Қоғам

Ардагерлер мен арулар

15 ақпан – Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылған күні. Бұл күн ҚР Үкіметінің қаулысымен еліміздегі мерекелік және атаулы күндер тізбесіне қосылған. Өткен ғасырдың 1979-1989 жылдары аралығында өз әскери ­міндетін Ауғанстанда өткерген жауынгер-нтернационалистер бүгінгі таңда ардагерлер қатарынан көрінеді.

Жастайынан оқ пен отқа шарпылған жауынгерлер үшін 15 ақпан – еске алу күні. Өйткені Ауғанстанда болған алапат соғыс­та Кеңес әскерінің 22 мыңнан аса азаматы мерт болды, оның ішінде мыңнан аса қазақстандық жігіттер де жат жерде дұшпан қолынан қаза тапты. Мыңдаған адам жарақат салдарынан мүгедек болып оралса, бірнеше адам із-түссіз жоғалып кетті.

Ауғанстан соғысына қатысқандар бүгінгі таңда еліміздегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-рухани науқандарға белсенді қатысады. Сонымен қатар жас ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиеге баулып жүргендер де осы ­жауынгер-интернационалистер. Астана қаласы бойынша 1500-ге жуық «ауғандық» ардагерлердің басын қосатын «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі жыл бойы балалар мен жастар арасында әскери-патриоттық шараларды, спорт жарыстарын ұйымдас­тырады. Соғыста қаза тапқан жауынгерлердің отбасына, ­ата-анасына қайырымдылық көмек көрсету – ұйымның алдындағы ең қасиетті міндеттің бірі.

Астана қаласындағы Соғыс ардагерлеріне арналған орталық клиникалық госпиталь оқ пен отқа шарпылған майдангерлердің денсаулығын оңалтатын бірден-бір мекеме болып отыр.

Айтулы мекемеде мемлекеттік тапсырыс аясында Ұлы Отан соғысының майдангерлері мен тыл еңбеккерлері, Ауғанстан соғысына қатысқан жауынгер-­интернационалистер, тәжік-­ауған шекарасындағы, Ирактағы және Таулы Қарабақтағы ұрыс қимылдарына қатысушылар, сондай-ақ Чернобыль апатын жоюға қатысушылар мен Семей полигонынан зардап шеккендер емделеді. Госпитальға келушілердің санатына қарай мұндағы дәрігерлер мен медбикелердің қызмет көрсетуінен ерекше бір ізгілікті аңғаруға болады. Өз кезегінде ардагер деген абыройлы атақты арқалаған азаматтар да ақ халатты абзал жандардың еңбегіне дән ризашылығын білдіріп жатады.

– Біздің госпитальда ардагерлер емделетін болғандықтан, оларға біз тек қана дәрігерлік тұрғыдан қарап қана қоймаймыз. Әркімнің сырқатына қарай көңіл күйін табуға тырысамыз. Өйткені соғыс көрген, түрлі ауыр техногенді апатты басынан кешкен адамдардың жан дүние­сі де зардап шегетінін білеміз, түсінеміз. Осында ауырып келіп, ем-домын алған соң жадырап шығып бара жатқанын көргенде кәдімгідей қуанып қаламыз. Бұл пациенттерге деген ұжымдық көзқарасымыз десем де болады, – дейді тәжірибелі дәрігер-­невропатолог Бағдат Құспанов.

Бүгінгі таңда госпиталь бір мезгілде 104 адамды емге қабылдайды. Сондай-ақ 10 адамға күндізгі емдеуге келуге мүмкіндік жасалған. Соңғы жылдары мекеменің медициналық қондыр­ғылары мен жабдықтары едәуір жаңарған. Қазіргі заманғы УДЗ, лор-комбайн, эндоскопия және басқа аппараттар іске қосылған. Емдеу шаралары бойынша кар­диолог, офтальмолог, эндокринолог, хирург, невропатолог, гинеколог, стоматолог, дерматолог, психиатр, диагностика, емдеу-дене шынықтыру мамандары кешенді түрде қызмет көрсетеді.

Госпиталь директорының міндетін атқарушы Серік Шахманов әрбір дәрігердің біліктілігін арттыруды үнемі назарда ұстайды. Дәрігерлердің жұмысын үйлестіруде емханалық-диагностикалық бөлім меңгерушісі Қарлығаш Омарова, емдеу бөлімдерінің меңгерушілері Айгүл Жүнісова, Жанат Байкенова, Айгүл Құспанова, дәрігерлер Бағдат Құспанов, Руслан Бекенов, Ботагөз Дәулетбекова, Динара Жүнісова, Гуля Шакаримова, Жанаргүл Кішкене және Еділ Жұлдыз – өз ісінің білікті мамандары. Күні бойы науқастардың ем-домын жасап, қай кезде де емделушінің жанынан табылатын Ольга Семенова, Айкүміс Ибраева, Шайзат Қалиева, Алмагүл Нұртаева, Жадырасын Есенғазина, Ардақ Тоқсанбаева және басқалары да ардагерлер алғысына кенеліп жүрген медбикелер.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button