Әлеумет

Тазалық табалдырықтан басталады

Жуырдағы Астана қаласын одан әрi дамыту бойынша өткен маңызды жиында Елбасы ерекше бiр мәселеге тоқталды. Онда «Қалада ұсақ-түйек қылмыс болмауы керек. Көшеге сағыз лақтырылса да,  жазалануға тиiс. Алғашында ескерту жасалып, ол адамға қатысты мәлiметтер базасы жасақталу керек. Бұл тәртiпсiздiк екiншi мәрте қайталанса, әкiмшiлiк жауапқа тартылып, айыппұл төленсiн. Тiптi  болмаса, үш күнге қамауға алынсын! Осы жағдайда ғана тәртiп болады. Үлкен қылмыстарға жол берiлмейдi», – дедi.
Яғни, қала тазалығын қатаң тәртiппен жолға қоюға кiрiстiк. Әрине, бұған қарсы пiкiр айтатындар да болар, бiрақ дәл осылай шара қолдану арқылы бiз тазалықты ғана емес, санамызды да адами тұрғыдан тәртiпке бағыттаймыз.
Мысалы, жапон елiнде «Сенiң жерiң – сенiң ұрпағыңның мәңгiлiк мекенi!» деген ұғым қалыптасқан. Соның нәтижесiнде балабақшадағы бүлдiршiннiң өзi бiр жапырақ қағазды көшеге тастамайды. Олар келер ұрпаққа таза, жасыл мекен қалдырамыз деген ұранды ұстанады. Ал бiз ше? Айшықты Астана тазалығына қаншалықты мән берiп жүрмiз? Осы мәселе төңiрегiнде ой бөлiсiп көрген едiк.

Несiпбек АЙТҰЛЫ,
ақын:

Елордамыз тазалық жағынан ұятты емес. Астана күн сайын көз сүрiндiретiн көркiмен айшықталып келедi. Сондықтан тазалық табалдырықтан басталуы керек. Үлкен көшелерiмiз мұнтаздай тап-таза, ал әр үйдiң маңындағы көрiнiс тазалық жағдайын әлi де болса жақсартуды талап етедi. Тазалықты сақтау – қала әкiмдiгiне ғана жүктелетiн iс емес, бұған әрқайсысымыз мән беруге тиiспiз. Тiптi, жүрiс-тұры­сының өзi, киiмдерiнiң өзi мiнсiз болу керек. Бұл ел ертеңi үшiн маңызды. Сон­дықтан бiз қаланы тазалағаннан бұрын, халықтың санасын тазалық мәселесiне бұруымыз керек. Оларды өз ортасын қорғауға, аялауға үйретсек. Айналаң тап-таза болса, сол жерге деген сенде ыстық ықылас, жанашырлық болады. Тәрбие бар жерде ғана тазалық болады. Кез келген қаланың тазалық көрсеткiшi сол қала тұрғындарының мәдени деңгейiнен көрiнедi.

Гүлнар ЖЕТПIСОВА,
Салауатты өмiр салтын қалыптастыру орталығының маманы:

Жапондардың Кориема қаласында Фукуяма деген орталық бар. Мұнда қала қоқысын залалсыздандыру мен қайта өңдеу жақсы жолға қойылған. Ал бiзде бұл мәселе өзектi. Сондықтан әзiрше тазалық мәселесiне тұрғындар өз тараптарынан қолдау көрсетсе.
Қазiр қар астынан шыққан қоқыс көп. Мұндайға кейбiреулердiң етi үйренiп кеткен. Сондықтан, әр адам өз үйiнiң ауласындағы та­залыққа жауапты екенiн сезiне бермейдi. Авто­көлiктерден де қоқыс лақтырып жата­тындарды кездестiремiз. Бұларды жүгендеу үшiн заң жү­зiнде қатаң талап керек сияқты. Ал осының бә­рiне игi бастама болатын жалпықалалық сенбiлiктiң маңызы зор. Сәуiр айынан басталған айлыққа бүкiл ұжым болып атсалыссақ, Астананың тазалығына бiр кiсiдей жұмылсақ жақсы болар едi.

Сәкен ЕЛУБАЕВ,
студент:

Тұрып жатқан қаламыздың әдемi де көрiктi және таза болғанын қаламайтын жан жоқ. Бiр қуанарлығы, бiз бұл бағытта жақсы үрдiс қалыптастырып келемiз. Тазалық жұмыстары қазiрдiң өзiнен басталып кеттi. Көшеттердiң түбi қопсытылып, кей жерлерде әктеу жұмыстары жүргiзiлiп жатыр.
Көптеген аулаларда тұрғындардың өздерi гүл отырғызып, тазалыққа бiлек сыбана кiрiскенiн көрiп қуанып қалдым. Мiне, тазалықты әркiм осылай табалдырығынан бастап сенбiлiкке немқұрайлылық танытпаса деймiн. Жалпы, менiңше, тазалық әр адамның өз бойынан басталғаны абзал.

Сауалдаманы жүргiзген
Еркежан КӨПТIЛЕУҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button