Басты ақпаратСұхбат

Ақмола астана болады деген сөзден қуат алдық

Халқымызда «Мәскеу бір күнде салынбаған» деген сөз бар. Бүгінде жалындаған жиырмадағы жігіттің жасына толған елордамыз да бір күнде осындай әсем қала бола қойған жоқ. Түрлі жолдан өтті. Кешегі алақандай облыс орталығынан көрікті бас қалаға айналды. Сол елең-алаң шақта Елбасы бастаған ұлы істің бел ортасында жүріп, күн-түн қатып жұмыс істеген азаматтар болды. Солардың бірі – Ахметолла Шәкіров. Кеше ғана дүбірлеп өткен қала күні мерекесінде ағамызбен жүздесіп, бас шаһардың алғашқы қалыптасу жылдарына бірге сапарлап қайтқан едік.

– Ахметолла Ахметжанұлы, еліміздің бас ордасы көшіп келер кезде сіз қандай қызметте едіңіз?
– Ол кезде мен Ақмола қаласының әкімі Аманжол Қуанышұлы Бөлекпаевтың орынбасарымын. Осы қызметті 1991 жылдан бастап, жеті жыл атқардым. 1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңестің Астананы Ақмолаға көшіру туралы қаулысы қабылданды. Алғашында бұл жаңалыққа көпшілік сене қойған жоқ. Бірақ Президент оны ұзаққа созбады. 1995 жылы Астананы көшіруді әзірлеуге мемлекеттік комиссия құрылып, оның төрағасы болып Н.Макиевский тағайындалды. Кейін оны Фарит Галимов басқарды. Осыдан кейін елорданы Алматыдан Ақмола қаласына көшіруге байланысты нақты жұмыстар басталды. Рес­публика үкіметі бірінші кезеңде қоныс аударатын мемлекеттік органдардың тізімін бекітті. Әр жұма сайын Ақмолада немесе Алматыда ко­миссия мүшелері жиналып, осы мәселені талқылады. Біз об­лысқа қараймыз. Облыс әкімі Браун болғанмен, бұл комиссия­мен оның орынбасары Қайсар Омаров айналысты. Оның құрамында қала әкімі де болды. Комиссия жақсы жұмыс істеді. Ол кездегі уақыттың өзі қиын еді ғой. Егемендіктің елең-алаң шағы. Зауыттар мен кәсіпорындар жұмыстарын тоқтатқан. Әлеу­меттік сала қызметкерлері мен зейнеткерлердің қолдарына айлап ақша тимейді. Қалада жарық та жиі сөнеді. Жылу да аз беріледі. Қысқасы, қиыншылық шыр­мауықша шырмап алған кезең.
– Сондай кезде осындай ғасырларда сирек іске асатын ауқымды жобаны атқаруға қорыққан жоқсыздар ма?
– Жоқ. Мемлекет басшысы астананы көшіруге байланысты Ақмола арнайы экономикалық аймағын құру туралы шешім шығарды. Мұны орындауды Үкіметке тапсырды. Осы шаруамен Аманжол Қуанышұлы Алма­тыға 3-4 рет барды. Үкімет басшысы Қажыгелдин түрлі сылтаумен кейінге шегеріп отыр­ды. Аманжол ештеңеден қай­мықпайтын жігерлі азамат еді ғой. Содан ол Мемлекет басшы­сының қабылдауында болып, ол кісіге барлық жайды айтады. Президент сол жерде Үкімет басшысына хабарласып, істі жедел түрде шешіп берді. Сөйтіп, экономикалық аймақ құрылды. Қаржы аударылды. Түрлі салық жеңілдіктері жасалды.
– Бірінші жұмыс неден бас­талды?

