Мәслихат

ӘДІЛЕТТІҢ ЖОЛЫНДА ЖАҢАЛЫҚ КӨП

Бақытжан Әбдірайымов

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына әділет министрінің орынбасары Бақытжан Әбдірайым қатысып, Мемлекет басшысының халыққа арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында көрсетілген тапсырмалар мен жүктеген міндеттерді орындауға байланысты атқарылар жұмыстар ауқымына тоқталды.

«Жуырда ғана біздің министрлікте Ел­басының Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы аясында кеңейтілген алқа мәжілісі өткен еді. Сол жиында биылғы Жолдаудың негізгі қағидаларын ескере отырып, әділет министрі ведомствоның келер жылға басым бағыттарын айқындап берді. Атап айтқанда, атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету бағытында алимент, жалақы сынды әлеуметтік қажетті санаттағы істердің орындалуын жеделдету тапсырылған» деді Бақытжан Жарылқасынұлы.

Оның айтуынша, министрлікте Ведом­стволық жоспар әзірленіп, соған сәйкес жеке сот орындаушыларының қолына 2016 жылдан бастап заңды тұлғалардың пайдасына тиесілі істерді тапсыру қарастырылған көрінеді.

Сонымен қатар, ол журналистерге тағы бір ерекше жаңалық туралы сөз қозғады. Вице-министрдің айтуынша, алдағы уақытта сот орындаушысы борышкердің тәркіленген мүлкін өз бетінше бағалау мүмкіндігіне ие болады, яғни,  мүлікке бағалау жүргізу үшін арнайы бағалаушы маманның көмегіне жүгіну қажет емес. Бұл  уақыт пен қаражатты үнемдейді.

Соңғы уақыттары елімізде аукционға қатысушылардың арасында Бірыңғай электронды сауда алаңы (БЭСА) да жиі қолданысқа еніп жүр. Сала мамандарының түсіндіруінше, электронды аукцион онлайн тәртібімен өткізіліп, тәркіленген мүлікті саудаға шыға­руда оған қатысы бар тұлғалардың аукцион ұйымдастырушыларымен беттесу мүмкіндігіне тосқауыл қояды.

Әділет министрінің орынбасары: «Еліміз­де жақында ғана қалыптасқан жеке сот орындаушылары институты жұмыс атқаруда. Бұл бағытта лицензияланған жеке сот орын­даушыларының көлемін мемлекеттік сот орын­даушыларымен теңестіріп, 1 250 бір­лікке дейін ұлғайту көзделуде. Қазіргі таңда олардың саны 561 маманға жетті. Сол себепті, мемлекеттік тұрғыда аталмыш қызмет көрсету саласын қолдау үшін бірқатар шаралар қолға алынғандығын атап өткен жөн» дей келе, атқарылуға тиіс тағы да бірнеше жоба туралы айтты.

Елбасының халыққа арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдау­ын талқылай келе, Бақытжан Әбдірайым ағымдағы жылдың он айында әкімшілік айып­пұлдардың жалпы саны 542 мыңнан асып түсіп, оның жалпы жиынтық құны 23 млрд теңгені құрағандығын мәлімдеді. Әсіресе, мемлекет әлеуметтік қажетті санаттағы қара­жатты – алимент және жалақыны өндіріп алу істеріне жете көңіл бөлінеді екен. Жыл басынан бері еліміздің сот орындаушылары Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 524-бабы бойынша 2359 борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тартса, 2013 жылы бар бол­ға­ны 1 646 борышкерге ғана әкімшілік жаза қолданылған.

Ал келер жылы борышкерлер айыппұл­дарын әуежайларда, теміржол және автокөлік бекеттерінде тікелей төлей алатын болды. Бақытжан Жарылқасынұлының айтуынша, қазіргі уақытта министрлік осы мәселені реттеу үшін арнаулы терминалдарды аталған мекендерге орнату туралы ұсыныс жасағалы жатыр.

Бұдан бөлек, әділет министрінің орынбасары журналистерге әділет органдарының жүйесінде жүргізіліп жатқан басқа да реформалар туралы кеңінен айтып берді. Солардың қатарында көпшіліктің сұранысына бағытталған онлайн режимде сот шешімінің орындалуына қатысты жаңашылдық болды.

«Отандастарымыз 2015 жылдан бастап, сот шешімдерінің орындалуын атқарушылық өндірістің тіркелуінен, оның толық аяқта­луына дейінгі процесті онлайн режимде бақылай алады» деді Бақытжан Әбдірайым.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button