БілімМәдениет

Ауыл баласы Голливудқа қалай тап болды?

Әлемді кино арқылы жаулау оңай. Сондықтан да шығар, қазіргі жастар корейлік дорамалар мен Netflix компаниясы шығаратын әр сериалдың жаңа маусымын тағатсыздана күтіп, тоқтаусыз пікірлеседі. Кезінде ата-аналарымыздың үнді киносының жанкүйері болғанындай, бүгінгі жасөспірімдер де корейлік кинолардың табынушысына айналып кеткен. Соңғы кезде қазақ киносының айы да оңынан туғандай. Әлемдік фестивальдардан жүлде алған небір туындыларды көріп марқайып қаласың. Біз бүгін қарапайым қазақ ауылынан шығып, Нью-Йорк киноөнері академиясының магистранты атанған Айдие АЙДАРБЕКОВ жайлы айтпақпыз.

[smartslider3 slider=694]

Шығармашылығын кітап жазудан бастап, сценарий жазумен сабақтаған Айдие Айдарбеков қазіргі уақытта бағын кино саласында сынап жүр. Күні кеше кішкентай ауылдан шыққан программист жігіт, бұл күнде киноиндустрияның жүрегі орналасқан «HOLLYWOOD» төбешігінде тұрып, Нью-Йорк кино өнері академиясында «Кино. Режиссура. Телевизия» мамандығы бойынша магистратурада білім алды. Оның ең үлкен арманы – бүкіл әлем қызығатын сапалы қазақстандық кино түсіру. «Мен Нұр-Сұлтанға оқуға түскенге дейін Ақмола облысындағы Жақсы ауылынан ешқайда шықпаған қарапайым ауыл баласы едім. Ата-анам да қарапайым еңбек адамдары. Кішкентай кезімнен фантастикалық әңгімелер оқығанды жақсы көремін. Сондықтан да шығар, әрқашан жаһандық деңгейде армандайтынмын. Шынымды айтсам, ешқашан Голливуд туралы ойлап көрмеппін. Дегенмен, өмірімнің екі жылы АҚШ-та, Лос-Анджелесте өтті. Тіпті маған біреу «Елорда көшелеріндегі баннерлерде суретің ілініп тұрады» десе, сенбес едім. Бірақ білімге деген құштарлығым мені осындай белестерге шығарды» деп есіне алды балалық шағын Айдие Айдарбеков.

Бірінші IT саласын меңгерген

Кейіпкеріміз шығармашылық адамы екенін түйсіне тұра, ата-анасының қалауымен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Компьютерлік жүйелер және кәсіби білім» факультетіне түсіп, бакалавр, одан кейін магистратураны аяқтап, техникалық ғылымдар магистрі атанған. Тіпті өз мамандығы бойынша бірнеше жыл қазақстандық және шетелдік ірі компанияларда еңбек еткен. Айдие Айдарбековтен заман сұранысына сай IT саласынан не себепті кеткенін де сұрадық. «Иә, менің техника және технология магистрі деген дипломым бар. Яғни, бір-біріне қарама-қайшы екі жоғары білімім бар, бірі – гуманитарлық режиссура, екіншісі – техникалық  бағдарламалау. Менің ойымша, бұл мамандықтар тек 5 жылдан кейін ғана емес, 50 жылдан кейін де сұранысқа ие болады. Бұл мамандықтар бірнеше маңызды дағдыларға үйретеді, режиссурада мысалы, «storytelling» – хикаяны айту, ал бағдарламалауда – «алгоритм­деу» міндеттерді шешу үшін қадамдар тізбегі сияқты ұғым бар. Маған көптеген салалар қызықты болды, бірақ киноның орны бөлек. Дегенмен, кейін аталған мамандықтарға қайта оралуға болады» дейді ол.

Айдие түсірілім алаңында Голливудтің ең атақты актерлері Джонни Депп, Форест Уитакер және Джеймс Франкомен бірге жүріпті. Алғашында әлемге әйгілі актерлерді танымай қалғанын да жасырмады. «NYFA-ға дейін менің киноиндустриядан еш хабарым болмады. Негізінен, өз-өзімді тәрбиелеумен айналысып, интернеттегі мақалаларды, кино туралы әдебиеттерді оқыдым, көптеген фильмдер мен телешоуларды көрдім. Осыдан кейін қолыма камера алып өзім түсіре бастадым. Бала кезімнен мені фильмдер тек көркемдік жағынан ғана емес, техникалық жағынан да қызықтыратын. «Кино қалай түсіріледі, сахна сыртында не болып жатыр?..» деп елеңдеп отыратынмын. Мен Голливудтағы Нью-Йорк кино өнер академиясына «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында түстім. Ол жерде жүріп әртүрлі шетелдік жобаларға қатысып, тәжірибе жинақтадым. Оқумен қатар Голливудта түсіріліп жатқан «Жұлдызды жол», «Скорпион», «Фильмдер уақыты», «Киллердің күзетшісі», «Джон Уик» сынды кинолардың қақ ортасында жүріп, мықты мамандардан кеңес алдым. Менің алғашқы голливудтық жобам – Disaster Artist фильмі. Аталмыш картина Оскарға ұсынылып, көптеген марапаттарға ие болдым, соның ішінде беделді Golden Globe сыйлығы да бар. Айтпақшы, Джонни Депппен бірге бір фильмнің түсіріліміне қатыстық. Бастапқыда оларды тани алмадым. Тіпті Форест Уитакер екеуміз ауа райы туралы, күнделікті тірлік жөнінде әңгімелестік. Өзім секілді эпизодтағы актер деп ойладым. Режиссер оның атын атап шақырғанда бір-ақ білдім. Голливудта әрбір екінші адам – сценарист, әрбір үшінші адам – актер, әрбір төртінші адам – режиссер. Кино халықтың үлкен тобына жұмыс береді. Голливуд және Силикон алқабы орналасқан Калифорнияның тек бір штаты ғана бірнеше елдің табысын әкеледі» дейді жас режиссер.

