Sport

Ақ олимпиадаға аттанады

Биыл Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиада ойындары 4 ақпан күні басталады. Төртжылдықтың басты бәсекесінде 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 17 қаңтар күні ақ Олимпиада ойындарына арналған барлық іріктеу және рейтингтік додалар аяқталып, басым бөлігі үлестірілді. Нәтижесінде қазақстандық спортшылар спорттың 8 түрінен 82 жолдамаға қол жеткізді.

[smartslider3 slider=1828]

Шаңғы жарысы бойынша 30 жолдама қоржында. Фристайл­шылар тоғыз жолдамаға ие болған. Соның ішінде могул бойынша – 5, акробатика бойынша 4 жолдама бар. Конькишілер мен биатлоншылар – 12, шорт-трекшілер 9 жолдаманы қоржынға салды. Тау шаңғысы мен шаңғымен тұғырдан секіру спортынан ел құрамалары төрт жолдамадан еншілесе, шаңғы қоссайысынан отандық спортшылар екі лицензияға иелік етті.

Бүгінгі таңда олимпиадалық құрама сапына 32 спортшы енді. Бұл спортшылардың соңғы әрі нақты саны емес. Себебі Ұлттық Олимпиада комитеті кейбір спорт түрлерінен халықаралық федерациялардың лицензияларды қайта бөлу, үлестіру нәтижелерін күтуде. Атап айтқанда, биатлон, шаңғы жарысы, могул және акробатикадан тағы да жолдамалар үлестірілуі мүмкін. Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың соңғы әрі нақты тізімі 20 қаңтардан кейін белгілі болады.

Мәдениет және спорт ­министрі Дәурен Абаев XXIV қысқы Олимпиада ойындарының дайындығы жайында жиын өткізді. Министр ұлттық құраманың алдында тұрған бірқатар міндеттерге тоқталды.

– Ел үшін қазіргі қиын жағдайда, соның ішінде коронавирустық инфекцияның көбеюі кезінде біз спортшыларымызға алдағы Олимпиадада допингсіз, жанжалсыз, лайықты өнер көрсету міндетін қойдық. Әрине, әрбір спортшы жетістіктің шыңы саналған Олимпиада медаліне ұмтылады. Ал біз олимпиадашыларымыздың кез келген жетістігіне қуанамыз. Бұл үшін мемлекет қолдан келгеннің барлығын жасап, спортшыларды дайындау, сапалы жаттығу, оқу-жаттығу жиындары және іріктеу жарыстарына қатысу қаржыландырылды, – деді Мәдениет және спорт министрі.

Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюковтың айтуынша, бүгінде басты міндет – спортшылар мен жаттықтырушылар денсау­лығы мен қауіпсіздігін сақтау. Олардың көпшілігі, яғни іріктеу турнирлерін аяқтағандар соңғы апта бойы жабық карантиндік аймақтарда орналасты. Онда дайындықтың соңғы кезеңі жүріп жатыр. Әлемдік додалар аяқталған соң Бейжіңге ұшпас бұрын спортшылар карантинде уақыт өткізеді. Барлық спортшылар кешенді-ғылыми топ мамандарының үздіксіз бақылауында. Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитеті спорттық жарыс күнтізбе бойынша додаларға қатысу, дайындық жұмыс­тары, шетелдік оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар, оның ішінде еліміздегі халықаралық жарыстарға қатысу үшін командаларға барлық жағдайды жасады. Енді спортшылар ең жауапты кезеңге аяқ басып отыр.

Олимпиада ойындарының барлық қатысушыларының қозғалысы қатысушылардың денсаулығына қауіп төндірмеу және алдын алу мақсатында арнайы басшылықпен қатаң түрде бекітілген талаптар мен қағидаттар жиынтығынан тұратын нұсқаулық плейбукпен реттеледі. Тек Олимпиада ойын­дары кезінде емес, бұл нұсқау­лық Қытаймен шекарадан өтер алдында да қатаң түрде реттеледі.

Ойын кезінде Олимпиада ауылының тұрғындарынан күн сайын ПТР-тест алынып, денсаулығы тексеріліп, жаздағы Токио Олимпиадасының үлгісі бойынша қатысушылардың орналасқан жері арнайы телефон қосымшасы арқылы бақыланады.

Қазақстан құрамасы 27 қаңтар күні чартерлік «Air Astana» рейсімен Нұр-Сұлтаннан Алматы арқылы Бейжіңге аттанады. Қазақстан құрамасының олимпиадалық формасының таныстырылымы 20 қаңтарға жоспарланған.

Баян Асылбекова

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button