Қоғам

Ажары ақ сәулемен жарқыраған

Осыдан тура 20 жыл бұрын еліміздің астанасы Ақмолаға көшірілетінін естігенде, облыс тұрғындары ерекше қуанды. Мен сол тұста Ақмола облысындағы аудандық мәслихаттың хатшысы болып қызмет атқардым. Елорданы көшіруге қатысты тарихи оқиғаларға куәгері болдым.

Әсіресе, 1997 жылдың желтоқсан айы дәл кешегідей көз алдымда. Сол кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің Ақмолаға көшірілу салтанатына қатыстық.
Ал 1998 жылдың 6 мамырында Елбасының Жарлығымен Ақмола қаласына Астана есімі берілді. Біз қаламыздың мәртебесінің өсуімен бірге өмірімізде де жаңа белестерге жол ашылатынын іштей сездік. Соған қуандық. Жүрегімізді мақтаныш сезімі кернеді. Бірақ ендігі жерде өзіміздің жай ғана қала тұрғыны емес, елордалық екенімізді ұмытпай, жұмысымызға жүктелген зор жауапкершілікті сезініп, астаналық мәртебеге сай болу керектігін бір сәтке де естен шығармадық.
Ол кезде қала тым кішкентай болатын. Президент өзінің аппаратымен облыстық әкімдік ғимаратына, ал Парламент бұрынғы жобалау институтына келіп орналасты. Ал министрліктер болса, облыстық мекемелер отырған тар бөлмелерге жайғасты. Міне, Астана тарихы осылай басталған болатын.
Арада 20 жыл уақыт өтті. Сол кезде дүниеге келген сәби бүгінде 20 жасқа толып, оқу оқып, бір мамандықтың тізгінін ұстайтындай азамат болып отыр. Қала келешегіне адал еңбегімен өз үлесін қосып, еңбек ететін жасқа жетті. Әрине, Астананы бүгін жастар да, олардың әке-шешелері де жақсы көреді, «балам – астаналық» деп мақтанышпен айтады.
Астана 20 жылда адам танымастай өзгерді. Есілдің сол жағалауында көрсең көз тоймайтын әсем шаһар бой көтерді. Көз алдымызда көркейіп келе жатқан тамаша тұрғын үй кешендері, еңселі әкімшілік ғимараттар, гүлзарлар мен фонтандар, әсем монументтер мен сәулет ескерткіштерін көрген адам тамсанбай, таңдай қақпай қалмайды.
Бүгінде төрткүл дүниеге танылған Еуразия кеңістігіндегі ғажайып Астана – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төл туындысы. Ажары ақ сәулемен жарқыраған, назары күн нұрындай сарқылмаған, алтын күмбезді Астанамыздың әр даңғылы гүл ашып, баянды болашаққа бастап келеді. Айбарымен Алаштың арқасын қоздырып тұрған Астанамыз жарқырай берсін демекпін!

Зура ЖАҚИЯНОВА
Астана қаласы Әділет
департаментінің маманы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button