Мәдениет

Ағымбаевтар мұрасы – «Наз» тарихы

Астана қаласы Мемлекеттік архивінің ұйымдастырумен қала әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театрының негізін қалаушылар, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Еркебұлан Ағымбаев пен театрдың көркемдік жетекшісі – бас балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қадиша Ағымбаеваның отбасылық архив қорын тапсыру іс-шарасы өтті.

Астана қаласы Мемлекеттік архиві директоры Берік Төребеков бұл істің келешек ұрпаққа мәні зор екенін, Астана қаласының Мемлекеттік архиві қорлары үшін аса құнды дереккөзі болып есептелетінін атап өтті.

– Сарыарқа төсіне елорданың көшуіне барлық сала мамандары атсалысты. Өнер адамдары да сырт қалған жоқ. Еркебұлан, Қадиша Ағымбаевтар – Астананың мәдениетін көтеруге, оның ішінде хореография саласын дамытуға білек сыбана кіріскен азаматтар. Тыңнан түрен салып, жаңа бағыт, үлкен ізденістерге барды. «Наз» би театры – тек ел ішінде ғана емес, дүниежүзін аралап, бірнеше мемлекетке гастрольдік сапармен барып, қазақтың ұлттық би өнерін паш еткен кәсіби ұжым. 1998 жылы іргетасы қаланған театр­да бүгінде театрмен құрдас өнерлі жастар еңбек етуде. Ширек ғасыр бойы бұл ұжым биік белестерді бағындырып келеді. Келешекте ғалымдар би өнерін зерттегенде, «Наз» театры туралы ғылыми жұмыстар жазғанда, мұрағаттан тауып алары сөзсіз, – деді педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Тілеуғали Қышқашбай.

Іс-шарада Еркебұлан ­Ағымбаев «Наз» театрының құрылу тарихын еске алды. Ал Қадиша Ағымбаева театр репертуарында би қойылымдарынан бөлек, бірнеше хореографиялық спектакль барын айта келе, республикамызда қаншама би ұжымы болса да, «Наздың» өзіндік қолтаңбасы қалыптасқанын,  осы күнге дейін театрда билеген бишілер саны 200-ден асқанын, соның ішінде өз мектептерін ашқандар бар екенін айтты.  «Наз» мемелкеттік би театрының архивисі, Архив саласының үздігі Зайра Хабдуллина архивке тапсырылған материалдар «Ағымбаевтардың отбасылық қоры» деп аталғанмен, тұтастай «Наз» мемелекетік би театры тарихы мен өнері туралы сыр шертетінін атап өтті. Астана қаласы Мемлекеттік архиві ғылыми-зерттеу және ақпараттық жұмысы қызметінің басшысы Ғазиза Исахан  Астана қаласының құрылу тарихы бас қаланың өнер ұжымдары тарихымен ажырағысыз екенін айтып, Еркебұлан мен Қадиша Ағымбаевтардың құжаттары арқылы «Наз» мемлекеттік театрының тарихын да білуге болатынын жеткізді.

                                                                                        Толқын Сұлтан

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button