Талайғы тарихТаным

Мен әлі ақталған жоқпын

Мен Қазығұрт ауданының Жаңабазар деген жерінде дүниеге келдім. Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматыдағы эстрада-цирк өнері колледжінде студент едім. 17 желтоқсан күні сабаққа келсек, «Қонаевты қызметінен алып, орнына Колбинді қойды» деп жұрт шулап жатыр екен. Сабақты тастадық та, алаңға тарттық. Біз кетіп бара жатқанда, Роза Бағланова «Орыс халқы қазаққа жақсылық жасамаса, жамандық жасаған жоқ. Біз қойдан басқа не көрдік?!» деген сыңайда ақылын айтты. Бірақ оған ешкім тоқтаған жоқ, алқынып алаңға жеттік. Келдік те, ұрандатып тұрған жұртқа қосылдық. Түн ортасында жатақханамызға қайтып, ертеңінде сабақты тастап алаңға тағы бардық.

[smartslider3 slider=696]

Ол күні де жиналғандар қараңғы үйіріліп, түн болғанша тарқаған жоқ. Әлден уақытта солдаттар бізге лап қойды. Қорқақтау едім, сарт етіп сойыл тигенде, есім шығып кетті. Достарымнан да көз жазып қалдым. Жығылып жатқан жерімнен бір жігіт тұрғызып, жатақханаға әкеп тастады. Ертеңінде мұғалімдер оқушыларды қысқы демалысқа ертерек жіберетінін хабарлап, бізді пойызға салып, ауылға қайтарды. Шымкентке барсам, КГБ-ның адамдары күтіп тұр екен, күнде сұрақ-жауап. Не орысша білмеймін. Содан не керек, оқудан шығарамыз деп жатқанда, Люция Қажығалиқызы араға түсіп, оқудан шығармай алып қалды. Кейін өнерді де тастап, жеке кәсіппен айналысып кеттім. Бірақ желтоқсанның қорқынышы маған қатты әсер етті. 30 жыл бойы қорқып жүрдім, «мен желтоқсанда алаңға шықтым» деп аузыма алған емеспін.

Кейін Торғай облысының азаматымен бас құрдым. Жан бағу үшін базарда тұрып сауда істедім. Мөлшері 1996 жылы ғой деймін, бір күні қызанақ салған қағаз қораптың ішіне төсеген «Дат» деген газетте менің фотом тұр. Алып оқысам, «Бұл адам қайда? Өлі ме, тірі ме?» деген мазмұнда іздеу салыпты. Шынын айтайын, менің желтоқсаннан кейін үнсіз кеткенім сонша, елімізде әр жылы желтоқсанда мені құрбандар қатарына жатқызып, алаңда тұрған видеомды көрсетеді. Бірақ мен ізденген жоқпын, тіпті желтоқсан туралы айтқан да емес едім. Тек соңғы жылдары ғана ашыққа шықтым. Әлі ақталғаным жоқ. Құжаттарым сотта жатыр.

Қазір қорқынышты күндердің бәрі артта қалды. Тәуелсіз елміз. Бірақ желтоқсанның сұмдығы ешуақытта естен кетпейді.

Мейрамгүл БЕКЖАНОВА

(қазіргі тегі Исқақова)

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button