Ұлыс оң болсын

Аналар атқа қонғанда…

Халқымыз үшін қастерлі ұғымның бірі – ана. Тәрбиенің қайнары, ізгіліктің бұлағы, ұлттық рухтың уызына қандыратын ардақты адам. Түбіңді, тіліңді үйретіп, түйсігіңді тереңдететін мейірбан жан. Оның перзент өмірінде алатын орны ерекше. Оған ұлтымыздың ұлы ақыны Абай, заңғар жазушы Мұхтар секілді алыптарды туған, тұлға еткен аналар мен әжелерге деген халық құрметі дәлел болғандай. «Алып анадан туады» деген қазақтың аталы сөзі осындайда айтылса керек.

[smartslider3 slider=2466]

Қазіргідей ұлттық дәстүріміз ұмытылып бара жатқан заманда ақ жаулықты, аппақ кимешекті ана-әжелердің орны ерекше.

Елордада руханият ісіне кірісіп, жанашырлық танытып жүрген жандардың арасында Алтынай Тәңірбергенованың болуы бізді қуантады. Аналарды, аруларды, балаларды атқа қондырып, арқаландырып жүрген жан Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы аналар кеңесінің төрайымы ретінде іргелі істерді атқарып жүр.

Ол аталған орталықта психология­лық көмек беруден бөлек, қыз-келіншектерді кәсіпке баулып, этнопедагогика ісіне мықтап ден қойды. Оның ішінде көпбалалы немесе ерекше тағдырлы бала тәрбиелеп отырған аналарды жұмыспен қамтып, кәсіптің қыр-сырына үйрету, оларға салауатты психологиялық орта қалыптастыру – орталықтың басымдық беретін бағдарының бірі.

Алтынай Мұратжанқызының өзекті жобаларының бірі – аналарды, инклюзивті балаларды атпен серуендету, тур жасау. Ол – елордалық Nomad woman әйелдер атқа міну клубының негізін қалаушы, Altyn bala, Ana time, Ana Time At секілді бірнеше жобаның жетекшісі.

Пандемияның етек жайып тұрған кезінде Алтынай Мұратжанқызы үзеңгілестерімен бірге аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналардың үйіне тамақ тасумен айналысты. Күндердің бірінде үйде отырып шаршаған аналар таза ауаға шығып қайтқысы келгенін айтқан. Шектеу шараларынан шаршаған елордалықтардың жайын түсінген Алтынай ханым 2-3 ананы баласымен бірге ертіп қала сыртына серуендеп қайтуға бел буады. Серуендеп жүрген олардың көзі бір үйір жылқыға түседі. Сұрас­тыра келе бұл жануарлар осы маңдағы ат клубына тиесілі екені анықталады. Аналарды ерткен Алтынай ханым клуб басшысымен сөйлесіп, мүмкіндігі шектеулі балаларға иппотерапия болуы үшін атпен серуен­деуге рұқсат сұрайды. Карантин кезінде келушілер болмағандықтан, клуб жетекшісі бұл ұсынысты қуана қабылдап, жылқыларды береді. Осылайша аталған топ аптасына 2 мәрте атқа мініп, арқаны кеңге салып жүрді. Кейін қазан-ошақ апарып, табиғат аясында ас ішетін болды. Карантин шаралары босаңсыған кезде ақылы түрде серуендейді. Осылайша ойда жоқ жерден идея әлеуметтік кәсіпке айналып шыға келді.

Алтынай Мұратжанқызының атқа деген іңкәрлігін атасы Әлмұхамбет Назбеков оятқан екен. Әлмұхамбет ақсақал замандастары сияқты 1941-1945 жылдары соғысқа қатысып, майданнан аман-есен оралған. Ауылға келіп қарауыл болып орналасады. Ал оқушы Алтынайдың жыл сайынғы жазғы демалысы ата-әжесінің ауылында өтетін. Ауылға келген немересін атасы қазіргі тілмен айтқанда «қызметтік көлігі» ретінде берілген атына отырғызып, жетектейтін. «Сол сәттен бастап менің бойымда жылқыға деген құмарлық пайда болды» дейді ол.

Алтынай Мұратжанқызының пікі­рінше, қазіргі жастарды, аналарды атқа отырғызу керек. Әсіресе елдің ертеңі – бүлдіршіндердің тақымын жазу маңызды. Өйткені құлақ естіп, көз көрмеген сұмдыққа куә болып, «ер», «азамат» деген атқа лайық емес жандарды жолықтырып жүрміз. Олар күн сайын көбейіп келеді. Себебі олардың өзіндік насихаты күшті. Солардың ортасында жүріп балаларды жігіт етіп тәрбиелеу үшін, ана тілімізді үйрету үшін Алтынай ханымның жарғақ құлағы жастыққа тимей шапқылап жүр. Мектептерге кимешек киіп, ата-баба дәстүрін дәріптеуден шаршаған емес.