[smartslider3 slider=695]

Қазақ киносының жанкүйері

Шығармашылыққа келуі фентези жанрында «Спуститься с небес» кітабын жазумен басталған. Алайда кино деп соққан жүрегі оны арманынан адастырмады. «Шынболат» және «А вам это знакомо» сериалдарының режиссер-сценарисі, қазақ-британдық «Флаги над Берлином» фильмінің сценарисі, продюсердің ассистенті, қазақ-үнді «VAISAKHAM» фильмінің қазақстандық тарапынан желілік продюсері болды. Айдие қазақстандық киноның дамуы жайлы былай дейді:

– Қазақ киносының жанкүйерімін. Еліміздегі жаңа кинолардың барлығын көріп, бағалаймын. Шетелден озбасақ та, маман ретінде көштен қалмағанымызды айтқым келеді. Кино саласындағы жаңалықтарды да назардан тыс қалдырмаймын. Мен де болашақта қазақ кино өнеркәсібін жасаушылардың бірімін. Сондықтан бір кино жарыққа шықса, елден бұрын көруді парызым деп санаймын. Осыдан жиырма жыл бұрын жылына бір-екі фильм жарыққа шықса, қазір бір жылда оншақты фильмнің тұсауы кесіледі. Барлығы бірдей сапалы емес. Кейде өзімнің түсірген авторлық фильм­деріме көңілім толмай қалады.

«Ермек батырды» Америка мойындаған

Айдие кинодан бөлек, комикс және анимация жанрында да еңбек етіп жүр. Оның «Ермек батыр» туындысы – Америка нарығына шыққан тұңғыш қазақша өнім. «Комикс жанры АҚШ-та өткен ғасырдың 50-жылдары қарқынды дамыды. Қазақстанда енді дамып келеді. «Ермек батыр» – комикс жанрындағы алғашқы туындым. Мен Мәдібек Мұсабеков пен Бекзат Мырзахметов негізін қалаған қазақстандық «Tengri Comics» комикс баспасының тең иесімін. Біз комикстерімізді АҚШ нарығында белсенді түрде насихаттап келеміз. Тіпті краудфандинг платформасында «Ермек батыр» комиксіміз 15,000$ қаржыландыруды тартты. Үш ай бойы келісімнің соңында жүріп, ақыры шығардық. Рейтингіміз жаман емес. Америкалық көрерменнің көңілінен шықты. Tengri Comics командасының ендігі жобасы – тарихи тұлғаларымыз туралы да комикс жанрында заманауи картина жасау. «Ермек батырды» толықметрлі анимациялық фильмге айналдыру жоспарда бар. АҚШ аудиториясы үшін біздің комикстер – сюжетімен, кейіпкерімен тың дүние.

Иә, жігітке жеті өнер де аз. Айдие бала күнінен домбыра шертеді, музыканы да меңгерген. Журналистикадан да хабары бар. Өзі – компьютердің тілін білетін бесаспап бағдарламашы, әрі режиссер, сценарист. Сонымен қатар, Айдиенің кітап жазатынын мақала басында айтқанбыз. «Осы кезге дейін 3 кітабым жарық көріпті. Олар «Спуститься с небес», « Мое море, твое небо», және «Романтика».

Кейіпкеріміз Голливудта меңгерген тәжірибесін елге келгеннен кейін жүзеге асыруға білек сыбана кірісіп кетіпті. Айдиеден сұхбат алуды ұзақ күттік. Бір күні Алматыда, келесі күні Ақтөбеде жүреді. Қандай жобалармен айналысып жатқанын, алда қандай жоспарлары бар екенін өзінен сұрадық. «Болашаққа жоспар көп. Бәрін жүзеге асырғым келеді. Келесі ірі жобам құпия. Айта алмаймын. Голливуд жұлдыздарының қатысуымен түсіріліп жатқан халықаралық жоба әлі аяқталмады. Қазір мен америкалық өндіріс орталықтарының бірімен түсірілім туралы келіссөздер жүргізіп жатырмын. Лос-Анджелесте екі жыл бекер оқыған жоқпын ғой, мен онда көптеген адамдармен таныстым. Ал бүгінде жұмыс істеп жатқан көркем фильм – чемпионымыз Илья Ильин туралы. Кино «Жеңістің құны» деп аталады. Илья Нұр-Сұлтанда, мен Алматыда болсақ та, жобаны егжей-тегжейлі жоспарладық. Фильм чемпионның спорттық карьерасы жайлы емес. Спортшының жеке эмоциялары, отбасылық құндылықтары мен үлкен спорттағы қиындықтары жайлы» деді жас режиссер.

Айдие әлемдік кино әлеміне Қазақстанды таныту үшін қолынан келгеннің бәрін істеуге дайын. Ол қазірдің өзінде елімізде түсірілген сериалдар мен фильмдерді Netflix және Amazon сияқты шетелдік ірі платформаларға жариялауға тырысып жүр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button