– 1996 жылдан бастап Алматыдан көшіп келетін мемлекеттік мекемелерді орналастыру үшін бұрынғы ғимараттарға жаңғырту жұмыстарын жүргізуді қолға алдық. Олардың кейбіреуінің аңғал-саңғалы шыққан. Оны қайта қалпына келтірдік. Жол және құрылыс компанияларының материалдық базасы дайындалды. Абылай хан даңғылы бо­йынан жаңа көп қабатты тұрғын үйлер бой көтере бастады. Оған еліміздің іргелі құрылыс компаниялары тартылды. Мамандарға жатақхана әзірледік. Міне, осындай қыруар шара мойнымызда тұрды. Ақмола Астана болады деген сөзден қуат алдық. Маған сол кезде қаланың жарнамалық қызметін жолға қою міндеттелді. Ол кезде шаһарда жарнама жоқ десе де болады. Қазіргі әуежай мен қалаға дейінгі тас жолдың бойында Социалистік Еңбек Ерлерінің суреттері ілінген тақталар тұратын. Содан мен Алматыға барып, шетелдік және отандық компаниялардың өкілдерімен сөйлестім. «Президенттің астананы ауыстыру туралы қаулысы шықты. Біздің қалаға жарнамаларыңызды әкеліңіздер. Оған орын тауып береміз. Бес жылға дейін ешқандай ақы алмаймыз. Қай жерге ілемін десеңіздер, ерік өздеріңізде» деп келіссөз жүргіздім. Бірақ менің сөзіме ешкім сенбеді. Мені ар­қам­нан қағып, алдап-сулап шы­ғарып салды. Сондай жағдай да басымыздан өтті.
Енді қарап отырмау керек. Жар­намаларды өзіміз жасадық. Онда бүгінгідей кез келген дү­ниені жасандырып жіберетін технология жоқ. Бәрін өз қолымызбен дайындадық. Қалаға кіре­беріс жолдағы белгілерді жаңарттық. Мекеме басшыларын шақырып, сәулетшілермен келісіп отырып, қайта реконс­трукция жасалды. Республика көше­сінің бойындағы көп қабатты үйлердің қасбеттерін жаңғырттық.
– Астана көшіп келді. Жұмыс одан әрі қыза түскен болар…
– 1997 жылдың желтоқсанында қала басшысы болып Әділбек Жақсыбеков тағайындалды. Мен сол кісінің орынбасары болып қала бердім. Атқаратын іс көп. Маған тағы да шаһардың безендіру шаралары тапсырылды. Қаланың әрін аша түсетін көшелерге сағаттар қойдық. Көше жиектері мен саябақтарға ағаш егіп, гүл отыр­ғыздық. Әсіресе, түнде шаһарға ерекше көрік беретін түрлі-түсті шамдарды орнаттық. Оларды күндіз істеп, түнде тексереміз. Оны Әділбек Ырыскелдіұлының өзі барып қарайды. Содан кейін қала әкімі бәрімізді жинап алып, түнгі 2-3 мезгілінде лездеме өткізеді. Мен Жақсыбековпен бір жарым жылдай жұмыс істедім. 1998 жылы 6 мамырда Сарыарқа мен Алматы ауданы құрылды. Шаһар басшысынан сол ауданды басқаруға өзім сұранып бардым. Сол жолы Елбасы жаңа құрылған екі ауданның әкімін өз резиденциясында қабылдады. «Мен сендерге келісімімді бердім. Бұл – жай қала емес, еліміздің бас ордасы. Сондықтан дұрыс жұмыс істеңдер, жігіттер!» деп қызметімізге сәттілік тіледі. Мемлекет басшысы бұрын бұлай аудан әкімдерін қабылдамаған. Біз үшін бұл тарихи оқиға болды. Жалпы, Президенттің елордаға деген көзқарасы ерекше еді. Ол кісі үнемі қаланың бас жоспарын талқылаған жиынынан кейін шаһарға жауапты мамандарды автобусқа отырғызып алып, өзі қаланы аралайды. Барлық көшені мұқият қарайды. Көзге көрініп тұрған кемшіліктерді ашық көрсетеді. Екінші рет оны қайталамау керек екендігін ескертеді. Мен Алматы ауданын төрт жыл басқардым.
– Аз уақыт емес екен. Онда қандай шаруаларды атқардыңыз?
