Білім

Әлемді өзгертуге үлес қосады

Оқушылардың ғылыми-техникалық бағыттағы білімін арттыру, зерттеушілік мәдениетке тәрбиелеу, 3D модельдеу, робототехника және IT бағытын меңгеруге үйрету – мектеп қабырғасынан-ақ бастау алатын мүмкіндіктер. Жастайынан инновациялық жобаларын ұсынуға ұмтылған жастардың тың жобаларын қолдау мақсатында жақында Астанада робототехникадан Central Asia FIRST халықаралық чемпионаты аяқталып, тартысты сайыста топ жарған үздіктер анықталды. 100 мектеп командасы қатысқан додада астаналық озық ойлы жасөспірімдер бас қосқан «Дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушылары жеңімпаз атанды.

Central Asia FIRST халық­аралық чемпионаты – осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан робототехникадан Орталық Азиядағы ең ауқымды дода. Жоба арқылы әлемді өзгертуге үлес қосамын деген жастарды біріктіретін бірегей алаңға биыл БАӘ, Қырғызстан, Гонконг, Өзбекстан мемлекеттерінің және еліміздің әр өңірінің командалары қатысты. Чемпионатқа қатысушылар оқу жылы бойы креативті индустрия бағытында инновациялық жобаларын ойластырып, шыңдау­мен жұмыс істеді. Үш күнге созылған жарыс барысында түрлі тақырыптағы жобаларды таныстырды. Әр жобаның басты мақсаты – еліміздің өнер саласындағы өзекті мәселелерді шешуге атсалысу.

«Үздік инновациялық жоба» аталымында жеңімпаз қалалық «Дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушылары тың идеяны ұсынумен ерекшеленді. Мектептің «Stay Hydrated» тобы үнемі осындай чемпионаттардан шет қалмайды. Топ мүшелері екі жыл қатарынан жарыстарға қатысып, белсенділік танытып келеді. Мәселен, осыған дейін Алматы қаласында өткен Tech Cup чемпионатында инженерлік қабілеттері дамыған ең үздік топ ретінде танылса, биыл Үндістанда өткен халықаралық жарыста да бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрінді. Әр жарыс сайын жобасын жетілдіріп отыратын топ бұл жолы Орталық Азия елдері арасында жеңімпаз атанды. Ізденімпаз қыздардан құрылған топ додаға қазан айынан бастап қызу дайындалды. 9-сынып оқушыларынан жасақталған топта жеті адам бар. Әрқайсысының өз міндеті де айқындалған. Топта қыздардың бірі жоба сайтын, Telegram желісіндегі парақшасын жасап, SMM-мен айналысса, енді бірі жоба қаңқасын құрайды. Бағдарламалау, дизайн және робототехника саласына маманданған оқушылар осы бастан-ақ IT-саласына үлкен қызығушылық танытуда.

Аталмыш чемпионатта қойыл­ған басты талап – оқушыларға ұсынған жобалары арқылы қандай да бір өзекті мәселенің шешімін табу. «Stay Hydrated» тобы жарыста «LEDdom» атты жоба ұсынды. Бұл туралы топтың тәлімгері, «Дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының информатика пәні мұғалімі Мәншүк Даку кеңірек айтып берді.

«Қыздардың ұсынған жобасы – домбыра үйрететін Arduino қосымшасы еді. Ол ұлттық аспапты үйренемін дейтін пайдаланушыларға арналды, бұл жоба арқылы музыкалық аспапты жетік білу бойынша арнайы курстарға барудың қажеті жоқ, пайдаланушылар өздері-ақ үйреніп алады. Led – жарық, dom – домбыра мағынасында қойылған жобаның басты идеясы – адамның шығармашылық қабілеттерін дамытуды жеңілдету. Яғни бұл әлеуметтік желідегі бейне сабақтар мен курс мұғалімдерін алмастыруға мүмкіндік береді. Жоба әркімге домбыраны өз бетінше меңгеруге үйретіп қана қоймай, перне ретін есте сақтап, ноталарды тез жаттауға көмектеседі» деді М.Даку.

Бағдарламалаумен айналысқан топ басшысы Мерей Мұратова жобаны қараша айында өткен жарыста ұсынып, әр дода барысында өзгертіп, қосымша функцияларын енгіздік дейді.

«Домбыра мойнына жарық шамдарды жабыстырып, Arduino қосымшасымен байланыстырдық. Одан кейін қосымшаға күйлердің сандық ноталарын енгіздік. Яғни бағдарламаны қосып, күй шертерде үстіңгі ішегі – жасыл, астыңғы ішегі – қызыл, қос ішегі – көк түсте жанады. Жылдамдықты азайтып көбейтуге, алдыға артқа жылжуға не тоқтап қайтадан бастауға мүмкіндік беретін арнайы функциялары да қарастырылды. Көзі нашар көретін адамдарға да жобаның пайдасы орасан, себебі олар кез келген күйді түрлі-түсті жарықтың көмегімен шерте алады. Жобамыздың басты мақсаты – ұлттық аспапты ұлықтап, көптің үйренуіне себепкер болу» деді топ басшысы.

Ізденімпаз, амбицияға толы жас инженерлердің ендігі мақсаты – жобаларын көпшілікке таныстырып, нарыққа шығару.

«Алдағы уақытта бірнеше күй қосып, домбыра үйрену жолын жеңілдеткіміз келеді. Әр қазаққа домбыраны үйретіп, патриоттық сезімін оятып, ұлттық аспапты әлемдік деңгейде ұлықтау – басты міндетіміз. Бұл жобаны стартап ретінде танытып, демеушілерді тарту арқылы үлкен баспалдақтарға көтерілу ойда бар. Себебі жобаға сұраныс бар екенін білдік. Чемпионат барысында келушілер, әсіресе балалар қатты қызықты. Өзгелердің кері байланысы әрі қарай алға жылжуға шабыт сыйлап, бойымызға қанат бітіреді. Сондықтан біз дамуды тоқтатпаймыз» деді Мерей.

Оқушылардың айтуынша, мектепте бағдарламалау негіздерін дамытуға көп көңіл бөлінеді. Сөздерінше, жобаларын жүзеге асыруда мұғалімдердің қолдауы мен салалық пәннің берері көп болды.

Робототехника не «ақылды» құрылғыларды бағдарламалау – инженерлік бағдардың негізі әрі заман талабы. Бүгінде оқушылардың басым бөлігі техниканың қыр-сырын меңгеріп, өз жобамды әлемге танытсам дейді. Ал бұл жолда бағдарламау дағдыларын меңгерген жастар үлкен өмірге қадам басқанда, алдағы сын-кедергіге сақадай сай тұрады. Озық IT маманы, мықты инженерлер мектептен-ақ тәрбиеленіп шығады. Ең бастысы, ұсынған стартап-жобалары қоғам игілігіне жұмсалады.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button