Басты ақпаратМәдениет

Ақан САТАЕВ, кинорежиссер, продюсер: АНА МЕН ЕЛ ТАҒДЫРЫ

Ахан Сатаев

– Сіздің «Анаға апарар жол» атты кинокартинаңыз қазіргі қазақ киносының жемісі екені даусыз. Оны көрермен жылы қабылдап отырғаны да баршаға аян. Үлкен жетістік үлкен күш-жігерді қажет ете ме екен?

– Әрине, шығармашылық жұмыстың қай түрі де терең толғаныс пен көп еңбекті, сонымен қатар, ізденімпаздықты қажет етеді. Онсыз жақсы дүние тумайды.

– Фильмді түсіруге қанша уақыт кетті?
– Киноны түсіру жұ­мыстары 2015 жылдың наурыз айында бас-талған. Өздеріңіз куә болғандай, ондағы картиналар жылдың әр мезгілінде түсірілген. Соған орай, шығармашылық жұмыс та қажет мерзімге жоспарланған болатын. Өйткені кино жұмысы алаңда түсірумен ғана бітпейді. Оны монтаждау, өңдеу, әрлеу жұмыстары бар. Дегенмен бұл кино тура бір жылдан кейін, яғни осы жылдың наурыз айында дайын болды.
– Мамыр айында, яғни Жеңіс күні қарсаңында осы киноның тұсауы кесіледі деп хабарланған еді. Бірақ көрерменге күзге дейін күтуге тура келді…
– Негізінде, бұл кино «Қа­зақфильм» АҚ қолдауымен, «Новый Мир Продакшн» продюсерлік компаниясының жетекшілігімен түсірілді ғой. Ал киноның көрсетілімі, прокатқа шығарылуы мәсе­лесін продюсерлік компаниялар өздері шешеді. Менің білгенімдей, бұл киноның көктемде көрсетілмей қалуына себеп болған жағдайлар бар. Ол – киноның кең таралуына алғышарт жасау, оны жарнамалау жұмыстары. Өз басым бұл киноның Жеңіс күні қарсаңында көрсетілуі міндетті еді деп ойламаймын.
– Негізінде, соғыс жайлы фильмдер аз емес қой. Сонда да «Анаға апарар жолды» Жеңістің 70 жылдығына арналды деп, соғыс тақырыбына теліп қойғысы келетіндер бар.
– Алдымен, бұл фильмнің идеясы қалай туғанын айтайын. Мен өзім өнерлі отбасында дүниеге келгенмін. Әке-шешем де өнер адамдары. Сондықтан болар, ерекше тағдырларды әсерленіп айтып отырушы еді. Бір жолы біздің бұрынғы ауылымызда ұлы соғысқа кеткен соң отыз жыл бойы жолын тосқан ана туралы естіп қалдым. Шамасы, ұлы майданда қаза тапса керек. Бірақ анасының баласының ажалына мойын ұсынғысы келмейді. Сөйтіп күн сайын ауыл сыртына шығып, бір ағаштың саясына отырып, алысқа қарап, ұлын тосумен болады. Солай отыз жыл жүріпті… Осы әңгіме менің ойымда өшпестей боп қалып қойды. «Анаға апарар жол» фильмін түсіруге сол естелік түрткі болды деп айта аламын. Дегенмен бұл фильмге көп адамның үлесі тиді. Сценарий авторы Тимур Жақсылықов көп еңбек сіңірді. Сол секілді мемлекет қайраткері Мұхтар Құлмұхамед ағамыз да өз идеясын қосып, байытқанын айта кету керек. Фильмнің Бас продюсері – Әлия Назарбаева.
Жалпы, мен бұл киноның өзегі соғыс тақырыбы ғана дей алмаймын. Өйткені мұндағы кино сюжеттерде Қазақстан аумағындағы бірнеше тарихи оқиға қамтылған: ұжымдастыру кезеңі, барша халқымыздың трагедиясы – ашаршылық, екінші дүниежүзілік соғыс және соғыстан кейінгі жылдар… Осының бәрін бір тағдыр арқылы бейнелеп өттік. Бірақ мұнда адамды тек қана махаббат, үміт сақтайтыны меңзел­гендей болады.

