Ұлыс оң болсын

«Аңыз әлемін» аралады

Елордадағы Ұлттық музейде Ұлыстың ұлы күніне орай балаларға арналған үш күндік ертеңгілік өтті. «Аңыз әлемінде» атты мерекелік шараға мұғалімдер мен ерекше қажеттілігі бар балалар және оқушылар мен музей қызметкерлері қатысты. Шараның мақсаты – балаларға ұлттық мерекенің маңыздылығы мен ауқымдылығын насихаттау және мерекелік көңіл күй сыйлау.

[smartslider3 slider=2467]

Ұйымдастырушы Жанар Бейісова­ның айтуынша, ертеңгілік ертегі желісі негізінде ұсынылып отыр.

– Біз музей жәдігерлерін дәріптеу, насихаттау мақсатында қалалық мектеп оқушылары және балабақшалармен тығыз жұмыс істейміз. Осы ретте жыл сайын мереке қарсаңында түрлі тақырыпта ертеңгіліктер ұйымдастырамыз. Бұл балалардың мәдени деңгейін арттырып, рухани дамуына жақсы әсерін береді. «Аңыз әлемінде» ертегі желісімен қойылды. Ертегіге музей қызметкерлері қатысып, өз қабілеттерімен түрлі рөлдерді сомдап шықты. Киімдерін арнайы тапсырыспен тіктірдік. Жалпы ертеңгіліктің сценарийін тарихи оқиғаға сай құрастырдық. Негізгі желісі Зубаида Сұрағанова әріптесіміздің ұлттық салт-дәстүрге арналған зерттеулерінен алынды. Балалардың жас ерекшеліктеріне сай реттеп, қызықты етіп балаларға ұсындық. Ұлттық салт-дәстүрді әр бала білуі тиіс. Сонда ғана өз ұлтына деген сүйіспеншілік оянып, патриоттық сезімі артады, – деді экскурсиялық жұмыстар, музей педагогикасы және залдарды сақтау қызметінің басшысы.

Мерекеге жиналған көрермендерге алдымен көктемнің шығу тарихы ұсынылды. Бұдан кейін Жеті қат көк Тәңірдің Көк өгізді жерге жіберуі көрсетілді. Көктем Көк өгіздің қабырғасы қайысқанда ғана шығатынын суреттеді. Жер-ана ұйқыға кеткен кезде, Үркердің жеті жұлдызы Жер-ананы бақылайды. Осы кезде Үт бикеш келіп, Көк өгіз екеуі күнге таласады. Алайда Қыдыр ата Көк өгізді қуып, Үт бикешке бата береді. Осылайша жайма-шуақ көктем орнайды. Бұдан соң Ұлыстың ұлы күні Наурыз келеді. Наурыздағы ұйқыашар мен селт еткізер дәстүрі көрсетілді. Сондай-ақ балаларға Наурызға байланысты сұрақ-жауап қойылып, ән айтылды. Шара соңында Қыдыр ата бата беріп, әжелер шашу шашты. Көңілді кешті музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің қызметкерлері ұйымдастырды.

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button