Ұлыс оң болсын

Рәміздер мерейтойы немесе биыл кімдерді ұлықтаймыз?

Күн мен түн теңелетін күні Шығыс жұртының ежелгі наным-сенімі бойынша жаңа жыл келеді. Самарқанның көк тасын еріткен Ұлыстың ұлы күні дүние жаңарып, табиғат ұйқысынан оянғандай болады. Жыл қайыруды жыл басы саналатын әз-Наурыз мерекесінен бастау дағдымызға айналған. Қазақша жыл қайыру кестесіне сәйкес, төрімізге Барыс жылы кіргелі жатыр. Осы жылдың мерейтойлық кестесіне Мемлекеттік рәміздеріміз бен Қарулы күштеріміздің құрылғанының 30 жылдығы, астанамыздың Алатау­дан Арқаға көшірілуінің 25 жылдығы сияқты атаулы күндер енгізілді. Атап өтілуіне ерекше мән беретін тұғырлы тұлғалардың мерейтойлары да баршылық.

[smartslider3 slider=2465]

1992 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы ҚР Президентінің Жарлығы шығып, еліміздің Қарулы күштері құрылды. Тұңғыш Қорғаныс министрі болып Кеңес Одағының Батыры, генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды. Тәуелсіз еліміз әскерінің тарихы дәл осы уақыттан басталады.

Сол жылдың 4 маусымында шын мәнінде тарихи оқиға болды. Парламент отырысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы, Әнұраны қабылданды. Тудың авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков. Ал көрнекті сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов ұсынған жоба Елтаңба болып қабылданды. Ал алғашқы Әнұранымыздың авторлары – композиторлар Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди және ақындар – Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаева.

2006 жылы Шәмші Қалдая­қовтың музыкасы мен Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған «Менің Қазақстаным» әні жаңа әнұран ретінде қабылданды.

1997 жылдың 8 қарашасы күні ел астанасы мәртебесін алған Ақмолаға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер эталондары мен Президент байрағы салтанатты жағдайда жеткізілді.

Президенттің арнайы тап­сыр­масы бойынша жаңа астанаға жеткізілген Мемлекетік рәміздер эталондары мен Президент байрағын табыс етуге арналған салтанатты рәсім сағат 15.00-де басталды. Оны Ақмола облысының әкімі Жәнібек Кәрібжанов кіріспе сөзбен ашты. Осыдан кейін Республикалық ұланның бас қолбасшысы Сәт Тоқпақбаев Алматыдан жеткізілген Мемлекеттік рәміздер эталондарын Президентке табыс етті.

Ал 10 желтоқсан күні Қазақ­стан Республикасының Президенті бастаған мемлекет басшылығы Ақмола қаласына ресми қоныс аударып, ­Нұрсұлтан Назарбаев жұртшылық алдында Ақмола қаласын Қазақстанның жаңа астанасы деп салтанатты жағдайда жариялады. Осы оқиғаға биыл ширек ғасыр болады.

Биылғы басты мерейтойлар ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен халқымыздың бұлбұл әншісі, Қаз КСР және КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығы ЮНЕСКО деңге­йінде атап өтіледі. Ахмет және Роза жылы ресми ашылды да.

Өткен ақпан айында елордада қазақ тіл білімі мен әдебиет­тану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, рухани көсем Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған мерейтой шаралары басталды. Салтанатты ашылу рәсімі Қаламгерлер аллея­сында өтті. Соның аясында «Ахмет Байтұрсынұлы – Алаштың рухани көсемі» атты халық­аралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мерейтой аясында ұлт ұстазының туған жері – Қостанай облысында инфрақұрылымдық және мәдени-рухани жобалар жүзеге асырылуы тиіс. Қаланың әуе­жайына Байтұрсынұлының есімі берілмек. Жақында облыстық мәслихат депутаттары осы ұсынысты мақұлдады. Бұған қоса, ұлт ұстазының мұрасын дәріптеу мақсатында халықаралық, республикалық, өңірлік деңгейде 63 іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Осы уақытқа дейін де Анкарада Алаш арысының 150 жылдығына арналған конференция өтті. Бұл жиынды ТҮРКСОЙ ұйымы ұйымдастырды. Соның барысында Ахмет Байтұрсынұлы туралы осы ұйым түрік тілінде дайындаған бейнефильм көрсетіліп, белгілі қаламгер Серікбай Оспанұлының «Ұлт ұстазы» кітабының таныстырылымы өтті. Бұл конференция Ыстанбұл қаласының Ыстанбұл университетінде жалғасты. Ал елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Ахмет Байтұрсынұлы» залы ашылды.

