Басты ақпаратЖаңалықтар

Баға: Арзаны бар ма, қымбаты қайда?

Елордада азық-түлік өнімдерінің бағасына қатысты кезекті талдау халық жиі баратын «Small», «5 минут» және «Анвар» сауда үйлерінде жүргізілді. Дүкен сөрелеріндегі азық-түліктің тек әлеуметтік маңызы бар түрлерін ғана таңдадық.

KBB_0291

Астана қаласының әкімдігі елордадағы азық-түліктің бағасына күнделікті мониторинг жүргізуде. Соңғы зерттеуге сүйенсек, қырыққабат, картоп, сәбіз, пияз, қызылша және қанттың бағалары аздап қымбаттаған. Әкімдік жанынан құрылған жұмыс тобының жедел штабы бағаны бақылауға алып, не себепті қымбаттағанын анықтайтын болады.

Сонымен, кезекті зерттеуге көшсек. Алдымен «Small» супермаркетіне бас сұқтық. Мұнда келіп-кетіп жатқан халықтың қарасы көп. Әсіресе, көкөніс сататын бөлімде таразыға өлшеу үшін кезекте тұрғандар жетіп артылады. Ондағы баға кәдімгідей қымбат көрінді. Қырыққабат, сәбіз, қызылша, сиыр етінің бағасы «Анвар» мен «5 минут» дүкендерімен салыстырғанда 15-20 теңгеге қымбат. Есесіне, шай, жұмыртқа және картоптың бағасы арзан екен.

«Шынымды айтсам, қазір барлық нәрсе қымбаттап жатыр. Күнделікті тұтынатын тағам болған соң, қымбат екеніне көз жұма қараймыз.  Байқауымша, дүкенде қант 290 теңгеге дейін көтерілді. Өтімді тауар болған соң ба, сатылымға қаппен шығарылуда. Оның үстіне қазір тосап қайнату маусымы. Мен 25 келілік құмшекерді үйге алып кетпекшімін», – дейді осы дүкеннің тұтынушысы Жанат Баймырзаева.

Одан кейін 9-шағын аудандағы «5 минут» сауда үйіне жолымыз түсті.  Мұнда келушілердің саны өте аз. Сондықтан болар, азық-түлік бағасына үңіліп жүргені­мізді бақылау камерасы арқылы көрген күзет қызметкері тез арада кетуімізді сұрады. Тіпті, бағаларға мониторинг жасауға болмайтынын айтты. Соған қарамастан, қойын дәптерімізге қажетті азық-түлік бағасын түртіп алдық. Сонымен, мұнда сиыр етінің бағасы 1250, 1590 және 1999 теңгеден сатылуда. Бірінші санаттағы  жұмыртқаның бағасы 319-419 теңге аралығында. Көпшілікті алаңдатқан қанттың бағасы 299 теңгеге белгіленген.

Өткен жолы қаланың базарларына барғанда ондағы сатушылармен емін-еркін әңгімелескенбіз. Ал, мұндай сауда орындарында тұрғындардың пікірін ғана тыңдауға мүмкіндігіміз болды.

«Қанттың бағасы қымбаттаған күні-ақ, қала билігінің жедел шешім қабылдағаны қуантады. Арнайы жұмыс тобын құрып, барлық баға бақылауда болатынын түсіндіруде. Менің ойымша, әкімдік бұдан былай базар, сауда үйі әкімшілігімен емес, тауар жеткізушілердің өзімен тікелей қарым-қатынас орнатқан жөн. Сол кезде ғана жеткізушілер тұрақты бағамен ұсынатын болады. Егер оларға бақылау болмаса, кез келген сәтті шикізаттың қымбаттағанын айтып, бағаны көтеріп жіберуі мүмкін», – дейді өзін Дархан Құралбек деп таныстырған азамат.

Қаланың сол жағалауында орын тепкен «Анвар» сауда үйінде азық-түліктің бағасы әлдеқайда арзан болып шықты. Картоп, пияз, күріш, күнбағыс майының бағасы 12-60 теңге аралығында арзан сатылуда. Азық-түлік түрлеріне таңдау көп, баға да қолжетімді.

Дегенмен, әр сауда үйінің өз тұтыну­шылары болады. Тұрғындардың көбі бағаның арзан-қымбат екеніне мән бермес­тен, үйінің жанындағы сауда үйлерінен алғанды тәуір көреді. «Үнемі осы  супермаркетке келемін. Қаланың ішіндегі басқа дүкендерге қарағанда арзан көрінеді. Нан, макарон өнімдеріне кейде жеңілдіктер болады» дейді астаналық Жәмила Байтанова.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button