– Біздің ауданды сол кезде жұртшылық ауызекі тілде «спальный район» деп айтатын. Өйткені көп қабатты тұрғын үйлер көп болды. Алғашында біраз қиындықтар кездесті. Кейін бәрі қалпына келді. Бізге Қырқыншы, Силикатный және Күйгенжар елдімекендері кірді. Оларда шешілмеген мәселе шаш етектен. Тұрғындар бала дүниеге келді деген қарапайым анықтама алу үшін қалаға келеді. Сондықтан, біз сол кенттердің әкімшілігін кеңейтіп, ауыл әкімдерінің өкілеттігін күшейттік. Одан кейін аудан аумағына ағаш, гүл отырғызуды қолға алдық. ПИК төрағаларымен тығыз жұмыс істедік. Әр орамға бір-бір төраға сайладық. Оларға еңбекақы төленді. Төрағалармен апта сайын кездесіп, атқарылған жұмыс­тарға есеп жүргіздік.
Су, жылу мәселелерімен ай­налыс­тық.
– Аға, сіз елорданың төрт басшысымен қызметтес болыпсыз. Соның ішінде қай аза­матқа бүйрегіңіз бұрады?
– Иә. Мен Алматы ауданы әкімінен кейін қалалық Сауда басқармасын басқардым. Одан соң Әділбек Ырыскелдіұлы мені қала әкімі аппаратының жетекшілігіне шақырды. Осы қызметті Темірхан Досмұхамбетов, Өмірзақ Шөкеев басшылыққа келгенде де жалғастырдым. Бұл азаматтардың бәрі де – мықты жігіттер. Ешкімді бөле-жарғым келмейді. Бірақ мен үшін марқұм Аманжол Қуанышұлының орны бөлек. Екеуміз ертеден таныспыз. Қалалық таксопаркте бірге жұмыс істедік. Маған көп нәрсені үйретті. Ер мінезді азамат болатын. Ештеңеден жасқанбайтын. Ойындағысын ашық айтатын. Астана көшіп келер кезде қаланы соған лайықтау үшін жан салып жұмыс істеді. Жалпы, мен өміріме риза адаммын. Астананың алғашқы қалыптасу жылдарында Әділбек Жақсыбеков, Темірхан Дос­мұхамбетов, Асқар Мамин, Өмірзақ Шөкеев, Нұрлан Нығматулин, Қайрат Сатыбалды, Төлеген Мұхамеджанов секілді азаматтармен бірге әріптес болдым. Олардан көп тәжірибе жинақтадым. Бір сөзбен айт­қанда, жақсы үйлесім тап­қан команда болды. Өз басым, жиыр­ма жылда елорда осындай керемет көрікті қалаға айналады дегенге сенген емеспін. Мен осы Ақмолада дүние есігін аштым. Бала күнімде бұрынғы Октябрь (қазіргі М.Әуезов) мен базарға баратын көшеде ғана тас жол төселген. Оны соғыстан кейін неміс тұтқындары салған. Бейбітшілік, Жеңіс даңғылдарының бойы ыза су басқан, қамыс болатын. Қазір Астана әдемі шаһарға айналды. Бір жаққа жолаушылап кетіп, ұзақ жол жүріп келсем, қаланы танымай қаламын.
– Қазір де қаланың тыныс-­тіршілігін бағдарлап отырасыз. Көңіліңіз толмайтын тұстары бар ма?
– Біріншіден, бүгінгі шаһардың әдемілігін сақтау қажет. Өткен жолы әлдебіреулер аялдамаларды қиратып кетті дегенде қамығып қалдым. Содан кейін көпшілікті алаңдатып отырған бір мәселе бар. Қазір зейнеткермін. Зайыбым екеуміз жиі-жиі емханаға қараламыз. Дәрігерге жазылу үшін оны бір жарты ай күту қажет. Емханада кезек деген қырғын. Мәселен, қала күніне облыстар әдемі тарту-­таралғыларын жасады. Оларға рақмет! Бірақ соған жіберген қаржыға емхана салса қайтер еді деп ойлаймын. Қалтасы қалың адамдар өшіреті жоқ жекеменшік емханаларға барады. Ал қарапайым халық не істейді? Осыны ескерсе деймін. Одан кейін қалада қызмет көрсету сапасы өте төмен. Астаналық деген атқа лайық емес. Осыған жауап беретін мекеме де жоқ. Астана елдің айнасы ғой. Сырт жерден қаншама қонақтар келеді. Бұл мәселені де назардан тыс қалдыр­маған жөн.
– Салиқалы әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button