Ұлт ұстазының мерейтойына ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде дөңгелек үстел, концерттік бағдарлама, Баку қаласында (Әзербайжан) «Баку конгресі және Ахмет Байтұрсынұлы» атты конференция, Орынбор және Ташкент қаласында түрлі іс-шаралар да өткізілмек. Сондай-ақ Түркістан қаласында ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ аясында халықаралық түркітанушылар конгресін өткізу жоспарлануда.

Еліміздің жоғары оқу орындарында да ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылады. Атап айтсақ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық ­қазақ-түрік, Сүлеймен Демирел, Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық, Шәкәрім университеттерінде ғылыми-практикалық конференциялар өтеді.

Мерейтой аясында жүргізілетін негізгі жобалардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлының және «Алаш» қозғалысының басқа да қайраткерлерінің еңбектерін шетелдердің архивтерінен іздестіріп, ғылыми айналымға енгізу. Жоба аясында Ресей, Татарстан, Орынбор, Омбы, Өзбекстан, Троицк, Баку, Финляндия мемлекеттік архивтерінен тиісті деректер іздестірілетін болады. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы ғылыми еңбектерінің 12 томдығын қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілінде шығару жоспарланып отыр.

Ал биыл көктемнің алғашқы күні халқымыздың бұлбұл әншісі, Қаз КСР және КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығы аясындағы шараларды әйгілі әнші жарты ғасыр жұмыс істеген Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы бастап берді. Аталмыш өнер ошағы «Қазақстан» орталық концерт залында әншінің мерейтойына арнап апталық ұйымдастырды. Мүсінші Айдос Есмағамбетовтің қолынан шыққан гиперреалистік мүсіннің таныстырылымы мен көрменің ашылуы «Қазақтың қаһарман қызы» концертімен жалғасты. Бүгінге дейін де әйгілі әншінің мерейтойына арналған бірнеше шара ұйым­дастырылды. Бұл қатарда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен «Айналайын халқымнан еркелеткен» атты мерейтойлық концертті, Ұлттық музейде ұйымдастырылған «Ән өнерінің падишасы» атты көрме мен дөңгелек үстел мәжілісін, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театрының «Ән қанатын әлдилеп әуелі мен, дидарластым даланың әуенімен» атты ән-би кешін ерекше атап өтуге болады.

Ұлтымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына биыл – 125 жыл. Қазақ әдебиеті классигінің мерейтойына арналған шаралар да елордада өз деңгейінде ұйымдастырылып жатыр. Бір атап өтерлігі, бас қаладағы №86 мектеп-гимназияға Әуезовтің аты берілді. Осы білім беру ошағы бірнеше шараны өткізіп те тастады.

Биылғы мерейтойлардың қатарында қос Ғабең – ­Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин­нің, мемлекет қайраткері Жұмабай Шаяхметов­тің, Кеңес Одағының Батыры ­Сабыр ­Рахимовтың, күйші-ұстаз Қали Жантілеуовтің 120 жылдығы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед ­Қонаевтың 110 жылдығы бар. Таяуда ғана елордадағы №66 мектеп-лицейге Қонаевтың аты берілді. Қапшағай қаласы да қайраткердің атын иеленіп, Алматы облысының орталығы болмақ.

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің, Ұлы Отан соғысында асқан ерлік көрсеткен қыздарымыз – Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова мен Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың, ақын-жазушылар Сырбай Мәуленов, Сафуан Шәймерденов, Әзілхан Нұршайықов, Садықбек Адамбеков, Амантай Байтанаев, мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров, Қаз КСР Халық әртіс­тері Байғали Досымжанов пен Шолпан Жандарбекова, тарихшы Нығмет Мынжани, этнограф Едіге Масанов, кино­режиссер Мәжит Бегалиннің биылғы ғасырлық мерейтойлары да еленеді деп ойлаймыз. Түйіндеп айтқанда, биылғы Барыс жылында ұлықталуы тиіс тұлғалар аз емес.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button