#Жаңа Қазақстан

Жаңа белеске жетелейді

Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын ұжыммен тыңдадық. 22 жылдық тәжірибесі бар ұстаз ретінде білім беру саласындағы жастар тәрбиесі, сапалы біліммен қаруланған саналы ұрпақ даярлау мәселесі мені де бей-жай қалдырмады.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың бұл жолғы Жолдауында айқындалған маңызды стратегиялық міндеттер мен терең мағыналы құндылықтар қатарына көптеген өзекті және маңызды дүние енді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген сөзін басшылыққа ала отырып, Әділетті Қазақстан құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз, ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Жаңа Қазақстанның жаңа тұрпатты жастарын отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ етіп тәрбиелесек, еліміз өзінің мақсат-мұратына қол жеткізетіні сөзсіз. Абайдың «Толық адам» ілімін негізге ала отырып, жастарды адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайтынына тәрбиелеу, Әділетті Қазақстан қағидатын қаперде ұстау керектігі туралы Жолдаудағы міндеттер білім саласының өкілдеріне зор жауапкершілік жүктейді.

Бала тәрбиелеудегі барша ұстаздар қауымының басты мақсаты – үздіксіз білім беру жүйесінде, яғни балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейін берілетін сапалы білім мен тағылымды тәрбиеде адал азамат қалыптастыру. Бұл ретте Президентіміз «Әділетті Қазақстан» мен «Адал азамат» сияқты ұғымдардың қоғамымызда басымдық танытуы тиіс екенін айта келе, жастар арасындағы креативтілік, мобильділік, ашық сұхбатқа дайындық сияқты қасиеттердің кеңінен таралуына назар аударды.

Жолдауда қозғалған маңызды мәселе – білім беру жүйесін реформалау, оның ішінде сапалы білім алу, сондай-ақ қауіпсіз балалық шақты қамтамасыз ету. Білім алудағы теңдікті қамтамасыз ету мақсатында Қасым-Жомарт Кемелұлы бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырды. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестиция­лық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда, жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады.

Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жаза қатаңдаса, оның ішінде білім беру мекемелерінде психологиялық қолдау қызметі күшейсе, бірыңғай сенім телефоны ұйымдастырылып, зорлық-зомбылық пен қорқыту құрбандарына көмек көрсетудің нақты бағдарламасы әзірленсе, бүгінгі буынның болашағына дәл қазіргідей алаңдамаған болар едік. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылудамыз. Бұл мақсатқа жету жолында бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарып, біріксек қана нәтижеге қол жеткіземіз. Ертеңге деген үміт пен сенім ұялататын бұл Жолдау елімізді жаңа белеске жетелейді деп ойлаймын.

Нұргүл АҚБАНОВА,

Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназия мұғалімі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button