Қоғам

Ақмоланың жұлдызды сәті туған күн

1997 жылдың шіліңгір шілде айы еді, Үкімет басшысының орынбасары қызметіндемін. Кезекті еңбек демалысына шығуға дайындалып жүргенімде Президенттің қабылдауына шақырылдым. Елбасы жылы қабылдап, алдымен барлық жағдайды сұрап алып, маңызды мәселеге тікелей көшті. « Жақын арада еліміздің бас ордасы Ақмолаға ауысады. Бұл – тарихи көш. Сондықтан ол жақта көп ұзатпай дайындық жұмыстарын бастау керек. Сені сол өңірдің ерекшелігін жақсы білетін азамат ретінде облыс әкіміне лайық көріп отырмын, бұл ұсынысқа қалай қарайсың?» деді ол кісі. Мен бұл ұсынысқа келісімімді беріп, жедел жұмысқа кірісіп кеттім.

Жәнібек Кәрібжанов, мемлекет және қоғам қайраткері

Бұл тәуелсіздік алғанымызға онша көп уақыт өте қоймаса да, енді ғана еңсемізді көтеріп келе жатқан шақ еді. Сол кездегі Ақмола облысының экономикасы басқа өңірлермен салыстырғанда даму жағынан бірдей болды. Елбасы ел ордасын Ақмолаға бекер көшірген жоқ. Оның түрлі себептері бар. Ақмола – тоғыз жолдың торабында орналасқан шаһар. Әрине, оған геосаяси, демографиялық және этномәдени жағдайлардың әсері де бар екені рас. Сондай-ақ ең әуелі еліміздегі қордаланып қалған проблемаларды шешіп, содан кейін астананы көшірейік деген сөз де айтылды. Ұлы ғалым А.Эйнштейн: «Қолайлы мүмкіндіктер қиындықтар мен проблемалар арасында жасырынып жүреді» деп айтқан екен. Тұңғыш Президент екі ғасыр тоғысындағы түрлі қиындық пен кедергіге қарамастан нақты мүмкіндіктерді тауып, астананы ауыстырды. Мұны Қазақ елінің келешегіне бағытталған өте батыл стратегиялық шешім деп қабылдаймын.
Жаңа ғасырдың алдында Алатау­дың етегінен Арқаға басталған ұлы көшке еліміздің абыз ақсақалдары – Бәйкен Әшімов, Мақтай Сағ­диев, Сұлтан Жиенбаев, Сағидолла Құбашев, Сағадат Нұрмағамбетов, Шәңгерей Жәнібеков секілді көрнекті тұлғалар ақ жол тілеп, батасын берді.
1997 жылдың 20 қазанында Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығы шықты. Содан екі апта өткенде, яғни 8 қарашада елдің бас ордасы атанған Ақмолаға Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер эталондары мен Президент байрағы салтанатты жағдайда жеткізілді. Атаулы шара бұрынғы облыстық әкімшілік, қазіргі елорда әкімдігі ғимараты алдындағы алаңда өтті.
Тарихи мәні зор шарада ­Нұрсұлтан Назарбаев «Астана мәртебесіне ие болған қасиетті Ақмоланың жұлдызды сағаты соқты» деп тарихи сөз сөйледі. Одан кейін көне ғасырлардан бүгінге дейінгі тарихымызды бейнелеген театрландырылған көрініс қойылды. Қаланың ең қарт тұрғыны Мұқат Мейірманұлы бастаған бір топ ақсақал жаңа астананың болашағына ақ жол тілеп, бата берді. Елбасының иығына шапан жауып, елорданың кілтін тапсырды.
Облысқа әкім болып келгенде өзіммен бірге ешқандай маманды ертіп келген жоқпын. Жалпы команда ертіп жүруді онша ұната қоймаймын. Жергілікті кадрлар арасынан білікті мамандарды табуға болады. Әділбек Жақсыбеков мен келгенге дейін де облыс әкімінің бірінші орынбасары еді, сол қыз­метінде қалды. Сонымен бірге Асқар Мамин, Сансызбай Есілов, Аманжол Бөлекбаев, Николай Тихонюк және тағы басқа да мамандар өз қызметтерін әрі қарай жалғастырды.