Ана тілінде сөйлей алмайтын қара көздерге «қазақша сөйле» деп айта бергеннен гөрі атқа отырғызып, серуендетіп, тарихи деректерді келтіре отырып, бойларында рухтың отын үрлегеніміз дұрыс. Себебі олар қазақша сөйлегісі келмейді. Сондықтан түрлі тәсілмен тіл үйретуге тура келеді. Тіпті құсбегілерді көрсетіп, ерекше әсер қалдыруға дейін қадам жасалды. Олар қыранды жақыннан көргенде таңданысын жасыра алмайды. Қызығушылығы оянады. Ата-бабаларының қандай мықты болғанын біледі.

– Мысалы, атпен серуендегенде далада 5 сағат уақытым кетеді. Біз Қабанбай батыр зиратына барғанда 2 сағат, қайтарда 3 сағат жұмсаймыз. Жол бойы кең даланы, табиғатты көрсетіп, осы даланы кімдер, қалай, не үшін қорғағанын түсіндіреміз. Бірнеше серуеннен кейін балалардың көзқарасы өзгеріп, бабаларымыз қандай мықты болған, батырларымыз қандай керемет болған деп таңдай қағатынды шығарған. Сол арқылы кеуделеріндегі ұлттық рух оянғанын аңғару қиынға соқпайды, – дейді кейіпкеріміз.

Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде орыс сыныбы тұрмақ, қазақ тілінде білім алатындар өзара орысша шүлдірлейді. Оларды тезге салу үшін сейілге шығару керек. Сейіл барысында тек қазақша әңгіме айтылады. Ал Қабанбай батыр кесенесіндегі шырақшының шын пейілмен айтқан сөзі жүректері таза көкөрімдердің көңіліне қонады. Сондағы батырдан қалған тәбәріктерді көріп, қолмен ұстап бөлекше әсерге бөленген.

– Аналардың атқа отыруы – мағынасы терең дүние. Ана тілін аналар үйретпегенде кім үйретеді?! Серуенге шығу арқылы аналар тіл үйреніп, ұмыт қалып бара жатқан ғұрыптарды жадына тоқиды. Қазаққа тән тағамдарды пісіруді үйренеді. Мен аналарға үнемі айтатыным салат жасап, сызылудың қажеті жоқ. Қыс уақытында ет же – күш аласың, сорпа іш – жылынасың деп тәптіштеп түсіндіремін, – дейді А.Тәңірбергенова.

– Қазақтың ана тілін білмейтін баласын киіз үйге кіргізіп, дәмі тіл үйіретін тағамын жегізу керек. Орталық өз тарапынан көптеген шеберлік сыныптарын өткізуді дағдыға айналдырған. Онда аналарға ұлттық асты пісіру әдістерін үйретіп, үстіне қазақ әйелінің киімін киюге үндейміз. Мәселен, Түркияға барғанда тұрғындар ұлттық киімдерін киіп жүргенін байқайсың. Көшелеріне қызыл байрақтарын қадам сайын ілген. Осыны көрген адамның Отанға деген махаббаты міндетті түрде ояу болады емес пе? Ал бізде мемлекеттік органдардан басқа жерде көк туымыз көрінбейді. Сол сияқты кимешек, қамзол кигендерді мереке күндері немесе жиын-тойдан ғана көреміз, – дейді кәсіпкер.

Аталған орталық жуырда «Қапсыр­ма» атты әлеуметтік жобаны қолға алған. Оған тиісті грант та бөлінген. Соның аясында орталық кимешек, қасаба, тақия секілді бас киімдерге заманауи өрнек қосып тігіп жатыр. Ондағы мақсат – ұлттық құндылықтарды насихаттап, қолданысқа енгізу. Өткенде Жүгінісов­тер отбасында үйлену тойы өтті. Тойдың дресс-коды ретінде ұлттық киім таңдалған. Тойға барғандар таң-тамаша болды. Осындай киімді күнделікті неге кимеске? Бір ғана қасаба деген қандай киім деп көшеден сұраңызшы, ешкім жауап бере алмайды.

P.S: Осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында көптеген істерді қолға алып жатқан орталыққа ерекше риза болдық. Жақсы іске жарнама керек. Әсіресе қазіргідей алмағайып кезеңде ұлттық кодты ұйықтатып алмаған абзал.

Байжан Емберді

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button