылдары қабылданған шаралар шағын және ірі бизнестің тұрақты өсуін қамтамасыз еткенін, бірақ бұл ретте орта кәсіпкерліктің даму қарқыны жеткіліксіз екенін атап өтіп, Мемлекет басшысы, ең алдымен, оның дамуын тежейтін тетіктерді жоюды ұсынды. Сәйкесінше, бар күш-жігерді шағын кәсіпкерлік субъектілерінің экспорты мен оларды ірілендіру процесін ынталандыруға, өндірістердің технологиялық күрделілік деңгейі мен бизнес санаттары бойынша мемлекеттік қолдауды саралауға, негізгі нарықтардағы монополиялардың жойылуына бағыт ала отырып, субъектілер арасындағы дұрыс бәсекелестікті дамыту мақсатына жұмсау қажеттігін алға тартты. Бұл ретте Қасым-­Жомарт Кемелұлы ұлттық сауда жүйесі шегінде ғана шектеліп қалуға болмайтынын, керісінше, кәсіпкерлікпен бірлесе отырып, мықты өңірлік тауар-шикізат биржасын құру мәселесін пысықтау керек екенін айтты. Сондай-ақ елімізде жағымды кәсіпкерлік ахуалды қалып­тастыру үшін билік пен бизнес арасындағы сындарлы диалогты дамыту: отандық кәсіпкерлікті қолдау, реттеушілік әсерді төмендету және экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау, оның ішінде салық қылмыстары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту нормаларының шегін анықтаудың әділ механизмін енгізу аса маңызды.

Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан шығару бо­йынша да жұмыс жалғасады. Реформалардың негізгі жауапкершілігі, оның ішінде оларды іске асыру нәтижелері атқарушы биліктің мойнында болады. Оған тікелей министрлер мен жергілікті әкімдердің өздері жеке жауап береді. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі неғұрлым жинақы әрі икемді болу үшін түбегейлі деңгейде қайта қаралады. Сондай-ақ тапсырмалардың орындалуын мониторингілеу және бақылау тетігі қайта қаралады. Менің ойымша, бұл сыбайлас жемқорлық схемалары мен артық бю­рократияны айтарлықтай қысқартуға көмектеседі.

Әділетті Қазақстанды құру үшін тек саяси және экономикалық реформалар жеткіліксіз, азаматтардың, кәсіп иелерінің, билік өкілдерінің күш-жігерін біріктіру өте маңызды, сондықтан «Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер» деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Бауыржан СМАЙЫЛОВ,

Астана қаласы мәслихатының депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button