Басты ақпаратЖаңалықтарҚала тіршілігі

АСТАНАНЫҢ АҚЫЛДЫ АДЫМДАРЫ

Астана қаласы ғаламшардағы «ТОП – 21» ақылды қалалар тізіміне енді. Әлемдегі қалалардың даму бағдарын үнемі бақылап, қорытынды жасайтын АҚШ-тағы интеллектуалдық қауымдастық форумның бағасы – бұл. Енді елорда келесі жылдан бастап «ТОП-7» ақылды қалалардың қатарына енуге ұмтылмақ. Бұл туралы кеше «Астана Innovations» АҚ ұйымдастыруымен өткен «Smart Astana 2014» IV конференциясы аясында айтылды. Алқалы жиынға ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімов және Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков қатысып, сөз сөйледі.

Қалаларды дамыту –  бірінші кезекте

Елордада 2011 жылдан бері қолға алынған «Смарт Астана» жобасы қала тіршілігін қамтамасыз ететін жүйелерді заманауи технологиялармен жабдықтау, тұр­ғындардың қауіпсіздігін, жайлы өмірін қамтамасыз етуімен ерекшеленіп келеді. Бас қаланың бет-бейнесін нағыз астаналық деңгейге жеткізу, сол арқылы әлемдегі үздік мегаполистердің біріне қосылуды ниет еткен тың жобалар алаңы биыл да жаңа бастамаларға, ұсыныс-пікірлерге толы болды. Конференцияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Астананы жер шарындағы үздік шаһарлардың біріне айналдыру елорда қалыптасқалы Елбасы қойып отырған басты талап екенін атап өтті.

–  Бүгінгі таңда әлемде қалаларды дамыту мәселесі алдыңғы қатарда тұр. Айталық, ХІХ ғасыр империя ғасыры болды. Ол кезеңде империя бүкіл ғаламшардың даму бағдарын айқындады. Ал  ХХ ғасыр  ұлттық мемлекет ғасырына айналды. Бұл кезеңде ұлттық мемлекеттің дамуы бірінші кезекте еді. Енді ХХІ ғасыр, өзіміз көріп отырғандай, қа­лалар дәуірі болып отыр. Яғни, әлем шаһарлары бір-бірімен жарысуда. Осынау көштен Астана да қалмай, бәсекеге қабілетті болуға ұмтылып отыр, – деді Премьер-министр.

Іргелі жобалар

Қала әкімі Әділбек Жақсыбеков Астана әлемнің интеллектуалды, инновациялық қалаларының бі­ріне айналатынына сенім білдірді. Әкімнің айтуынша, жас елорданың бұған мүмкіндігі көп. Әрі осыған байланысты көптеген кешенді ша­ралар қолға алынып, қажетті ресурстар да қалыптасқан. Әділбек Жақсыбеков Астананы инновациялық бағытта дамыту мақсатында екі іргелі жоба жүзеге асырылып жатқанын атап көрсетті. «Бұл жобалар қала тіршілігіне заманауи реңк беруді көздейді. Ең бастысы, елордаға енгізіліп жат­қан тың жобалар әр тұрғынға қол­жетімді болады, олардың өмір  сүру жайлылығын қамтамасыз етеді» деді Әділбек Рыскелдіұлы.

Қолға алынған жобалардың бірі – интеллектуалдық көліктік жүйе. Оның мақсаты – қаланың тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері мен құ­рылымдарының  жұмысын тиімді үйлестірудің заманауи тетігін құру, қоғамдық тәртіпті сақтаудың тиімді шараларын ұйымдастыру және төтенше жағдайлар кезінде шұғыл шешім қабылдау.  Бүгінде бұл жүйе қаланың 6 көшесінде енгізілген.

Екінші іргелі жоба «Қауіпсіз қала» деп аталады. Осы жобаның аясында Астана көшелерінде 1 мыңнан астам бейнекамера, 10-нан астам «ақылды бағдаршам» орнатылған.  Әкімнің айтуынша, бұл жоба көлік кептелісін азайтуға ықпал еткен.

Сондай-ақ, Әділбек Рыскелдіұлы Астана қаласы ғаламшардағы «ТОП – 21» ақылды қалалардың тізіміне енгеніне тоқталып, бұл рейтингте  Канаданың  Торонто қаласы  бірінші орында екенін жеткізді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астананы әлемдік деңгейдегі барлық талаптарға сай келетін ақылды қала ретінде дамытуды тапсырғанын еске алған әкім Астана келешекте бұл тізімдегі алғашқы орындарды Торонто қаласымен бөлісуге үмітті екендігіне сенім білдірді.

