Қала мен Сала

Еріктілер зейнеткерлерге көмектесті

«Игі істер» марафоны аясында елордалық студенттер қаладағы жалғыз тұратын зейнеткерлердің ауласын қардан тазартып, қайырымдылық акциясын жалғастыруда.

Соңғы күндері қалада қар көп жауды, коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Ал ауласын өз бетінше тазалай алмайтын қарттар мен жалғызілікті адамдарға елордалық еріктілер көмекке келді.

– Ата-әжелерімізге көбірек көңіл мен қамқорлық қажет. Еріктілер өздерінің игі істерінің арқасында үлкендердің батасын алады. Біздің міндетіміз – мұқтаж адамдарға көмектесу және қолдау. Осы ретте қоғамның, әсіресе жастардың саналы ойлауын қалыптастыруға, сондай-ақ ерікті қызметті дамытуға ықпал етудеміз. Біздің күшіміз – бірлікте, – деді республикалық студенттер қозғалысының жетекшісі Ұлан Наукен.

Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры Бақдәулет Жанділ­даевтың айтуынша, бұл акция күндіз-түні қаланы қардан тазартатын коммуналдық қызметтерге көмектесе отырып, жалғызілікті қарт адамдарға көктемгі су тасқынынан тұрғын үйді қорғауға атсалысады. Осыған байланысты елорда еріктілері «Өндіріс» тұрғын алабында қар тазалауға өз үлесін қосып, көмектесуге шешім қабылдады. Қамқорлыққа бөленген қарттар еріктілерге алғысын жеткізді.

– Бүгін мен көңілді және тапқырлар «Жайдарман» клубының басқа ойыншыларымен бірге еріктілерге қосылып, жалғызілікті жандарға көмектесуге бел будым. Қазіргі уақытта көмек пен қамқорлыққа мұқтаж адамдарға риясыз көмектесетіндер бар екенін түсіну керемет! Олар, шынымен де, игі іс жасап жүр. Мен мамандығым бойынша өрт сөндірушімін, бірақ осындай іс-шараға қатысқаныма қуаныштымын. Қаламыз­дың басқа да азаматтарын осындай қамқорлыққа зәру жандарды құтқаруға және оларды қорғауға шақырамын, – деді акцияға қатысушы Заңғар Балтабай.

Бұл күні еріктілер қаланың тұрғын алаптарында тұратын 50 зейнеткерге көмек көрсетті. Белсенділер қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді, қар шығару үшін арнайы техника жұмылдырылды.

Айта кетейік, елорданың кез келген тұрғыны еріктілерге қосыла алады. Ол үшін «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының @Astana_jastary Instagram аккаунтына хабарлама жазуға болады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button