Мәдениет

Әлия бейнесін сомдаған

Биылғы қаңтар айында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқанына 80 жыл толды. Бар болғаны 19 жасында ел қорғау жолында құрбан болған қазақтың қаршадай қызы туралы әдеби шығармалар мен әндер жазылды, көркем және деректі фильмдер түсіріліп, спектакльдер сахналанды. Соның әзірге соңғысы – өткен жылдың аяғында М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында қойылған Қанат Жүнісов пен Игорь Сединнің «Әлия» драмасы.

Қойылым, негізінен, Әлия Молдағұлованың соғысқа алынып, мергендерді даярлау мектебіндегі кезеңінен сыр шертеді. Онда халықтар достығы, түрлі ұлт қыздарының бауырмалдығы, Әлияның сабақты бірден қағып алатын зеректігі, қажыр-қайраты жақсы көрсетілген. Әлия бейнесін жас актриса Айжұлдыз Халикова сәтті алып шықты.

«Маған Әлия бейнесін сомдау оңай тиді деп айта алмаймын. Батыр қыз жайында қолымда көп ақпарат та болмады. Бірнеше хатпен, оның өміріне қатысты кейбір деректермен таныстым. Мен үшін оның жан дүниесін ашу маңызды болды. Сондықтан кейде қиялға ерік беруге тура келді. Бұл бір жағынан қызық болса, екінші жағынан моральдік тұрғыдан ауыр болды. Пьесаны алғаш оқығанымызда тебіренбей тұра алмадық. Кейбір оқиғалар, тіпті көзге жас алғызды. Жиырмаға толмаған қаршадай қыздың өмірде көрмегені жоқ еді. Жастайынан жетім қалып, жалғыз ағасынан айырылды. Сүйікті адамдарын ерте жоғалтты. Өзім оның жұрт айтатындай өр, асқақ бейнесін емес, нәзік жүрегін, махаббатын көрсетуді мақсат тұттым» дейді Айжұлдыз.

Оның айтуынша, Қанат Жүнісов пен Игорь Седин бірлесіп тудырған пьеса ешкімді бейжай қалдырмайды. Соның ішінде драманы қоюшы режиссер Игорь Седин сюжетті Әлияның өзіне ғана емес, Отанға деген махаббатқа, өмірге құштарлыққа, адамдарға сүйіспеншілікке құрды. Спектакльде басты орынға отаншылдық сезімі шығарылған. Актерлер қойылымда кейіпкерлерді сомдау арқылы осы сезімді бастан кешті.

«Қазіргі күрделі заманда адамдарға махаббат керек. Адамзат сүйе біліп, сүйікті болуы қажет. Біз сол үшін жаралғанбыз. «Әлемді махаббат құт­қарады» дейді, мен соған сене­мін» дейді Айжұлдыз.

Қазақ ұлттық өнер университетінде Сергей Матвеев пен Наталья Матвееваның шеберханасын бітірген Айжұлдыз М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында істеп келе жатқанына сегізінші жылға кетті. Талантты жас актриса КСРО халық әртісі Шолпан Жандарбекова атындағы XXVIIІ республикалық театрлар фес­тивалінде А.Островскийдің «Найзағай» драмасындағы бейнесі үшін «Шолпан жұлдыз» арнайы аталымын иеленді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button