Анаға апарар жол

– Фильм қай тілде түсірілді?
– Кино картиналар негізінде қазақ тілінде түсірілді. Бірақ ондағы кейіп­керлерді ре­тіне қарай орысша да, түрікше де сөйлетуге тура келді.

– Бұлай сұрап отырға­ным, киноның қазақ ті­ліндегі нұсқасы прайм-таймға шығарылмағанына көпшілік наразылығын білдіріп жатқан. Сіздіңше, көрерменнің бұл реніші орынсыз ба?
– Көрермен реніші орынды. Бұл шынымен өкінішті жағдай болды. Негізінде фильмді прокатқа алып, кө­рерменге ұсынатын кинотеатрлар ха­лықтың сұранысы мен ықыласын өздері қадағалауы керек еді. Осы жағдайды байқағаннан кейін продюсерлік компаниямен бірге тиісті орындарға хат жазып, ұсыныс жасадық. Өз тарапымнан да екі рет хат жолдап, көрермен талабын ескеру қа­жеттігін айтып өтіндім. Қазіргі күні бұл қателік реттелген шығар, ки­ноның қазақ тілінде көрсетілімі көбейтілген болар деп ойлаймын. Жалпы, бұқара халықтың дер кезінде осындай талап қойып, мемлекеттік тілдегі көрсетілімдерге қолдау білдіріп жатқаны мені де қуантады.

29-06-2016-anaga-aparar-zhol-1

– «Анаға апарар жол» фильміндегі кино картиналардың өз елі­мізде ғана емес, Беларусь және Әзірбайжанда түсірілгені белгілі. Баку мен Минскте негізгі ұрыс эпизодтары, соның ішінде «Днепрді алу» көрінісі түсіріліпті. Жаппай эпизодтарға 500-ден аса жігіт қатысса, олардың арасында арнайы каскадерлер мен Төтенше жағдай қызметкерлері де болыпты… Мұндай туындыға аз қаражат кетпеген болар?
– Расында да, кино картиналар бірнеше елде түсірілді. Мысалы, Минскіде 30 ұрыс қойылымы түсірілді. Біз «Днепрді алу» көрінісінің өзін 10 күн түсірдік. Жаңа өзіңіз айтқандай, кинода жалпы 500-ге жуық жігіт қатысса, 300 жауынгерлік қару-жарақ пайдаланылды. Мұның бәрі біз үшін техникалық жағынан үлкен сын болғаны рас. Біздің сыналған, ширатылған тұсымыз да осы деуге болады. Мұндайға, әрине, аз шығын кетпейтіні белгілі. Бірақ біз соған сай еңбек ете алдық деп ойлаймын. Өте салмақты, ірі жобаны жүзеге асыру қолымыздан келді деп есептеймін.

– Нақты қанша қаражат кетті, айта алмайсыз ба?
– Киноның шығынын про­дюсерлік компания мойнына алған. Сон­дықтан мен айта алмаймын. Біз бұл жерде жобаны жүзеге асырушы ғанамыз.

– Кино картинаның «Еуразиялық көпір» халықаралық кино­фес­тивалінде Гран-приді иемденуі, кинода басты рөлдердің бірін сомдаған актрисамыз Алтынай Нө­гербектің «Ең үздік әйел бе­несі» жүлдесін алуы қазақ киносының жетістігі екені рас. Алда бұл фильмнің тағы қандай игілігі болады деп ойлайсыз?
– Бұл фильмді біз ма­териалдық пайда табу үшін түсірген жоқпыз. Мұнда ең бастысы, із­гілік, патриоттық сезім, анаға, адамзатқа, туған Отанға, отандастарға деген сүйіспеншілік дәріптелген. Кино бүгінгі таңда қо­ғамдағы ең үлкен тәрбие, идеология құралы екені рас болса, бұл картина талай жүрекке жылу береді ғой деп ойлаймын.

Әңгімелескен:
Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button