Қала мен Сала

Астаналық пошта: болашаққа қадам

Ешқандай қызметкері жоқ, бірақ тұтынушыларға роботтар қызмет ететін пошта бөлімшесіне бардыңыз ба? Интернет-дүкенге тапсырыс берген киіміңізді алдын ала онлайн киіп көргіңіз келе ме? Бұл жуық арада мүмкін емес деп ойлайсыз ба? Алайда Астанада мұндай қызмет түрін көрсететін пошта бөлімшелері өз жұмысын бастап та кетті.

Роботтандырылған кеңсе 

– Қуаныш, мен сәлемдеме жіберуім керек. Ол үшін не істейін?
– Сәлемдемені алу және жіберу үшін «Почтаматтың» 6 зонасына өткеніңіз жөн. Сәлемдеме жіберетін кезде көрсетілген сызыққа алушының индексін, мекенжайы туралы мәліметтерді жазыңыз.
«ЕХРО» аумағында орналасқан пош­та бөлімшесінде робот Қуанышпен арадағы әңгіме осылай өрбіді. Бұл жай бөлімше емес. Тұрғындарға жаңа форматта қызмет көрсететін жерде алдағы уақытта қызметкерлер жұмыс істемейді. Тұтынушыларға роботтар кеңес береді. Егер қосымша кеңес керек болған жағдайда компьютердің көмегімен видеобайланыс жасай аласыз немесе гибридті банкомат арқылы «Қазпоштаның» колл-орталығына хабарласуға болады.
«Қазпошта» АҚ робопост-кеңсесінің жетекші маманы Арайлым Бегалина бөлімшенің ішін аралатып, тұтынушыларға қандай заманауи қызмет көрсетілетінін таныс­тырып шықты.
– Гибридті банкомат деп аталуы стандартты қызмет көрсетуден бөлек қосымша қызмет түрлерін де атқара алады. Мәселен, робот Қуаныш арқылы төлем картасын алуға өтініш бересіз, ал гибридті банкомат оны шығарып береді. Бұл атаулы карта – KAZPOST/AliExpress. Аталмыш төлем картасы әлемге әйгілі AliExpress дүкенінен тауар алғанда және әрбір саудаңызға 1,5 пайыз кешбэк жинауға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді.

Гибридті банкомат жеке куәлігіңізді сканерлейді. Алдағы уақытта ЖСН термей-ақ айыппұлдарыңызды тексеріп, бюджетке төленетін салықтарды да төлеуге болады. Сонымен қатар, сау­сақ іздері арқылы банкоматтан ақша шешудің жолдары қарастырылуда.
– Егер сіздің төлем картаңыз биометриялық деректеріңізбен сәйкестендірілсе, картаны алып жүрудің қажеті жоқ. Бар болғаны бас бармағыңызды құрылғыға қойсаңыз, қажет сомаңыз­ды шешіп алуға болады, – дейді офис маманы.
Гибридті банкомат арқылы кез келген картаға ақша салуға, алуға, аударуға болады әрі «Қазпоштаның» барлық қызмет түрлерін пайдалануға ыңғайлы. Ол үшін post.kz сайтындағы жеке кабинетке кіріп, адамның бет-әлпетін тану қызметі арқылы ешқандай логин, құпиясөз термей-ақ қалаған қызметті аласыз. Ондағы камера түріңізді танып, кіруге мүмкіндік береді.
Бөлімшеде интернет-дүкенге тапсырыс берген киіміңізді онлайн киіп көруге болады. Егер ұнамаса ауыстыруға, басқа үлгідегі киімдерді таңдап, киіп те көруге болады.

Сәлемдеме супермаркеті

 «Қазпоштаның» жаңа форматының бірі – Сәлемдеме супермаркеті. Супермаркет – ыңғайлы сервис. Онда клиенттер кезекке тұрмайды және өзіне тиімді уақытта сәлемдемесін алып кете алады. Ол үшін сәлемдеме супермаркетінде белгіленген, арнайы терминалға сәлемдеменің трек нөмірін немесе ұялы телефонның нөмірін енгізу қажет. Бұл терминал жүйеде сұраныс болған сәлемдемені тауып, сөресі, қатары, ұяшықтары көрсетілген талон береді. Клиент өздігінен залға кіріп, көрсетілген ұяшықтан өзіне керек сәлемдемені алады. Шыға берісте тұрған операторға мәліметтерді тексеру үшін және үстеме төлемақысын төлеу қажеттілігін анықтау үшін жеке куәлігін көрсетеді. Ал сәлемдеме жіберу үшін клиент гофротараны (тараны, орамдарды) ҚР бойынша жеткізу үшін құны ескерілген бағамен және трек нөмірі берілген түрінде алады. Арнайы бөлінген орында өз сәлемдемесін орап-түйіп болғаннан кейін терминалға «Жіберу» кнопкасын басады, жапсырылған штрихкодты сканерлейді. Ең соңында терминал берген талонды алады. Онда Қазақстан бойынша сәлемдеменің жүру жолын бақылап отыратын трек нөмір көрсетіледі.
Астана қаласының тұрғындары осы қызмет түрін кеңінен пайдаланады. Сәлемдеме супермаркеті арқылы күніне 10500 сәлемдеме қабылданып, 1000-1500-ға жуығы жөнелтіледі. Бүгінде елордада жаңа форматтағы 9 сәлемдеме супермаркеті қызмет көрсетеді.

Пайдалы почтамат

Роботтандырылған кеңседе почтамат орналасқан. Автоматтандырылған бұл терминал арқылы сәлемдеме қабылдап әрі жолдауға болады. Қазіргі уақытта Астанада «Қазпоштаның» 21 почтаматы бар. Күн сайын 500-ге жуық сәлемдеме беріледі. Мұндай терминалдар халық көп шоғырланған қоғамдық орындарға, ойын-сауық орталықтарына, сауда үйлеріне қойылған. Күні-түні жұмыс істейтін почтаматтар тұрғындар үшін өте ыңғайлы. Қалаған уақытында қызметін пайдалана береді.
Сәлемдемені алу да – оңай. Почтаматтың экранына телефон нөміріңді теріп, смс арқылы келген сәлемдеме кодын енгізсеңіз болғаны. Ал сәлемдеме жіберу үшін банктік карточка арқылы немесе қолма-қол сәлемдеменің ақшасын төлесеңіз жеткілікті.

Пошта тарихынан

 Астаналық пошта қызметінің тарихы әріде жатыр. Дәстүрлі форматтан жаңа форматқа көшу жолы ұзақ уақытты қажет етті.
Қалалық поштаның ғимараты 1966 жылы қаланған. Тұрғындарға әлі күнге дейін осында қызмет көрсетеді.
1998 жылы Астана қаласында 19 пошта бөлімшесі болса, 2018 жылы 21 бөлімшесі халыққа қызмет етуде. Пошта қызметкерлерінің саны 44 адамнан 89 адамға көбейген.
20 жыл бұрын тек пошта қызметін көрсетсе, қазіргі уақытта қаржылық және агенттік қызметтерді ұсынады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button