ӘлеуметБасты ақпарат

Әлдилей бер, Астана!

8 наурыз мерекесінде ең бақытты астаналық арулар ана атанып, баға жетпес сыйға кенелді.  Бұл күні елордада 61 нәресте дүниеге келді – 25 ұл, 36 қыз. Мейрам қарсаңында жаңа өмірдің бастауы – перзентханаға жол түсті.

ERM_9166

№2 Перинаталдық орталық. Келуімізді күткен дәрігер бізді бірден қабылдау бөлімшесіне ертті. Жүкті әйелдің алдынан ашылатын алғашқы есік осы екен. Бас дәрігердің алдын ала емдеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Бақыт Айымбетованың айтуынша, күніне мұнда 60-70 әйел жеткізілсе, әне-міне боса­нуға кезі келгені – қырық шама­лас. Сауалнама толтырып, пала­таға қабылданып жатқан жас келіншек сөзге келместен суретін түсіруімізге келісті. Камера­дан қысылмай, домаланған ішін алға керіп бойын түзей бас­­та­­ғаны ерекше сүйкімді. Көп­тен күткен сәттің жақындап, бұ­йырса, ана атанатынына қуа­нып отыр­­ға­ны күлімдеген көзі­нен білініп тұр. Юлия толға­ғы кел­генін се­зіп, күйеуіне жедел-жәр­дем ша­қыртыпты. Бұл 25-тегі келін­шектің алғашқы пер­зенті болмақ. «Табиғи жолмен өзім босанамын!» деп отыр. Ауыр­сынуға шыдап өзін батыл ұс­тайды. Аман-есен жеңіл­денуін тіледік те босану залына көтерілдік.

Дәліз бойымен жан-жағыма мұқият қарап келемін. «Бо­сандыру бөлімшесі 10 орын­ға есептелген. Толғағы қыс­қандар саны одан көп болған жағдайда қосымша кере­ует­тер қойылады. Ал, баласын дүниеге әкелгеннен ке­йін 2 сағат өткенде әйелдерді бо­санғандардың палатасына ауыстырамыз. Үздіксіз жұмыс істейтін біздің орталықта жыл басынан бері 1377 сәби өмірге келді» дейді Бақыт Жексенқызы.

Қабырғада ілулі тұрған тақ­таға қарап тоқтай қалдым.

– Босанатын әйелдердің тізімі ғой. Фамилиясын, жат­қан палата нөмірін, диагнозын, әр тексерістің уақытын көрсетеміз. Бала туылған соң, бәрін өшіріп, аты-жөні тұсына «ауыстырылды» деп жазамыз, – дейді аға акушер Алмаш Рахымбекова.

Есіктері шынылы болған соң палаталардың ішіне көз жүгіртіп шықтым. Байқа­ға­нымдай, әр әйел толғақты әр­түрлі көтереді. Бірінің артық қоз­ғалуға мұр­шасы жоқ, екін­шісі әрі-бері аудары­лып ыңырсып жатыр, арасында жаны шығып кетердей шырыл­­дайды, ал енді бірі бар ынтасымен үлкен шардың үстіне отырып, жүктілерге арналған жаттығуларды жасауда.

«Мен бұл жерде әйелдер құлақ тесерлік дауыспен ай­қайлайды, жан түршіктірер у-шуды естимін деп елестеткен едім» дегенім сол еді, «Ойбай-ау, қызым, тұрмысқа шықпағансың-ау? Кейде жүкті әйел 7-8, тіпті, 12 сағат бойы толғатуы мүмкін. Иә, рас, бүкіл бөлімшені басына көтеріп, бәрімізді мезі қылып жіберетін әйелдер де кездеседі. Тоқтамай шың­ғыра берсе, баланың халі не болмақ? Өкіріп жылайтын түгі жоқ! Шыдау керек» деп күлді Алмаш апай.

ERM_9108

Жаратушының жасампаз сыйы – ананың дүниеге бала әкелуін өз көзіммен көрсем дедім.

– Келесі кезек кімдікі екен? – деп сұрадым. Аналардың босанатын уақыты әлі жетпеген екен. Перзентхананың өзге де қызметтерімен танысып, босану залына бір айналып келетін болдық.

Қабылдау-диагностикалық бөлімшенің жоғары санатты аға акушері Елена Мамраева бізді әйелдер кеңесі бөлімшесіне бастады: «Жүкті әйелдер алдымен емханада қаралады. Дәрігердің жолдамасымен бізге жіберіледі. Яғни, перзентханаға толғақ қысқан және босану кезіндегі қаупі жоғары әйелдер ғана жатқызылады» деп түсіндірді.

Біз кіргенде 38 жастағы әйел Умида Абдешова есімді акушер-гинекологтан дәрігерлік кеңес алып жатыр екен.

– Қан қысымы, дене қызуы қалыпты, жүктіліктің 32-інші аптасы жақсы жалғасуда. Қауіп-қатер байқалмайды.

– Мен табиғи жолмен босанудан қорқамын, кесарь тілігін жасатқым келеді, – деді кенеттен.

– Қорқатын жөніңіз жоқ.

– Жас емеспін. Құрбыларым «Қырыққа таяған шағыңда табиғи босану қауіпті ғой, ондай тәуекелге бармай-ақ қой» деп жатыр.

