Қоғам

Еліне адал қызмет атқарған азамат

Адам баласы ес білгеннен бастап зейнетке жеткенге дейін әртүрлі өмір белестерінен өтеді. Халқымызда мынадай сөз бар ғой: көрешегіңді көрмей өлмейсің деген. Өмір жолында неше түрлі қиыншылықтарды, қуаныштарды ыңғайсыздықтарды бастан кешіресің. Зейнетке шыққаннан кейін осылардың бәрін есіңе алып, еліме, халқыма, отбасыма, балаларыма, туыстарыма, жора-жолдастарыма қандай жақсылық жасадым деп ой елегінен өткізесің. Сондай күйде бір кездері менің кейіпкерім Аманжол Нұрмұхамбетұлы Жазин болған шығар деп ойлаймын.

Ол кісінің өмірбаянын қарап отырсаң елу жылға тарта еңбек жолында еліне, халқына адал еңбек еткендігі тайға таңба басқандай көрініп тұр. Он төрт жасында мамандық алу үшін теміржол көлігі техникумына оқуға түседі. Оны төрт жылда бітіріп, Ерейментау локомотив депосында тепловоз машинисінің көмекшісі болып еңбек жолын бастайды. Содан кейін училищеде мастер, ұстаз қызметтерін атқарады. Әрі қарай энергетика саласына жұмысқа ауысып, инженер, бас инженер, шеф-инженер лауазымдарында жұмыс атқарады. Кеңестік дәуірде коммунистік партия кадрлар дайындауға жіті қарайтын. Дайындықтан өткен, білімді, басқару қызметіне ыңғайы бар жастарды комсомол, партия жұмыстарына шақыратын.

– Бұрынғы қызметімде жалақым өте жақсы болса да, одан жалақысы әжептәуір төмен Целиноград қалалық партия комитетіне нұсқаушы болып ауыстым. Одан кейін менің қабілетімді байқады-ау деймін, мені облыстық партия комитетінің өндірістік-көлік бөлім меңгерушісінің орынбасарлығына қызметке шақырды, – деп еске алады Аманжол Нұрмұхамбетұлы. Біздің аяулы ағамыз Қасым Аппасұлы Тәукенов Атбасарға бірінші хатшы болып барғаннан кейін өндіріс-құрылыс саласын жүргізетін хатшы іздейді. Таңдау Аманжол Жазинге түседі.

– Мен онда барғаныма өкінбеймін, мені Қасекең қызметті ұтымды жүргізудің әртүрлі жолдарын үйретті. Ол кісіден басқарудың, халықпен жұмыс істеудің қыр-сырын үйрендім. Мен ол кісіге өте ризамын және қарыздармын, – деп еске алады менің кейіпкерім. Бұл ауданда жемісті үш жыл қызмет атқарғаннан кейін ­Әужекеңді Астрахан аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне ауыстыруға облыстық партия комитеті шешім қабылдайды. Бұдан он бес жыл бұрын осы ауданда осы қызметті әкесі Нұрмұхамбет ­Жазин атқарып кетіпті. Астрахандықтар әкесін қатты сыйлап құрмет тұтқан. Оның айғағы – аудан орталығында ол кісінің атында көше және мемориал тақта орнатылыпты. Бұл ағамыз екі мәрте Ленин орденімен марапатталып, осынша рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. Нұрекең Хрущевтің солақай саясатының бірі жекеменшік малды ұстауды күрт төмендету керек екендігін шешкен кезде оған қарсы болып, аудан тұрғындарының малдарына тиіскізбейді. Сол үшін бюрода қатаң сөгіс алады. Әкесінің орнына баруға қорқақтайды. Обком шешті, артқа жол жоқ. «Әкеден ұл тумай ма, әке жолын қумай ма» деген қағиданы басшылыққа алып, бұл жұмысқа да кірісіп кетеді.

Бұдан кейінгі қызметтерінің айшықтысы – Теңіз ауданының бірінші хатшысы. Аудан қой шаруашылығына бейімделген. Сол кезде Л.И.Брежнев Қазақстанда болып, сіздер қойдың санын елу миллионға жеткізуге мүмкіншіліктерің бар деген болатын. Осы тапсырма орындалмаса да, қой санын арттыру мақсаты тұрды. Аудан жабылғаннан кейін бұл ауданның жерін Қарағанды облысының Нұра ауданына берді. Менің кейіпкерімнің сөзі бойынша қарағандылықтар жақсы қарсы алыпты. Қойшыларға не керек бәрімен қамтамасыз етіп отырыпты. Қарағанды қаласында Д.А.Қонаевтың қатысуымен өткен жиналыста ­Аманжол Жазин сөйлеп, Коркин бастаған басшыларға ризашылығын білдіріпті. Ауылы аралас, қойлары қоралас болған ұзақ жылдар Қорғалжынға қайтадан неге бермеді деген сұрағыма Әужекең Н.В.Морозов бұл ауданнан құтылуға тырысып, Шұбаркөлді сылтау етіп Қарағандыға өткізуге барлық әдісті қолданды деп жауап берді. Содан кейін Ақмола облысының экономика басқармасы бастығының орынбасары, тәртіптік кеңесі төрағасы, облыстық мәслихат хатшысы қызметтерін атқарды. 2007 жылы төртінші шақырылған Мәжіліске депутат болып сайланады. Аманжол Нұрмұхамбетұлы қай қызметте болса да, еліне адал қызмет етуге тырысады. Соның белгісі болар, «Құрмет» орденінің және бірнеше медальдар, мақтау граматоларының иегері болуы. Менің кейіпкерім бүгінгі Президентіміз Қ.-Ж.Тоқаев туралы жылы лебіздерін білдірді. Ол кісі Сенат төрағасы болып тұрғанда Республика күнімен құттықтау жіберіп, бір кітабын сыйға тартыпты.

Бір ақсақал айтыпты ғой: тоқсанға келем деген жасым ба, быламық ішем деген асым ба деп. Сол кісі айтпақшы, Аманжол Нұрмұхамбетұлына сексеннің сеңгіріне шығыңыз, тоқсанның быламығын ішіңіз, жүзге қарай қадам басыңыз демекпін.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының және Астана қалалық Ардагерлер кеңесі

медиатобының мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button