Имантаразы

Ауызашар дұғасы

Дұғаның қабыл болатын кейбір сәттері болады. Соның бірі – ауыз­ашар уақыты. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мына үш кісінің дұғасы қабыл: ораза ұстаған кісінің ауызашар сәтіндегі дұғасы, әділ имамның және жәбірленуші кісінің дұғасы» деген.

Ауызашарда мына дұғаны оқу – сүннет:

«Иә, Алла! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Өзің берген ризықпен ауыз аштым. Саған иман келтіріп, саған тәуекел еттім. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Сен менің өткен және келер күнәларымды кешіре гөр!».

Ауызашар берудің сауабынан құр қалмаңыз

Ораза ұстағандарға ауыз­ашар берудің сауабы мол, әрі ол мұсылман баласына тән қонақ күту ғұрпы болып табылады. Алла Елшісі: «Ораза ұстаған кісіге Ауыз аштырғанға ораза ұстаған кісінің сауабындай сауап жазылады. Бұдан ораза ұстаған кісінің сауабы кемімейді» дейді.

Аузы берік адамға бір құрма немесе зәйтүн тәрізді азық беру де ауыз аштырудың сауабына кенелтеді. Әсілі, ауызашарды беруді үлкен игілікті іс деп білген жөн. Хадистерде ауызашарға келген кісі дастарқан басына отырған кезде үй иесіне періштелердің дұға ететіні айтылған. Бір хадисте былай делінген: «Қияметте Алла Тағала кей адамдардан: «Маған неге тамақ жегізбедің?» деп сұрайды. Әлгі адам: «Сен барлық әлемдердің иесісің ғой, мен саған қалайша тамақ бермекпін?» дейді. Сонда Алла Тағала: «Қарны ашып келген досыңа тамақ бермедің. Егер оған тамақ бергеніңде маған тамақ жегізгендей сауап алар едің» дейді. Сонымен қатар жұмақта майда тілділерге, басқаларға тамақ жегізгендерге және ел тегіс шырт ұйқыда жатқанда тұрып намаз оқығандар үшін арнайы берілетін керемет сарайлардың болатындығы да риуаяттарда кездеседі.

Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Саад ибн Убаданың жанына келгенде, ол Пайғамбарға бір тілім нан мен зәйтүн ұсынды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ауыз тиіп болып: «Дастарқаныңыздан ораза ұстағандар дәм татсын. Астарыңызды ізгі кісілер жеп, періштелер Сіздерге дұға етсін» деді.

Жора-жолдастарға дастарқан жайып, тамақ берудің артықшылығы жайлы хазірет Әли (р.а.): «Достарға жегізген бір нан пақырларға берген бес наннан артық. Достармен бірге тамақ жеу құл азат еткеннен сауапты» деген екен.

(Ә.Дербісәлінің «Рамазан нұр шашқан ай» кітабынан ықшамдалып алынды).

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button