Бұдан кейін қала әкімі мектеп оқушылары арасында өткен «Smart Astana балалары» атты сайыстың жеңімпаздарын марапаттады.

Тұрғындарға тиімді жүйе

Конференция барысында  «Smart Astana» – дамудың келешегі мен бет­алысы», «Қауіпсіз Астана», «ЭКСПО-2017» – тиімді инновациялық инфрақұрылым және «Астана – жоғары технологиялар қаласы» атты төрт тақырып талқыланды. Жиынға алыс-жақын шетелдерден ат арытқан қонақтар инновациялық технологиялар мен «Ақылды қала» жобалары жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды. Испанияның Сарагоса қаласы мэрінің орынбасары Джеронимо Бласко 2008 жылы өз елдерінде өткен «ЭКСПО» көрмесі жөнінде әңгімеледі. Испанияда өткен халықаралық шараға 5 миллионнан астам адам қатысқан екен. Мәртебелі мейман ЭКСПО көрмесі өз елдеріне толағай табыс әкелгенін жеткізді. «Әрине, әлемдік ірі шара болғандықтан кем­шіліктеріміз де болды. Астана біз жіберген қателіктерді қайталамас үшін тәжірибемізбен бөлісуге дайын­быз. Көрме барысында, әсі­ресе, павильондарға айрықша назар аударуды ұсынар едік. Шара аяқ­талғаннан кейін бұл павильондар кәдеге жарайтын кешенге айналуы тиіс. Осы мәселені қазірден ойлас­тыру қажет» деді ол.

Бұдан кейін «Pricewaterhouse Coopers» кеңестік-аудиторлық желілер консалтингі басқармасының басшысы Рахуль Гупта әлемдегі «ақылды қалаларды» дамыту қа­ғидаттары жөнінде айтты.

Ал «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасы Талғат Әшім «Ақылды Астана» бойынша елордада атқарылған шараларға кеңі­нен тоқталды. Оның айтуынша, «Ақылды Астана» жобасы шең­берінде қолға алынған жұмыстар алдымен тұрғындарға тиімді. Мысалы, жоба аясында алғашында №54,64 мектептерде сынақтан өткен «Болашақтың мектебі» ата-аналарға балалары туралы қажетті ақпаратты алуға,  мектепке қашан кіріп-шыққанын білуге мүмкіндік берді.  Бүгінде бұл жоба 17 мектепті қамтыған. Бұл – 38 мың оқушы деген сөз.

Сондай-ақ, «Ақылды Астана» аясында қолданысқа енген   «Е-жедел жәрдем» жобасы меди­циналық көліктерді заманауи ақпараттық-навигациялық кешендермен жабдықтап қана қоймай, жедел жәрдем қызметінің уақытын үнемдеп,  шақырған жерге жеткізетін қысқа жолды анықтап беруге жол ашты. Тағы бір жоба – «Open Wi-Fi» елорда жұртшылығы мен қонақтарын тегін интернет желісімен қамтыған болатын.

Әлемдегі «ақылды қалалардың» даму моделімен инновациялық бо­лашаққа қадам басқан Астана келешекте де жаңашылдық бағытындағы жобаларды көбейте түсетін болады.

 

СҮБЕЛІ СӨЗ

Әділбек Жақсыбеков, Астана қаласының әкімі:

Қолға алынған мұндай шаралар, әсіресе, 2017 жылы өтетін ЭКСПО көрмесінің қарсаңында маңызды болып тұр.
Осы жаһандық шараның тақырыбы  «Болашақтың энергия­сы» екені белгілі. Оның
үш бағыты ақылды Астананың адымдарын айшықтай түспек. Бірінші,  «Astana green city» –  энергетикалық тиімділікті қалыптастыру саласындағы мәселелерді шешудің жолдарын қарастырса, екінші, «Astana mobility» қаланың көлік  және логистика саласын дамытуды көздейді. Ал үшінші бағыт –  «Welcome to Astana» қызмет көрсетудің сапасын арттырып, жайлы өмір сүрудің жаңа тетіктеріне жол ашпақ.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button