– Дәрігерді тыңдау керек. 32 аптаға дейін еш қауіп бол­­маған, ары қарай да бәрі дұрыс болады.

– 10 жыл бұрын құйым­ша­ғым сынған. Содан сезіктеніп жүрмін.

– Бұны неге бұрын айтпа­дыңыз? Травматологқа тек­серіліп, маған оның қорытын­дысын алып келіңіз. Қай жолмен босанатыныңызды консилиум шешеді, – деді дәрігер.

Умида Абдешованың айтуынша, өзі тууға қауқарлы әйелдер кесарь тілігін жасатуды қалайды, ал кесарь тілі­гімен босандыру ұсы­нылған әйелдер өзі туғысы келетін жағдайлар жиі кездеседі. Мұ­ның бәрі бас дәрі­гердің орын­басары, бөлім меңге­ру­шісі, емдеуші дәрігер және жүкті әйелдің өзі қаты­сатын консилиумда шешіледі.

Бұдан бөлек, перзентхана ішінде «Аналар мектебі» де жұмыс істейді. Жүктіліктің 12-ші аптасына дейін, 12-28 және 28 аптадан ары қарай үш кезеңге бөліп, әрқайсысында «әйел адам қалай тыныстап, не жеу қажет, қандай киім киген дұрыс, перзентханаға келерде қандай заттарды алып шығу керек?» деген сынды сұрақтар бойынша дәрістер оқылып, оларды дүниеге сәби әкелуге моральдік тұрғыдан да алдын ала дайындайды.

«Аналар мектебі» түлек­тері­нің жағдайын білмек ниетпен босанудан кейінгі бөлімшеге жүрдік. Аурасы – жанға жайлы. Қиындық ар­тындағы ғажап жеңілдік сезіледі. Палатада жаңа туған сәбиін емізіп, құмарлана иіс­кеп екі жас ана отыр. Екеуі де өмірге «кестетігер» әкел­ген. «Бауы берік болсын!» айттық. 28 жаста сәбилі бол­ған Жұлдыз «Өмірдің нағыз бақытын сезіндім! Тіпті, кү­йеуге шыққанымдағы сезім­нен де артық қуаныш екен» деп ағынан жарылса, екінші баласын босанған Гүлнәр «Жанымды қоярға жер таппай, қатты қиналғанда «Енді бала көтермеймін!» деген шешімге келесің. Алайда, шыр етіп дүниеге келген бауыр етің – нәрестеңнің дауысын естігеннен-ақ, бар ауырлықты ұмытып, бір-ақ сәтте жеңілдеп қаласың!» дейді көңілденіп.

Иә, адамнан адам шығу оңай ма?!

ERM_9447

Былтыр Қытайдағы еркек­терге толғақтың азабын се­зіндіретін қызмет жайлы оқы­ғаным бар. Ерлердің ішіне электр импульсін тарататын құрылғы жалғанып, күйеулері босанардағы әйелдің ауырсынуын өз басынан өткізеді. Ал, электрондар жылдамдығы күшейген сайын еркектер бар дауысымен айқайлап, аппаратты тоқтатуға жалынады. Ер адамның өзі шыдас бермейтін сынақтан соң «Әйел­дің қырық жаны бар» дегенге сенбеске амал жоқ. Сірә, «Бір аяғы – көрде, бір аяғы – жерде» деп жүкті әйел­ге қатысты айтылса керек.
Босану залында кенет біреу­дің жан айқайы шықты.

– 6-шы палата! Тағы бір аку­шер келсін! Босанып жатыр!

Қарбалас тірлік басталды. Жанымызды шүберекке түйіп біз жүрміз. Палатаға кіріп едім, жүрегім дауаламай қайта шығып кеттім. Есіктің шынысынан бақыладым. Шыр етті! Дүниеге ат ұстар келді! Бағанадан бері қиналып жатқан анасы ерекше күш біткендей басын көтеріп баласына қарап күлімдеді. Акушер медбикелер кіндігін кесіп, денесін тазалап жатыр. Батыр ананың есімі – Сандуғаш Қайролина. 31 жаста. Күндізгі 10:30-да перзентханаға толғақ қысып түскен ол 16:55-те көз алдымда үшінші баласын босанды. Қасындағы серіктес – жан құрбысы да мәз-мейрам, туған-туыстан сүйінші сұрап хабарласып жатыр. Нә­рес­тесін кеудесіне қысып, бауырына басты Сандуғаш. Әлемдегі ең бақытты жан – сәбилі болған Ана десем қателеспеймін.

«Екі сағаттан кейін басқа палатаға ауыстырамыз. Осы уақыт ішінде бала анасының иісін жаттайды, сору реф­лексі пайда болады» деді аға акушер Елена Мамраева.

Р.S: «Бақытты өлшеу мүмкін емес. Бірақ, аку­шерлердің қолынан бұл іс те келеді» деген қанатты сөзбен келіспеске амал жоқ! Жаңа туған бақыттың салмағы – 4 кг, бойы – 57 см. Бауың берік болсын, туа сала «ақшамның» жұлдызы болған балақай!

Мәдина ЖАҚЫП

Материалды «Астана ақшамы» газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button