Басты ақпаратМәдениет

Әке мен бала байқауы

Астана қаласы Білім басқармасына қарасты Әдістемелік орталығы мен Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназия «Әке – отбасының тірегі» атты қалалық байқау өткізді.

Байқау «Жеті атасын білмеген…», «Әке көрген оқ жонар», «Ер қанаты – ат» және «Асық ату ойыны» атты төрт кезеңге бөлінді. Алғашқы кезеңде қатысушылар әр қазақ баласы білуі тиіс жеті атасын таратып, әулет шежіресіне тоқталды. Ал екінші кезең әке мен бала арасындағы түсіністік пен сабақтастыққа, әкенің балаға көрсетер үлгісіне негізделді.

Әсіресе, төртінші кезең аса тартысты өтті. Оған Қазақстан Республикасы Асық ату федерациясының бас хатшысы, «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының бас редакторы Мұсағали ­Тасқалиев өз шәкірттерімен қатысып, ойын барысын қадағалап отырды. Осы кезең қорытындысында бірінші орынды Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицей, екінші орынды Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназия, үшінші орынды Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия иеленді.

«Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекдайыр Күзембай, ұлағатты ұстаз Оспан Сүлейменұлы, танымал әнші Досымжан Таңатаров, Астана қаласы Әдістемелік орталығы директорының орынбасары Жангелді Қуандықұлы, осы орталық әдіскері Ерғазы Манапұлы, «Руханият» мемлекеттік мекемесінің басшысы Әділ Орынбасарұлы, жақында ғана Барлыбек Сырттанұлының аты берілген №34 орта мектептің директоры Мұрат Ахметов қатысушылардың тіл тазалығына, сөйлеген сөздерінің мәні мен мағынасына, сөйлеу мәнеріне, ұлттық киімдеріне, сахна мәдениетіне қарап, байқаудың жалпы қорытындысын шығарды.

Бас жүлде – Дулат Бабатайұлы атындағы № 89 мектеп-лицейге (әке Нұркелді Байкісі, бала Рамазан Нұркелдіұлы). Екі бірінші орын – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы № 48 мектеп-лицейге (Нұрлыбек Сәмек, Иманғали Нұрлыбекұлы) және Қайым Мұхамедханов атындағы ­№ 90 мектеп-гимназия ­(Азамат Мәлжанбай, Абайсұлтан ­Азаматұлы). Екі екінші орын – №8 мектеп-лицейге (Болатбек Докторхан, Алмасхан Жақсыбек) және Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияға (Акбар Жорықбаев баласы Нұрасілім Акбарұлы). Ал үшінші орын Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназияға (Талғат Жаманбаев, Руслан Сейдалиев) берілді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button