Жаңалықтар

Astana Club: Еуразияның басты 10 сын-қатері жарияланды

Кеше Нұр-Сұлтан қаласында Astana Club V мәжілісі жұмысын бастады. Бірінші күнгі сессияны ҚР Парламенті Сенатының спикері Дариға Назарбаева ашты. «Еуразия-2020: басты 10 сын-қатер» тәуекелдер рейтингісінің екінші басылымы таныстырылды. Бұл деректі басылымды зерттеу жұмысына ірі БАҚ пен халықаралық инс­титуттар және мемлекет көшбасшылары пікіріне құлақ асатын 40-қа жуық сарапшы мен саясаткер­лер қатысқан. Бұдан бө­лек, 70 елден 1100-ден аса кәсіби мамандар сауалнамаға тартылған.

 Негізгі мәліметтер бойынша, бас­ты сын-қатерлер қатарына сауда соғысы, зымыран-ядролық жарысы, жаңа технологиялар саласында басып озу күрестері көрсетілген. Әлемнің жетекші державасы АҚШ-тың саяси дамуындағы белгісіздік бүкіл Еуразия үшін елеулі сын-қатерге айналуы мүмкін. Жаһандық экономикалық құлдырау дамушы елдерге экономикалық тұрғыдан әсер етуі айтылады. Мәселен, АҚШ пен Қытай текетіресінің ушығуы былтырғы рейтингте де көш бастаған еді. Бұл мәселе 2020 жылы да өзекті болып қала беретіні болжанады.
Терроризмнің жаңа толқыны ДАИШ-тың талқандалғанына қарамастан, террористік топтар дамуын тоқтатпай, әрекет ету ауқымын кеңейтуде. Бұл да қауіп-қатердің ошағы бола бермек.
Климаттың өзгеруінен туындайтын ауқымды мәселелер де Еуразияны айналып өтпейді. Ірі державалар арасындағы кикілжіңдер мен келіспеушіліктер 2020 жылы климаттың өзгеруіне қарсы күресті түбегейлі тоқтату қаупін тудырып отыр. Бұл басқа мемлекеттердің ұлттық мүддені желеу еткен өзімшілдік саясатын жүргізуін жеңілдетеді деп те айтылып отыр.
Аstana Club мәжілісі бүгін де жалғасады. «Назарбаев Орталығында» әлемнің жетекші дип­ломаттары мен саясаткерлерінің және сарапшыларының басын біріктірген мерейлі бесінші отырысының тақырыбы «Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтастықтың жаңа құрылымы жолында» деп аталады. Кезекті басқосуға әлемнің 23 мемлекетінен халықаралық сарапшылар ретінде мойындалған 50-ден аса халықаралық спикер қатысуда. Құрметті меймандардың қатарында 3 бұрынғы мемлекет басшысы, 5 экс-премьер-министр, 10 министр және 1 Нобель сыйлығының лауреаты бар.
«Астана клубы» отырыстарының бір бөлігі «Chatham house» ережелеріне сәйкес өтеді. Бұл талқылаудың жабық сипатта өтуін сақтайды және Еуразия мен әлемнің ең өзекті мәселелерінің өткір әрі ашық талқылануына мүмкіндік береді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button