Шын мәнінде ол кезеңдегі жағдай ауыр, халықтың тұрмысы жүдеу болды. Азия елдерін шырмаған дағдарыстың да салқыны бізге жеткен. Әлі де нарықтық қатынасқа толық көше қойған жоқпыз. Мәселен, мұнайдың бағасы бір барреліне 17 долларды құрады. Ақырғы 2,5 жылда теңгеміздің құны екі есе төмендеді. Бір сөзбен айтқанда, қиындықтан шыға қоймаған шақ. Алғаш келген күннен бастап бюджетке түсетін кірісті көбейту жолдарын қарастырдым. Өйткені бір ғана зейнетақымен қалт-құлт күн көрген егде кісілерге, тек жалақысымен өмір сүріп отырған мұғалімдерге, дәрігерлерге, қысқасы, бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын уақытылы төлеу керек. Бірақ түсетін қаржы сұраныстан аз. Дегенмен осы мәселеге көп күш жұмсасақ та, шешімін таптық.
Алты ай қыс болатын Ақмоладағы жылу-энергетика мәселесі басты орында тұрды. Өйткені жылу жүйелері нашар жұмыс істеп, электр энергиясының күші жетпеді. Ал жаңа жылу орталығын салуға уақыт керек. Сондықтан 13 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген 2-жылу-электр орталығына жөндеу жүргізіп, оның қуатын ұлғайттық. Сосын 1- жылу-электр орталығына жалғап, екеуін біріктірдік. Осы күрделі жөндеу жұмыстарына 1 млрд 300 млн теңге (сол кезде АҚШ ақшасының көлемімен шаққанда 17 млн доллар) керек болды. Бұл қаржыны беруден Үкімет бас тартты. Сондықтан амалсыз Президентке ұсынысымды айттым. Ол кісі қолдап, тиісті қаржыны бөлгізді. Сөйтіп бұл мәселенің шешімін тапқандай болдық. Әйтеуір сол жылы қыста қала тұрғындары жылы үйде отырды. Осы жұмыстың басы-қасында жүрген жігіттердің бірі Николай Тихонюк болды. Ол тіпті кей күндері жылу орталығына қонып та жұмыс істеді.
Тұрғындар саны көбейіп, құрылыс жұмыстары қарқын алғаннан кейін электр энергиясының тапшылығы байқалды. Сол кезде облыс көлемінде электр энергиясы 300 МВт-қа жуық болды.
1997 жылы желтоқсанның ортасында қаланың біраз бөлігінде ток беріп отырған үлкен трансформатор істен шығып, жарық өшіп қалды. Оны жөндеуге де біраз уақыт кетті. Бұл кездейсоқ оқиға емес, жүйелі проблема еді. Көп жылдар бойы электр желілері жөнделмеген. Әсіресе ескірген трансформаторлар істен шыға берді. Оның үстіне төтенше жағдайларда электр жүйесі үзіліссіз жұмыс істеуге бейімделмеген. Осы мәселені алдымызға қойып, қажетті қаржы тауып, шеше білдік.
Сондай-ақ қала көшелерінің жолдары дұрыс жөндеу көрмегендіктен, әбден тозған. Бұларды жөндеу үшін бір жыл емес, көп уақыт керек екені белгілі. Сондықтан басты көшелердің жолын жөндеуге кірістік. Жаңбыр суына арналған кәріз жүйесі де жасалмаған. Бұған да қыруар қаржы қажет. Тіпті қар тазалайтын техника жетпеді. Сол қыста Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев өтінішімізді жерге тастамай, қар тазалайтын техника беріп көмектесті. Жалпы қала ішіндегі қордаланып қалған қиындықтар сан алуан еді. Оларды шешу жолында сол кездегі қала әкімі Аманжол Бөлекбаев аянбай қызмет жасады.
Шаһардағы су мәселесі де бізді біраз ойландырды. Астана тұрғындарының саны жылдам өсіп келе жатқандықтан, бұрынғы «Вячеслав» су қоймасы тіршілік көзімен толық қамтамасыз ете алмады. Ақмоланың бас жоспарында шаһарды үш ірі су көзімен қамтамасыз ету мүмкіндігі қаралған. Біріншісі – Нұра өзені, екіншісі – Ақмоланың астындағы үлкен су көзі, үшіншісі – Ертіс суы. Содан 22 шақырымдағы Ертіс-Қарағанды каналынан тартылған суды Есіл өзеніне, одан әрі «Вячеслав» су қоймасына жеткізу көзделді. Ондағы №19 насос стансасы жанында шағын көл бар екен, соған тоқтадық.
