Басты ақпарат

АВТОРЫНАН АЙНЫМАЙТЫН АСТАНА

01-05,07,06

Бүгін – ежелгі Есіл жұртқа елорда келіп қонған күн.
Тәуелсіз Қазақстан 1997 жылдың 10 желтоқсанында өз астанасын жер ұйығы Жетісудың өрінен сайын Сарыарқаның төріне көшірді.

Бұл ұлт тарихындағы ұмытыл­мастай таңбаланған дәрежелі дата­лардың бірі болуға тиіс.
Алаш баласының абыройын асқақтатқан Астана аңызы қалай басталғанын қайталап айтудың артықтығы жоқ шығар.
Ендеше, ептеп еске түсірейік.
«Қазақ әдебиеті» газетінде менің Қазақ мемлекеттік университетінде бірге оқыған курстасым Досымхан Қапасовтың Ақмоланы қазақтың кіндік қаласына айналдыру қажет­тігі жайында мәселе көтерген көлемді мақаласы жарық көргенде қалың көпшіліктің сыңар езулеп күлгендей сыңайда қабылдағаны жасырын сыр емес. Демократия демеуімен, жариялылық желеуімен желіккендер не демей жатқан кез еді ол. Желдің қай жақтан соғып тұрғанын аңғармаған аңқау басымыз мұны әлгі әріптесіміздің аяқ астынан Америка ашқандай орынсыз ой-ұсынысына балап қоя салғанбыз.
Көп кешікпей көңілдегі күдік өмірдегі шындыққа айнала бастады.
Мәселенің мәнісін Парламент талқылағанда бір-ақ білдік. Сөйтсек, алғашында алуан пікір тудырған, артынан амалсыз мойындалған осынау орасан бағалы идеяның нағыз иесі – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев екен.
01-25-11Жаңаға қашанда жатырқай қа­рай­­тын әлеумет әу баста әртүрлі әң­гімелерді гулетті.
– Егемендіктің елең-алаңында экономикасы құлдыраған елде кем-кетігін бүтіндер басқа шаруа құрып қалғандай…
– Арудай сыланған Алматыны жазда масасы, қыста ақырған аязы буатын Ақмолаға айырбас­тап…
– Айға шапқан арыстандай… Досқа күл­­­­кі, дұшпанға таба болма­сақ жарар еді…
Ал, енді Ресейдің кейбір керауыз ақпарат құралдары атасының құны кеткендей кекетіп-мұқатқан кездерде ауыл арасындағы айтыс-тартыстардан тартынып, сырттан сынаушыларға қарсы біріге қалатынымызды қайтерсің.
Намысын қайраған Назарбаев алған бетінен қайтпады. Алла абырой беріп, бастаған ісін баянды етті. Ойдағы арманы орындалды. Дүние жүзіне қазақтың қайсар халық екенін дәлелдеді.
Астана авторынан аумайды.
Алар асуы биік.
Абырой-даңқы аспандап тұр.
Бес құрлыққа белгілі беделі бар.
Айналасына татулық аурасын таратады.
Бейбітшіліктің іргетасын бе­кемдейді.
Амбициясы Алатаудай.
Ен жаһандағы ең жас елорда екеніне қарамастан айналасына арғы-бергінің бәрін білетін ақ сақал­ды абыздың ақылын айтады.
ЕҚЫҰ-ның саммитін, Азияның қысқы ойындарын, тағысын тағы
талай халықаралық алқалы жиындарды атқарып тастады.
Енді ЭКСПО-ның көрмесін өткізбек.
Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатына қатысты салиқалы шешім­дердің барлығы осында қабыл­данады.
Өркениет үрдісімен өркендеген еліміздің өзге өңірлеріне үлгі-өнеге көрсетеді.
Өйткені, ол – Отанымыздың бас­ты ордасы.
Елбасы ерлігі мен өрлігінің анық­тама сұрамас айғағы.
Астана – әдемі, таза, қауіпсіз, ақыл­ды, сол себепті адамның тұрғы­сы келетін қала.
Мейірбан жандар мекені.
Ендеше, ертеңі нұрлы елордам­ның еңсесі ертегі батырларындай биік­тей берсін!

Талғат БАТЫРХАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button