Қоғам

Әйел депутатты әлеуметтік мәселе көбірек алаңдатады

Қарақат Әбден –  белсенді депутаттардың бірі. Тоғыз айдың ішінде ол біршама істер атқарып үлгерген. Бір ғана мысал, жуырда депутат ханымның арқасында бес жылдан бері көтерілмей келе жатқан мектепке дейінгі жекеменшік мекемелерді  дотациялау  мәселесі көтерілді. Сонымен қатар, осыған дейін 18 әртүрлі басшылыққа  депутаттық сауал жіберілген. 

5555-1

Кейіпкеріміз біріншіден депутат, сүйікті жар және ғалым экономика ғылымының кандидаты. «Жалпы, адам тек табыс табуды ғана ойламау керек. Ана ретінде ойланатын депутат болғым келеді. Мәселен, мен – үш баланың анасымын. Күн сайын айналамнан неше түрлі мәселені көремін. Біз тіл, тіл дейміз де, бірақ нақты ештеңе бере алмаймыз. Бір кездері қазақ тіліндегі ертегілерді балаларыма тауып беру мұң болатын. Қазір бұл мәселе реттеліп келеді. Осыған орай, ағылшын, қазақ тілін жүйелі оқытуға байланысты ұсыныстарым бар. Оның үстіне, депутаттардың дені – ер азаматтар. Ал әлеуметтік мәселелерді кім шешеді? Әрине, депутаттардың арасында ақылды, жан-жақты ойлайтын азаматтар көп. Десе де, әйел затының жағдайын тек әйел ғана біледі. Әйел не айтуы мүмкін? Ол отбасы мен баласы туралы, денсаулық пен білім, мәдениет пен мораль жайында айтады. Сондықтан маған сенім артқан екен, демек, мен ең бастысы отбасы, балалар, әйел тақырыбын көбірек қаузаймын. Бірақ, халық қалаулысы болғаннан кейін бір ғана нәрсемен шектеліп қалуға болмайды. Депутат жан-жақты болуға, айналасындағы барлық мәселені көре білуге міндетті. Мұның алдында 12 жыл Қар­жы министрлігінде, салық саласында еңбек еттім. Осы тәжірибемнің бәрі жұмыс барысында көмегін тигізіп, аталған мәселеге жан-жақты қарауды үйретті. Жасым ұлғайған сайын отбасы, бала туралы азаматтық позициям артып келеді» дейді Қарақат Жақсылыққызы.

Қарақат Әбденнің жұ­мыс үстелінде тұрақты комис­сиясының мәжілісінде қаралатын Астана қаласының салауатты өмір салтын қалып­тастырудың мемлекеттік саясатын іске асыру жағ­дайлары және шаралары туралы құжаттар жатыр екен. Сұхбаттасуға келер алдында осы қағаздармен мұқият танысып отырғандығын жеткізді. Яғни, қаламызда әрбір аулада воркаут тренажер алаңдары көптеп салынса тиімді болатынын айтты. Ол біріншіден арзанға түссе, екіншіден жас та, жасамыс та қалауынша спортпен шұғылдана алады.

Жуырда депутат Қ.Әбденнің қабыл­дауына жалғызбасты әйел келген екен. Ол күйеуінен ажырасып кеткендігін және екі баласы үшін материалдық көмек алғысы келетінін айтыпты. Алғашында Қарақат Жақсылыққызы әр әйел отба­сын сақтап қалуға міндетті екендігін білдірді. Сөйлесе келе әлгі келіншектің үлкен баласы аутизммен ауыратыны, күйеуі сол үшін тастап кеткендігі белгілі болады. Ал екінші баласын балабақшаға орналастыра алмай жүр екен. Содан депутат ханым үлкен баласын оңалту орталығында өтіп кеткен кезегін қайта қалпына келтірткізіп, кіші баласын кәсіпкер құрбысына өтініш жасап, жекеменшік балабақшаға тегін орналастырады.

Әңгіме барысында депутат Қарақат Әбден елордада мүгедек балаларға ар­налған мемлекеттік оңалту орта­лықтары көптеп салыну керектігін айтты. Се­бе­бі, Астанадағы бар орталық жекенің қолын­да көрінеді.
Депутат үшін Астана қаласында жас қыздардың тәрбиесі өте өзекті. Ол   – «Қазақ қызы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Қазақ Қызы» мәдени-инабаттылық қыздар институтының авторы және құрылтайшысы. Бұрын «Қазақ қызы» мәдени-ина­баттылық қыздар институтын­да жетім және көп­балалы аналардың қыздары да білім алса екен деп армандаған екен. Сол ниеті әкімдіктің қолдауымен мамыр айында жүзеге асып, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың, көп балалы отбасылардың қызда­ры институтта білім алып жатыр.

Депутаттың әлеуметтік желі­лер – «Фейсбук» пен «Инстаграмда» па­рақ­шасы бар. Сайлаушыларымен әркез байланыста. «Маған тек бір ғана нәрсе жетпейді – ол уақыт. 24 сағат маған аз. Осы уақытымды пайдалы іске жұмсағанымды жөн көремін. Жұ­мысымның нәтижесін көрсем, өзімді ба­қытты сезінемін» дейді депутат.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button