Ақмола аэропорты сол кезде салмағы 75 тоннаға дейінгі самолеттерді ғана қабылдады. Сондықтан салмағы ауыр, үлкен ұшақтарды қабылдау үшін оған жаңғырту жұмыстарын жүргіздік. Бұған да көп күш жұмсалды.
Сонымен қатар аймақтың экономикалық-әлеуметтік жағына ғана көңіл бөлмей, рухани-мәдени салаға да айрықша назар аудардық. Алғаш қаланы аралағанда көше атауларының қызыл империяның құрсауынан әлі арылмағандығын байқадым. Сондықтан көшелердің атын өзгертуді қолға алдық. Президентпен ақылдасып, тура бір мезетте отыз көшенің атауын өзгерттік. Бұл бір жағынан тарихтың да талап еткен тілегі болатын. Мәселен, бұрынғы Студенттер даңғылын Абылай хан бабамызға, Карл Маркс көшесін Кенесары ханға бердік. Біз Ұлы Абылай ханның атымен ұзын көшені толық атаймыз деп ойлап едік, оның қисыны келмеді. Көпірдің арғы жағы даңғыл, бергі беті көше болды. Оның тағы бір сыры бар. Бұрынғы Карл Маркс көшесімен жоғары өрлесеңіз, қазіргі Қажымұқан стадионы тұрған жерге сол кездегі Ресей патшалығының бекінісіне Кенесары хан шабуыл жасаған. Бұл – тарихи ақиқат! Сөйтіп хан Кененің есімі еліміз азаттық алғаннан кейін, өзі атойлап кірген бекініс орналасқан жерге ғасырлар өткеннен кейін көше болып оралды. Одан кейін алты ауданға көне және әсем Ақкөл, Бұланды, Сандықтау, Жарқайың, Егіндікөл, Аршалы деген бұрынғы атауларын қайтардық.
Ақмола қаласында сол жылдары қазақ және орыс театры, облыстық филармония, музыкалық мектеп және бір ғана мәдениет сарайы болды. Енді осы мәдени мекемелердің деңгейін астаналық мәртебеге жеткізуді ойластырдық. Елдің бас ордасы болғандықтан опера және балет театрын құру керек болды. Оған біз бұрынғы Теміржолшылар сарайын беріп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Алматыдан бас қаланың мәдениетін көтеруге әлем әртісі, талантты скрипкашы Айман Мұсақожаева келіп, бүгінгі Қазақ ұлттық өнер университетінің іргесін қалады. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дарынды опера әншісі Кенжеғали Мыржықбайға облыстық филармонияны басқаруды тапсырдым. Бұрын филармония Жастар сарайында орналасқан еді, енді оларға жеке тұрған «Целинный» кинотеатры ғимаратын бердік. Ақмола астанаға айналғаннан кейін елордаға Алматыдан зиялы қауым өкілдері қоныс аударып, қаланың рухани өмірі де жандана түсті.
Бұл баяндап отырған мәселелердің бәрі Тұңғыш Президентіміздің жергілікті басшылыққа жүктеген тапсырмалары еді. Астананы көшіруге арнайы құрылған Мемлекеттік комиссияның ауқымды жұмысы да нәтижелі болды. Елбасы шебер ұйымдастырушы ретінде екі топтың қызметін реттеп, өзара тиімді жұмыс жасата білді.
Міне, содан бері де доптай зымырап біраз жылдар өтті. Астанаға зиялылар арасынан алғашқылардың бірі болып көшіп келген көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов ағамыз:
– Астана, сенсің заман аманаты,
Жасадың сан биікке жаңа саты.
Өзіңсің ерке Есіл аялаған,
Әлемнің сегізінші ғаламаты, – деп жырлап еді.
Тарихи өлшеммен алғанда санаулы жылдар ішінде Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстанның саяси және мәдени орталығына айналып, ел экономикасының көшбасшысы атанды. Бас қаланың осындай жетістікке жетуіне аз да болса өз үлесімді қосқанымды ел алдындағы азаматтық парызым деп білемін!

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button