Қоғам

Ардагерлер өнері – сайлаушылар назарында

Өздерінің бос уақытын өнерге арнаған Алматы ауданы ардагерлерінің қос өнер ұжымы Кенжетай Жанұзақова жетекшілік ететін «Арқа әуендері» атты халықтық ансамблі мен Үміт Дүйсенова басқаратын «Елорда» халықтық хоры жақында өнерсүйер қауымға үлкен концерт берді.

«Арқа әуендері» ансамблінің концерті Алматы ауданына қарасты «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ғимаратының залында, ал «Елорда» хорының концерті Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің концерттік залында өтті. Астана қаласының көрермендерінің көзайымына айналған бұл өнер коллективтері өздерінің осындай ұлағатты іс-шараларын алдымызда болатын Президенттік сайлауға арнады.

Бүгінгі таңда еліміз күрделі кезеңді басынан өткізіп жатқан шақта, Қазақстан халқын жарқын болашаққа жетелейтін ел Президентін таңдау науқанына араласып, өнер тілімен халықты сайлауға жұмылдыруды ардагерлер өздерінің азаматтық парызы деп есептейді. Әрдайым ардагерлер коллективтерінің қасынан табылатын Алматы аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Мұстафин Президенттікке үміткер Қасым-­Жомарт ­Тоқаевтың сенімді өкілі ретінде концертті тамашалауға келген жұртшылықты сайлауға белсенді қатысуға шақырды. Ол өз сөзінде: – «Сайлау додасына түскен әрбір үміткер өзін Президентке лайықпын деп есептейді. Ол – заңды да, бірақ Президент саясаткер, әлемдік саяси экономикалық құбылыстардан пайдалы шешімдерді шығара алатын, ел экономикасын қарыштап дамытып, әлеуметтік саланың тұрақтануына жол аша алатын, жастарымыздың жан-жақты өркендеуіне жағдай жасай алатын тұлға болуы қажет.

Тілек өнерді өздерінің хоббиіне айналдырған ардагерлердің нақышына салып орындап жатқан ән әуені мен күмбірлеген домбыра үнімен жалғасын тапты. Халықтық атағы бар екі коллективке өнер десе ішкен асын жерге қоятын егде жасты еңсерген ақсақалдар мен әжелер топтасыпты. Өздері режиссер, өздері дирижер болып, сахна төрінде еркін қалықтаған қарттарымыздың тамылжыта салған әндері, музыкалық аспаптармен құйқылжыта төккен күйлері залда отыр­ған халықты бір серпілтіп тастады.

«Арқа әуендері» ансамблінің жетекшісі Кенжетай Ерғалиқызы: – «Құрылғанымызға тоғыз жыл болған ұжымызға келіп қосылғандар көп, бүгінгі таңда санымыз 23-ке жетіп отыр. Бәрі – өнерлі, бірі – әнші, бірі – күйші. Репертуарымызда 50-ге тарта халық әндері мен қазақ композиторларының туындылары бар. Бір-бірімізге көмекші болып, ән орындау мәнерін, сахналық мәдениетті бойымызға сіңіріп жатқан жайымыз бар» деп ағынан жарылды. Концерт бойы иығынан сырнайы (баяны) түспеген, ретіне қарай домбырамен күйлерді төгілткен Теміреш Кереев ақсақал бүкіл нөмірлердің сүйемелдеушісі болды. Батыс Қазақстаннан көшіп келген, сол жақта музыкалық училище және университетін тәмамдаған өнер тарланы, қартайған шақта сол өнерін жалғас­тырып жатқан жайы екен.

«Елорда» халықтық хорына топтасқан ардагерлер де Астанаға еліміздің түкпір-түккірінен көшіп келген, өнерді өзінің өмірлік ұстанымы деп білген абзал жандар екен. Екі түрлі сахналық костюмдерді өз қаражаттарына тігіп алған әжелер мен аталар сахна төріне жарқырай шықты. Осындай мәнді де, сәнді концертті ұйымдастырып, халық алдына шығару – үлкен еңбектің жемісі. Бұл тұста хорға жетекшілік етуді өз мойнына алған Үміт ­Әлібекқызына айтар алғысымыз шексіз. Ал бүкіл концерттік бағдарламаны тыңғылықты дайындап, сахнаға әдемілеп шығара білу – көркемдік жетекшінің үлесі. Бұл жұмысты  ҚР Мәдениет саласының үздігі Жекен Тебіреков бар ынта-жігерімен орындап шықты. Сахна мәдениетінің бір қыры – концертті жүргізу. Бұл тұста Үміт Хаметоваға айтар алғысымыз мол.

Манап ӘДІРЕШЕВ,      

Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button