Басты ақпаратМәдениет

«Аладдинді» қазақша сөйлеткен

Өткен аптадан бері отандық кинотеатрларда Уолт Диснейдің «Аладдин» фильмі қазақ тілінде көрсетілуде. Бұл кино – «Болашақ» корпоративтік қорының «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақша «сөйлеген» 29-шы туынды. Жуырда бізге «Аладдинді» аударған кәсіби маман Әсел Мамыровамен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Әңгіме барысында ол Дисней мульт­фильмдерін аударудың қыр-сырымен бөлісті.

Аудармаға кіріспес бұрын кейіпкерлермен танысу керек

Әсел Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынас­тар және әлем тілдері университетінің аударма ісі мамандығын бітіріпті. Он жылдан бері 31-арнаның дубляж бөлімінде аудармашы болып істейді. 2017 жылдың күзінде елордалық Aray Media Group студиясы Әселге хабарласып, «Коконың құпиясы» анимациялық фильмін аударуға ұсыныс жасаған. Содан бастап әлі күнге дейін аталған студиямен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Осы уақытқа дейін Әсел Дисней туындыларынан «Коконың құпиясы», «Монстрлар демалысы – 3», «Суперотбасы – 2», «Ральф интернетке қарсы», «Дамбо» және «Аладдин» фильм­дерін қазақ тіліне аударыпты. Қазір «Ойыншықтар хикаясы – 4» және «Арыстан патша» фильм­дері бойынша жұмыс істеп жатыр.
Оның айтуынша, киноны аудару – бірден жасала салатын оңай шаруа емес. «Аудармаға кіріспес бұрын сол фильм жайлы, оның кейіпкерлері туралы жан-жақты ақпаратты ғаламтордан іздеймін. Бұрын түсірілген бөлімдері немесе нұсқалары болса, соларды да міндетті түрде қарап шығамын. Мұнымен қоса, бізде «Шығармашылық хат» деген құжат бар, сол жерден қаһармандардың жасы, мінез-құлқына қатысты толық мағлұмат оқимын. Видеоны басынан аяғына дейін мұқият көріп, содан соң ғана аудармаға кірісемін» дейді Әсел.

Вампирлердің қалжыңын қазақшалау қиынға соқты

Аударма жасау ісінің қиын тұстары жетерлік. Әсел солардың бірнешеуін былайша тізіп берді:
– «Ральф интернетке қарсы» фильмінде ғаламторға қатысты терминдер өте жиі кездеседі, олардың қазақ тілінде әлі нақты аудармасы жоқ. Ал «Коконың құпиясы» мультфильмінде мексикалықтардың әдет-ғұрпына байланысты біз үшін жаңа сөздер көп болды. «Монстрлар демалысы – 3»-те айтылатын қалжыңдардың бәрі-дерлік вампирлердің ерекшеліктеріне негізделген. Бұларды қазақшалау үшін көп ізденуге тура келді, – дейді ол.
Бұдан бөлек, балаларға арналған басқа тілдегі туындыны қазақшалағанда, оны кішкентайлардың түсінігіне, қабылдауына, тіліне барынша ыңғайластырып аудару қажет. Кейіпкерлерді тым жасанды сөйлетіп қоюға да болмайды. Сондықтан арасына кейде заманауи, ауызекі стильдегі сөздер де қосылады. Мәселен, «Аладдин» киносында Жынның «Қыз сынып тұрса, ханзада болып не керек» дейтін жері бар. Осындағы «сыну» сөзі бір қарағанда дөрекілеу естілгенімен, кейіпкердің аузымен барынша табиғи шықты.
Айтпақшы, «Аладдин» киносы мюзикл жанрындағы дүние болғандықтан, мұнда қаһармандар көп әндетеді. Аудармашының міндеті – әлгі өлең жолдарын түсінікті етіп аудару екен. Ал сол мәтінді ақын Рахат Әбдірахманов өлең ретінде құрас­тырыпты.

Диснейдің киносында «қалыңмал» қайдан жүр?

Аудармашының міндеті фильм­­дегі сөздерді бар күйінде аудара салу деп ойласаңыз қателесесіз. Мысалы, киноның басында Аладдинді «street rat» деп мазақтайды. Сөзбе-сөз аудармасы – «көшедегі егеуқұйрық». Ал Әсел болса, оны контекске сай «қайыршы» деп алғанын айтады. Сол сияқты, түпнұсқада «He’s still just a monkey» деген сөйлем бар. Оның тікелей аудармасы – «Десе де ол бар болғаны маймыл», ал аудармашы мұны «Маймылдың аты – маймыл» деп өзгерткен. Тағы бір мысал, «No, no, we had a connection» деген Аладдин сөзінің дәлме-дәл аудармасы – «Жо-жоқ, біз байланыс орнаттық», ал қазақша нұсқада оны «Жо-жоқ, біз сөйлесіп жүрміз» деп берген.
Киноны тамашалау кезінде бірнеше қазақша мақалды, қазаққа тән сөздерді де құлағымыз шалып қалды. Мысалы, Аладдин мен Жын екеуі Аграба патшасының сарайына кіргенде «Қалыңмал әкелдік» деп жар салады.
– Фильмнің түпнұсқасында оны «сый» деп береді. Бірақ біздің әдет-ғұрпымызға сай оны «сый» емес, «қалыңмал» дегеніміз дұрысырақ. Бұдан бөлек, тағы бір тұста жолбарысты «піш-піш» деп шақырттық. Мысықты «піш-піш» деп шақыруды әр қазақ біледі ғой. Сәйкесінше бұл да – бала үшін күнделікті өмірден алыс емес ұғым. Осы орайда режиссер Шах-Мұрат Ордабаев, редактор Еркебұлан Әбдірахманов, мәтін үйлестіруші Гүлжан Сауртаева сияқты команда мүшелерінің еңбегін айтпай кетуге болмас, – дейді Әсел.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button