Руханият

Абайтанудың алыбына арналды

Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайында Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық-мұражайының көрмесі ашылды. «Абайтанудың асқан білгірі» аталатын көрме қазақтың көрнекті ғалымы, абайтанушы, ұстаз, ҚазССР-нің тұңғыш әнұранының авторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қайым Мұхамедханұлының 100 жылдығына арналған.

Шараны Абай мұражайының директоры Болат Жүнісбекұлы мен С.Сейфуллин мұражайының директоры, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы ашып берген соң, саяси ғылымның докторы, профессор Нәубат Қалиев, жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай, ақын Бақытжан Тобаяқов, Ербол Іргебай сынды Қ.Мұхамедхановтың шәкірттері көрнекті қайраткер туралы парасатты сөз қозғады. Көрменің ашылу салтанатына жиналған аға буын өкілдері жастарға Қайым Мұхамедхановтың ғылымдағы үлесі, күрескерлігі мен қайсарлық өнегесі турасында естеліктер айтып, ғалым тұлғасына жан-жақты тоқталды.

С.Сейфуллин мұражайында бір ай бойы өтетін көрменің қысқаша таныстырылымы өтіп, қойылған құжаттар арқылы абайтанушы ғалым, Қайым Мұхамедханұлының мұрасы, оның өмірі мен шығармашылығы, қоғамдық қызметі, абайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі, Абайдың ақын шәкірттері мұраларын жинақтап, ғылыми айналымға енгізудегі ғалымның өзіндік ұстанымдары, Абайдың әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының ұйымдастырылу, қалыптасу ісіне белсене араласуы жөнінде баяндалды.

Қ.Мұхамедханұлының өскен ортасы, балалық шағы, тәлім-тәрбие алған бастаулары, қоғамдық, ұстаздық қызметі кең арнада сипатталды. Сонымен қатар Абай қорық-мұражайының ғылыми-зерттеу, насихаттау саласындағы мәліметтер жұртшылық назарына ұсынылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button