Рухани жаңғыру

Арыстар ардақталған жыл

Доңыз – жыл қайырудың соңғысы. Қазақ доңызды пәле-жаласы көп десе де, тарихымызда бұл жыл жайлы, тыныш болған. Биыл елімізде біраз өзгеріс орын алды. Оны да жақсылыққа жорыдық. Дәл осы жылы қазақтың ғасырда сирек туар айбоз азаматтары дүние есігін ашыпты. Жыл бойы солардың қал-қадерінше тойлары атап өтілді. Ең бастысы, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында есік қағып тұрған алдағы тышқан жылы – әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен хакім Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойы және Алтын Орданың 750 жылдығын мемлекеттік деңгейде тойланады дегені ұлт рухын бір көтерді.Алдымен халқымыз «үш бәйтерек» деп қадір тұтқан Сәкен, Ілияс, Бейімбетке тоқталайық. Кейде тағдырға таңғаласыз. Осы үш арыстың өмір жолы да, тағдыры да бір арнада тоғысты. Сәкен – дауылпаз ақын ғана емес, мемлекет және қоғам қайраткері. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында біраз лауазымды қызмет атқарды. Ол қандай қызметке барса да, ең алдымен халықтың мүддесін жоғары қоя білді. Ұлтымыздың байыр­ғы атауын қайтаруға, ана тіліміздің шын мәнінде мемлекеттік тілге айналуына күш салды. Әдебиет пен өнерге де жанашыр болды. Қоғамдық қызметпен бірге шығармашылықты қатар алып жүрді. Қаламгер «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи-мемуарлық романы арқылы өзі өмір сүрген қоғамның шындығын бүкпесіз бейнеледі. Суреткердің көркемдікке толы поэмалары мен өлеңдері қазақ әдебиетінің алтын қазынасына айналды. Сәкен Сейфуллиннің өмірінде бас қаланың алар орны үлкен. 1917 жылы Ақмолаға көшіп келіп, осында «Жас қазақ» деген саяси және әлеуметтік-мәдени қоғам құрды, «Тіршілік» газетін шығаруға атсалысты. Бүгінде ақынның ізі қалған шаһарда Сәкен атындағы музей жұмыс істейді. Небәрі 44 жыл ғұмыр кешіп, артына өшпестей мол мұра қалдырған азаматтың 125 жылдық тойы – туған жері Жаңаарқада басталып, еліміздің әр өңірінде жалғасты.
Сәкеннің түйдей құрдасы Ілияс Жансүгіров – қазақ әдебиетіне құбылыс болып келген ақын. Алғашқы өлеңдері Семейден шығып тұрған «Сарыарқа» газетінде жарияланған. Содан бастап Жансүгіров есімі қаламы қуатты, терең ойлы, дарынды ақын ретінде танылды. Прозалық, драматургиялық шығармаларын айт­пағанда «Күй», «Күйші», «Құлагер» атты классикалық поэмалар жазды. Оның шығармаларын әдебиет сыншылары ойға – қанат, сезімге – нәр беретін мәңгі жас поэзия деп бағалады. Сөйтіп, жыр жүйрігі Абайдан кейінгі дәуірдің аса көрнекті ақынына айналды. Алайда жыр бәйгесінде жұлдызы жанып, халықтың ықыласына бөленген кемел шағында талантты тұлға жазықсыз жаланың құрбанына айналып кете барды. Ақынның мерейтойы туған жерінде дүркіреп тойланды. Бүгінде Талдықорған қаласындағы Жетісу мемлекеттік университетіне оның есімі берілген. Сол шаһарда ақынның әдеби-мемориалдық мұражайы бар.
Қазақ қара сөзіне ат қосқан қаламгерлердің бәрі де «Би-аға» деп аузынан тастамай, тәңіріндей табынып отыратын Бейімбет атамыздың 125 жылдығы туған жерінде атап өтілді.
Тобылдың торы даласында өмірге келіп, жасынан жетімдіктің қасіретін тартқан өрен әуелі Троицктегі Уәзифа, Уфадағы Ғалия медресесінде білім алып, кейін Қостанайдағы орыс-қазақ мектебінде оқиды. Сөйтіп жүріп алғашқы өлеңдері мен әңгімелерін жаза бастап, олар «Ауыл» газеті мен «Айқап, «Садақ» журналдарында жарық көрді.
Бейімбет – әдебиеттің барлық жанрында өнімді еңбек еткен қаламгер. Алайда оның таланты прозада айрықша жарқырап көрінді. Әсіресе, бір деммен құйылып түскендей жазылған «Шұғаның белгісі» атты хикаятын ерекше айтсақ дейміз. Бұл шығарманы қазіргі жастар да қызығып оқиды. Қазақ әдебиетінің жауһары деп айтуға болады. Майлиннің журналистикаға да сіңірген еңбегі мол. Бейімбет атамыз аз ғұмырында он беске тарта повесть пен «Азамат Азаматович» деген роман жазды, «Қызыл жалау», «Қоңсылар» атты романдары аяқталмай қалды.
Шыны керек, бұған дейін осыншама мұра қалдырған жазушының есімі өз дәрежесінде дәріптелген жоқ. Туған жерінде мұражайы да болмады. Биылғы бір қуаныш – Қостанай облысындағы Таран ауданы Мемлекет басшысының Жарлығымен Бейімбет Майлин ауданы атанып, көрнекті сөз зергерінің рухы бір серпілді.
Осы алыптардың 125 жылдық мерейтойының қорытындысы ретінде Тәуелсіздік күні қарсаңында елордадағы қаламгерлер аллеясынан «үш бәйтерекке» ескерткіш қойылды.
Шын мәнінде, 1894 жыл қазаққа құт болып енген жыл болды. Дәл осы жылы алаштың ардақты азаматтары – Сұлтанбек Қожанов, Телжан Шонанұлы, Асылбек Сейітов, Хайретдин Болғанбайұлы, Тұрар Рысқұлов өмірге келген. Биыл бұл тұлғалардың да 125 жылдығы шама-шарқынша атап өтілді.
Сондай-ақ Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әмина Өмірзақованың ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланды.
Биыл ұлы даланың талантты перзенті, заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлының туғанына 80 жыл толды. Осыған орай суреткердің туған жері Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында Әбіш Кекілбайұлының мұражайы мен еңселі ескерткіші ашылып, оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Сондай-ақ қабырғалы қаламгерге Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан көше берілді. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың сексен жылдық тойы туған жері – Атырауда басталып, Алатау мен Арқада жалғасын тапты. Аяулы тұлғаға Алматы мен бас шаһардан көше беріліп, ақын есімі ардақталды.
Сонымен бірге әдебиетіміздің көзі тірі классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов пен тіл саласының білгірі, академик Рабиға Сыздықова 95 жасқа, қазақтың бұлбұлы атанған күміс көмей әнші Бибігүл Төлегенова 90 жасқа келіп, ел-жұртының ортасында мерейтойларын атап өтті. Мұның сыртында ұлт руханияты мен мәдениетінің дамуына еңбек сіңірген қаншама тұлғалардың есімдері айтылмай қалды. Шағын мақаламызға оның бәрін сыйғызу мүмкін болмады. Жақсының есімі – жұрт жадынан шықпайды сенеміз.
Міне, тағы да бір жыл арамыздан жылыстап барады. Алдағы жылдан күтеріміз мол. Бастысы, елдің құты саналған тұлғаларымыз аман болсын!

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button